Қызылордада соғыс ардагерлеріне мерекеге орай біржолғы көмек 500 мың теңгеге дейін ұлғайтылды
Мамыр айында облыс ардагерлері тағы 303 мың теңгеден алады. Аймақ басшылығы мереке қарсаңында осындай шешім қабылдады.
Ұлы Жеңіс күніне орай Қызылорда облысында соғыс ардагерлеріне біржолғы ақшалай көмек көлемін арттыру туралы шешім қабылданды. Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында ардагерлерге 202 мың теңгеден берілген еді.
«Облыс әкімінің бастамасымен қосымша облыстық бюджеттен 303 000 теңгеден материалдық көмек төленетін болды. Осылайша Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жалпы 505 мың теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Қосымша әлеуметтік көмек мамыр айында ардагерлердің жеке шотына толығымен аударылады. Ардагерлер қатары жылдан жылға азайып келеді, оларға қуаныш сыйлап, бүгінгі бейбіт өміріміз үшін алғыс айтқымыз келеді", - деді Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтынкүл Есқараева.
Облыс әкімі Қ. Көшербаев және басқа да митинг қатысушылары "Мәңгілік алау" мемориалына гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аймақ басшысы қызылордалықтарды мерекемен құттықтап, жауынгерлердің ерлігі ұрпақтарының жүрегінде мәңгі сақталатынын атап өтті.«Майданның барлық қиындығы мен қасіретін қайыспай көтерген, сол замандарда қайсарлық, ержүректік пен батылдық танытқан ата-бабаларымызға шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Олардың ерліктері біз үшін шынайы патриотизмнің, жоғары азаматтықтың, Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен адалдықтың үлгісі болып табылады", - деді аймақ басшысы.
Мамыр айының бірінші онкүндігі өңірде Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған: облыс бойынша көрмелер, концерттер, ардагерлермен кездесулер өтуде. 7 мамыр күні облыс орталығында Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шара және ардагерлерді салтанатты қабылдау ұйымдастырылған болатын.