Қызылордада "Мерейлі отбасы" байқауының жеңімпаздары марапатталды
Байқаудың бас жүлдесін Шиелі ауданының Қиянбековтер отбасы жеңіп, оларға республикалық кезеңге жолдама табысталды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, байқау ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өткізіліп келеді.
«Мерейлі отбасы - бұл береке-бірлігі, тәлім-тәрбиесі қалыптасқан қағидасы мен асыл қасиеттері арқылы өзгеге өнеге боларлық шағын мемлекет. Сондықтан, өнегелі отбасыларды дәріптеу - парыз. 2019 жылдың есепті мерзімі бойынша шаңырақ көтерген отбасылар саны 1700-ді құрайды. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артып отыр»,- деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, биыл байқау алтыншы мәрте ұйымдастырылды, осы уақыт ішінде байқауға қатысуға 1500-нан аса отбасы өтінім білдірді. Биыл байқауға облыстың барлық өңірінен 372 отбасы қатысты.
Бүгін байқаудың аймақтық кезеңін марапаттау рәсімі өтті. Бас жүлде мен республикалық кезеңге жолдама Шиелі ауданының Қиянбековтер отбасына табыс етілді. Бірінші орынды мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар - Байденовтар отбасы (Шиелі ауданы), екінші орынды механизаторлар - Қарынбаевтар әулеті (Жаңақорған ауданы), ал үшінші орынды Қармақшы ауданының тұрғындары Арифовтар жанұясы иеленді.
Сонымен қатар, отбасылар төмендегідей номинациялар бойынша марапатталды:
«Өнегелі отбасы» номинациясы - Әбдіжаппаровтар отбасы, Шиелі ауданы.
«Зиялы отбасы» номинациясы - Жаназаровтар отбасы, Қызылорда қаласы.
«Рухты отбасы» номинациясы - Төрехановтар отбасы, Арал ауданы.
«Ұлағатты отбасы» номинациясы - Есқараевтар әулеті, Сырдария ауданы.
«Ынтымақты отбасы» номинациясы - Сабырхановтар әулеті, Жаңақорған ауданы.
«Парасатты отбасы» - Сәменовтар отбасы, Жалағаш ауданы.
Былтырғы байқау жеңімпаздары – Ишанқұловтар отбасы байқаудың республикалық кезеңінің дипломанты атанған болатын. Шарада Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Барлық жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара концерттік бағдарламаға ұласты.