Қала мектептерінде соңғы қоңырау соғылды
Бүгін Қызылорда қаласының барлық білім ордаларында кезекті оқу жылы аяқталып, соңғы қоңырау соғылды.
Осындай қуанышты күні қала әкімі Н.Нәлібаев шаһардағы М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінің бітіруші түлектерін «Соңғы қоңырау» күнімен құттықтап, ыстық лебізін білдіру үшін арнайы келді.
Қазіргі сәтте қалада 1 мың 725 түлек үлкен, жаңа өмірге жолдама алуда. Олардың ішінде, 1 мың 315 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынамақ. Оның 120-сы «Алтын белгіге», 101-і «Үздік аттестатқа» үміткер.
Халықаралық және Республикалық жоғарғы оқу орындарының өткізген олимпиадалар қорытындысы негізінде 92 бітіруші грант иеленіп отыр.
Бұл нәтижеге қол жеткізуде ұстаздар қауымының тынымсыз еңбегі.
Қазіргі таңда кемел білім мен ғылымды басты бағдар еткен елімізде, әр азаматтың білім алып, қалыптасуына қажетті барлық жағдай жасалған.
Соның нақты көрінісі, бүгінде қала мектептерінің материалдық -техникалық базасын нығайту, білім беру сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу бағытында ауқымды жұмыстардың жасалуы.
Сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздардың және аялап өсірген ата-аналарының үмітін ақтап, Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне жас түлектердің қосар үлесі зор.