Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі
Мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуіне негізделген реформалар Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асуда. Бұл еліміздің рухани жаңару аясындағы маңызды бөлігі болып табылады.
Бағдарламалық мақалада Елбасы алдағы жылдары қолға алу қажет бірнеше жобаны атап көрсетті. Олардың қатарында қазақ тілін кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшіру жұмыстары да бар.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ алфавитін қалыптастыруға, шынайы тарихқа қол жеткізуге, сондай-ақ ғаламдық ақпараттар ағынына ілесуге жол ашады. Сонымен қатар өзге тілді меңгеруге қолайлы жағдай туғызары анық.
Әлемдегі қазіргі ақпараттың көбі латын жазуымен беріледі. Іс жүзінде IT-индустриясы техникалық шешімдерді және бағдарламаларды латын тілінде жүргізеді. Осы орайда айта кету керек қазіргі таңда гаджеттің тілін әбден меңгерген жастар латын әліпбиін қолдайды. Себебі олар күніге осы әліпби арқылы жұмыс жасап, бір-бірімен байланыс орнатып та жүр.
Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіру заман талабы екені сөзсіз. Ғалымдардың пікірінше, латын әліпбиі қолданысқа енсе, шетелдіктердің қазақ тілін меңгеруіне мүмкіндік молаятын болады. Сонымен қатар әліпбиді үйрену арқылы қазақтардың да өзге тілді үйренуі жеңілдей түспек. Оған қоса, қазақ тілін латынға көшіру арқылы бүкіл әлемдегі қазақтың ықпалдасуына, ұлттық құндылықтармен сусындауына қол жеткізе аламыз.
Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің мәртебесін көтерері анық. Бұл қазақ тілінің жаңа белесі, көкжиегі іспетті.
Динара МАХАНОВА