"Теңін тапса, тегін бер". Блогер қалыңмалға "ставка" қоймауды ұсынды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Халқымыздың ертеден осы күнге жеткен салты бар. Ол қалыңмал. Қызға берілген қалыңмал қыздың құны емес. Ананың ақ сүті мен әкенің қанаттыға қақтырмай мәпелеп өсіргені үшін берілетін сый-кәде. Бірақ «қалыңмалды» беру үрдісі қазір бір шама өзгерген. «Әр елдің салты басқа» деп әр облыс пен әр қаланың қыздың қалыңмалына қатысты салттары әр түрлі. Керек десеңіз, қыздың алған білімі мен лауазымына байланысты қалыңмалдың да құны жоғары болады қазір. Бұл тақырыпты көтеруіміздің себебі «Facebook» әлеуметтік желісін қолданушы Ержан Ақтан қыздың қалың малы туралы ойымен бөліскен екен.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Дәстүрдің тозғанын қайдам, бірақ біздің ниетіміздің азғаны анық. Себебі бұрынғылар қызды жат жұрттық деп айтатын. Сыңсу айтып қоштасып кетіп бара жатқан қызына қайтып келемін дегенді ойыңа алма, тастай батып, судай сің деп отыратын. Тұрмысқа шығар бойжеткен қыздарына оң жақтан шымылдық құрып, сонда жатқызып, сол жерден тұрмысқа беретін. Қазақ дәл солай мәйітті соңғы сапарға аттандырады. Бұл деген бізде қыз жоқ деп, қыз жат жұрттық, өз жұртына тапсырдық деп біржолата үмітін үзіп қоштасқаны. Демек қыз ата-анасыныкі емес, ата-енесінікі», - деп ойын ашық білдіріпті.
Расында, «барған жеріңе тастай батып, судай сің» деген сөзді қазіргі ата-аналар қыздарына айта ма екен? Басым бөлігі «ішке сыйған балам сыртыма да сыяды, далада жатқан қызым жоқ» деп кездескен қиындыққа шыдамауға, шаңырағының ойран болуына жол ашып беріп отырған секілді. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен бұл қазіргі қоғамның бір өзекті мәселесіне айналып отырғаны айтпаса да белгілі.
«Кезінде үйлену болғанмен ажырасу жоқ еді. Күйеуі қайтыс болған жағдайда да келіндері төркініне қайтпайтын, әмеңгерлікпен қайын ағасына немесе қайнысына қосылатын. Ал қазір ажырасу қосылғандардың 45 процентін құрайды. Ресми дерек солай деп отыр», - дейді Ержан Ақтан.
Ал, кейбір шаңырақ көтерген жастар екі жақты құдалардың бір-біріне жасалатын сый-құрметтерінің құрбаны болып кетіп жатыр. Ата-аналар екі жастың бақытын ойламай, бірінші кезекке қалыңмал, сүт ақысы, салт-жоралғыларға берілген болмашы қаржыларға көңілі толмай шу шығарып жатады.
«Қалың мал ол дәстүр дейсіздер ме, онда дәстүрдің ыңғайлысын қолданып, ыңғайсызын жоюға болмайды. Толық қолдануымыз керек. Атастырылып қалың малы төленген қыз шартты бұзып басқа біреуге тұрмысқа шықса төленген қалыңмал толығымен қайтарылған. Онда осы дәстүрді де ұстанып, жастар ажырасқан жағдайда алған қалыңмал толық қайтарылуы керек. Кезінде солай болған. Сосын ең бастысы ставканы, белгілеген сомманы тоқтатуымыз керек. Мысалы, жаназа шығарған имамның да оқыған намазына ставка қоймағаны секілді, қалыңмалдың да ставкасы болмауы керек. Өзара келісіп, ризалықтары болса болды. Қалыңмал беру шарт, бірақ ставка қойып, осыншама сомма бер деп сұрау ол ұят. Шын ұят пен сасық ұятты шатастырғанымыздың, білмегеніміздің өзі ұят. Қыз баланың кәріқыз болып отырғаны, ажырасып келгені міне бұл ұят. Жастар бақытты болса болды емес пе?!», деген желі қолданушысы ФБ-дағы парақшасында.
Осы қалыңмалдың қымбаттылығынан ислам мемлекеттерінде үйленіп, отау құра алмай қалған жастар теріс жолға түсіп кеткен.
«Бізде де ол дерт бар, несіне жасырамыз. Некенің хайырлысы яғни артығы екі жаққа салмақ салмағаны. «Тіпті теңін тапса тегін бер» дегенді де айтқан аталарымыз. Себебі бізге қабақ шытып қараған жауларымыз көп еді. Соларға сес көрсетуіміз, қорғануымыз үшін көбеюіміз аса маңызды еді. Қазір де сол. Көбеюіміз керек. Мына дархан далаға ие болып қалу үшін, және қазақ қазақ болып ұлт ретінде жойылып кетпеуіміз үшін ұрпағымыздың кемінде 50 млн-ға жетуі шарт. «Аяғына қарап асын іш, шешесіне қарап қызын ал» деген. Бұл деген өзінің ұрпағына алаңдағаннан туындаған талап. Енді сол секілді қызын тұрмысқа берерде кімге қол ұстатып жіберетініне де қатты мән берген», - дейді Ержан Ақтан.
Бұрынғылар өздерінің өсіп қалған ұлдарына ел аралап қыз іздейтін болған. Ондағы мақсаттары өсіп келе жатқан жас ұрпаққа лайықты жар іздеу, қамқорлық таныту.
«Теңін тапсаң тегін бер» деген сөз әлі күнге маңызын жойған жоқ. Болашағына алаңдап, балаларының бақытын ойлаған ата-ана қалың малдың мөлшерін айтпай, екі жақты келісім орнатады.«Жалған намысқа беріліп, жалған ұятқа салынып «қалың малын мол етіп беремін» деп жастар кредитке жүгінеді. Осылайша отбасылық өмірлерін қарызбен бастайды. Қазақ айтпайды ма «қызың бойжетсе тұрмысқа беруге асық, ал қарызың болса қайтаруға асық» деп. Қазақ барын берген, бірақ азға қанағат қылған асыл ел. Кімге болса да қиындық көрсетпеген, дізесін батырмаған, түсіністікпен қараған текті ел. Мысалы қалың малды мүлдем бермейтін және сұрамайтын облыстар бар. Қыздары біздің түсінікпен қарағанда тегін кетіп жатыр. Әйтсе де оларды бақытсыз деп, ұрпақ әкелмей жатыр, немере сүйгізбей жатыр деп айта аламыз ба? Қалыңмал жастардың бақытты болуына да болмауына да себеп болып жатыр. Олай болса ағайын дәстүр деп сасық намысқа қатып қалмай, теңін тапса қыздарымызды тегін берсек. Қалыңмалсыз қыз болса да кәдесіз қыз болмайды. Жөн-жоралғысын, ырымын жасап әрине. Себебі қызымыздың ойы бұзылмай тұрып тұрмыс құрып, сәби тербетіп, ата-енесіне, күйеуіне қызмет қылса ел тыныштығына үлес қосқаны. Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен елін тербейді. Ал елдің тыныштығы ол ұрпағымыздың болашағы», - депті сөзін қорытындылаған Ержан Ақтан.