Нағыз ер жігіттің ұстанымдары
Кез келген бозбала нағыз ер болуға тырысады. Ал сол "нағыз ердің" ұстанымдары қандай?
- Жауапкершілік
Егер өмір жолыңызда қате шешім қабылдасаңыз, тұра қашпай, жауапкершілікті мойныңызға алыңыз. Бұл орайда есте болуы керек басты нәрсе: кез келген адам қателесуге құқылы. Керек нәтижеге қол жеткізе алмасаңыз, жер жаһанды кінәлаумен мойныңыздағы жауапкершіліктен арыла алмайсыз. Оның орнына терең дем алып, мәселені шешудің жолын ойластырыңыз. Ал ондай жағдайдың алдын алу үшін әр басатын қадамыңызды алдын ала ойластырып, нық сенімді болғанда ғана аттап басыңыз.
- Жетекшілік қасиет
Кез келген жігітке бұл қасиет артық етпейді. Ол оған мансабында ғана емес, өмір жолында да қажетті атрибут болады. Яғни егер оның алдынан мәселе шықса, ол оны шешуден жүрексінбейді. Қиын жағдайды шешуге атсалысатын ер адам кез келген адамның көңілінен шығады.
- Мықтылық
Өзінің ашуын, ызасын билей алатын адам төбелесте жеңетін батырдан да мықты. Себебі, жақындарыңызға болсын, бөтен адамдарға болсын ашу үстінде ауыр сөздер айтсаңыз, беделіңіз төмендейді. Егер ашуымды билей алмаймын десеңіз, сол уақытта бастығыңыз телефон шалғанын елестетіңіз. Бастыққа ашуыңызды білдіртпеуіңіз керек емес пе?
- Нағыз ер
Нағыз ер қасиетіне: батылдық, байсалдылық, өзін-өзі алып жүре алу, салмақтылық, ашықтық (өтірік айтпайтын) және мейірбандылық жатады. Нағыз ер адам қиындықтарға, қауіпке төтеп бере алады.
- Сөзіне беріктік
Кез келген ару «ер адам сөзіне берік болуы керек» деген ұстанымды қолдайтыны анық. Қиын жағдайға душар болмас үшін, әр сөзіңізді саралап, таразылап қолданғаныңыз жөн. Сол кезде айтылған сөздеріңізге жауап беру де жеңіл болады. Біреуге сөз бердіңіз бе? Орындаңыз. Айнып қалдыңыз ба? Орындаңыз. Ер адамның табиғатына тән «сөзге беріктік» ұстанымының атына «кір келтірмеңіз». Сонда сізді нағыз азамат деп санай бастайды.
- Өз-өзін күту
Көптеген ару үшін «тазалық пен ұқыптылық» қасиеттері маңызды саналады. Сондықтан, құрметті жігіттер қауымы, өздеріңіздің сырт келбетіңізге назар аударуды ұмытпағайсыз. Киім, аяқ киім, шаш, қол тазалығына мән беріңіз. «Ер адамға өзін күту не керек» деген түсінік қате. Таза әрі ұқыпты көріну өзіңізді сенімді сезінуге көмектеседі. Әрі табысқа да жетелейтін басты факторлардың бірі осы.
- Этика
Қыз баланың, үлкен кісінің жанында дөрекі, боғауыз сөздер айту әдетінен арылыңыз. Көлікке кірерде нәзік жандының алдынан есік ашып, шығарда қол беріп, көмектесу; ауыр пакеттерді көтерісу; құлаған адамға тұруға жәрдемдесу сынды кішігірім іс-әрекеттерге даяр болыңыз. Біреу сөйлеп жатқанда сөзін бөлмеңіз. Мүмкін бұларды оқып, «бәрі де айдан анық қой» дерсіз. Алайда, шын мәнінде осының бәрін орындап жүрсіз бе? Мұндай қасиет сіздің мәдениетті, «джентльмен» атануыңызға себепші. Әрине қоғамда «бұзық» жігіттерді таңдайтын арулар жиі кездеседі. Дегенмен мәдениетті жігіттердің «актуалдылығы» ешқашан жоғалмайды. Мұндай жігіттер өзін сыйлайтын, бағалайтын қыздарға кездесетініне күмән жоқ. Бәрі өзіңізге байланысты. Этика нормаларымен танысу да артық етпейді.