Қызылорда қаласында «Қарақат мектеп-студиясы» ашылды (видео)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Кеше Қызылорда қаласында «Қарақат мектеп-студиясының» салтанатты ашылуы өтті. Оған қазақ эстрадасының жұлдызды жұбы, өнер мектебінің негізін қалаушылар Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина қатысты.
Өнер мектебінің ашылу рәсіміне келген қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Есжанов лебізін білдіріп, қала әкімінің арнайы құттықтауын жеткізді.
«Қарақат мектеп-студиясын» құрып, еліміздің болашағы кішкентай балғындарын ұлттық өнерге дәріптеп келеміз. Қазір Қазақстанның бес қаласында жұмыс жасап жатқан осынау орталықтың Нартай, Нұртуған сынды талай дарындарды өмірге әкелген Сыр өңірінде де ашылуы үлкен мерей. Осымен Қазақстан бойынша 6 мектебіміз бар. Қасиетті Рамазан айының алдында ашылып жатқан орталықтың қадамын жақсылыққа баладық. Болашақ ұрпағымыздың үмітімізді ақтар азамат болып өсуін қаласақ жастайынан көңіл бөліп, өнер-білімге баулуымыз керек. Мектебіміздің мақсаты да сол. Бұл өнер орталығындағы барлық баланың қадамдарына сәттілік тілеймін», - деді Қыдырәлі Болманов.
Мектеп шәкірттерінің өнерлеріне тәнті болған Қарақат Әбілдина өнер орталығының алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Облыс орталығында жұмысын бастағанына екі ай уақыт болған аталған мектеп-студияда қазір жүзден аса шәкірт тәрбиеленуде. Жергілікті ұстаздар эстрадалық вокаль, дәстүрлі ән, жетіген, домбыра, қобыз, актерлік шеберлік, фортепиано, би секілді өнер түрлері бойынша дәріс үйретеді. Қатысушылар 4-18 жас аралығында қабылданады.