Алкоголь «тұзағынан» құтылудың жолдары
Көбісі алкогольдің қаншалықты зиян екенін біле тұра, оны қолдануды тоқтата алмай келеді. Еліміз ішімдіктен бас тарту Ұлттық күнін 2007 жылдан бері кең көлемде атап өтуде. Жиі іс-шаралар ұйымдастырылып, мемлекеттік деңгейде салауатты өмір салты наисхатталып жүр. Оған қоса, жылдан жылға спирттік сусындардың бағасы өсіп жатыр. Жақында Сенат депутаты Сәуле Айтпаева 15-17 жастағы жасөспірімдердің 40%-ы алкоголь пайдаланатынын айтқан еді. Жалпы, елімізде наркологиялық есепте 130 мың адам тұрады. Өткен жылы Қазақстан ең ішкіш елдердің ішінде үздік ондықтан бір-ақ шыққан болатын. Біздің артымызда 185 мемлекет қалып қойған. Тіпті, сыраны сүйіп ішетін Германия, Италия секілді мемлекеттер қазақ рекордына «ілесе» алмай қалған сыңайлы. Он жыл бұрын Қазақстанда алкоголь суындарын өндіретін 52 кәсіпорын жұмыс жасаса, қазір олардың саны 15-ке дейін қысқарған. Бірақ, бұл көрсеткіш елдегі спирттік сусындарға тәуелділердің санын азайтуға еш көмегін тигізбей отыр.
Кез келген ішімдік ішетін адам бір күні өзінен «осым дүрыс па? бұрыс па?» деп, сұрайтыны рас. Сонымен, осы зиянды әрекеттен мүлде бас тартуға бола ма? Жай ғана «тастаймын ба? жоқ па?» деп, бір-екі минут толғанғаннан нақты бір шешім шығарамын деп ойламаңыз. Ол үшін нық қадам жасау керек. Егер ол біз ойлағандай оңай нәрсе болса, әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллион адам спирттік сусынның құлы болып жүрмес еді. Алкогольден құтылу – кез келгеннің қолынан келетін шаруа. Бұл орайда, бұрын тоқтаусыз ішіп, қазір ол бодандықтан құтылғандардың мысалын көптеп келтіруге болады.
Алкоголизм дегеніміз не?
Дәрігерлердің айтуынша, алкоголизм – спирттік сусынмен байланысты зиянды әдет және ауыр дерт. Ол тек физиологиялық тәуілділікке ұшыратып қана қоймай, психологиялық тұрғыдан да адамды басыбайлыққа салатын құдіретке ие. Алкоголизм сонымен қатар, экономикалық, әлеуметтік және жеке проблемаларға тап қылады. Ол тек тәуелді адамның ғана емес, оның отбасысын, туған-туыстарының өмірін әуре-сарсаңға салады.
Алкоголизмнің себеп-салдары
Зерттеушілер кез келген адам алкоголизмге ұшыраймын деп ойламайтынын айтады. Бұл дертті де тұқым қуалаушылық факторы айналып өтпейді екен. Адам ішкіш болып тумайды, ол келе қалыптасатын зиянды әдет. Сол сияқты әрбір осы жолға түсушінің өзіндік себебі бар: кейбірі жеке өміріндегі проблемалардың кесірінен тап болса, біреулері жақын адамын жоғалтқан соң алкогольмен «достасып» кетеді. Бір адамдар қызықты компаниямен қосылып, қолына стақан алса, біреуі жалғыздықтан шаршап шараппен «сырласады». Осы секілді бір-біріне ұқсамайтын қаншама себеп болса да, барлығының жетер жері біреу ғана – өмірінің соңына дейін жарамсыз болып қалған денсаулық, жақын туыстарымен келіспеушілік, кері кеткен мансап пен жеке өмірінің деградациясы.
Алкогольдің басты ерекшелігі
Бұл әдеттен құтылудың әдістеріне тоқталмас бұрын, алкогольдің (этильді спирт, этанол) неден тұратынын айта кетейік. Жауыңды жеңу үшін оның қыр-сырын танып, мықты тұсы мен осал жағын да қарастырған жөн.
Адамдар алкогольді есте жоқ ескі заманнан бері қолданып келеді. Басқа да наркотикалық заттар секілді, этанол адамның жүріс-тұрысы мен психикасын өзгертуге қауқарлы. Әрине, этанолды спиртті пайдалану психологиялық тосқауылдардың күл-талқанын шығарып, мәдени нұсқаулықтардан аттап, қоғамның кей пікірлеріне қарсы шығудың таптырмас құралы. Ол аз уақытқа эйфория сезімін сыйлап, көңіл-күйді көтереді. Осының кесірінен, адамдар эмоционалды күйзеліс кезінде, стрестен арылу мақсатында жиі сприттік сусындарға жүгіретін болды. Тарихты ашып қарасақ, христиан елдерінінің кейбір дәстүрлерінде оны көпшілік сипатта қолданып отырған. Зияны шаш етектен шарапты ондай жалпыелдік мейрамдарда пайдаланудың зардабын өздері де көрген болар. Алкогольдің тағы бір ерекшелігі – денеге жылулық таралғандай сезімге бөлеуі. Шын мәнісінде бұл эффект уақытша әрі алдамшы, өйткені ол ағзаның кейбір тіндеріне ғана әсер етеді. Ішімдіктің бұл қасиеті де көпшілікті өзіне «баурап» әкетті. Әсіресе, суық мезгілде адамдар жылулықты дәл осы зиянды сусыннан іздеуге көшті.
Статистикаға көз жүгіртсек, алкогольді пайдалану соңғы жүз жылдықта күрт өскен. Оны былай түсіндіруге болады: бұрынғы уақытта этанолды өндіру жетілмеген әрі мықты спиртті сусындар көпшілікке қолжетімді емес еді, ал арзандарының сапасы сын көтермейтін. Бұл адамдардың арасында акогольдің етек жаюына айтарлықтай кедергі келтірген. Оған қоса, кей мерекелерде көп көлемде спирттік ішімдіктерді пайдалану дәстүрі еніп, бірнеше халықтарда әлі күнге дейін сақталып отыр.
Одан кейін заманауи цивилизация бұл сфераға да өз әсерін тигізді. Қазіргі технология өте арзан, тап-таза, сапалы этанол өндіруге қауқарлы. Бүгінде дүние жүзіндегі 2,3 млрд адам алкоголь пайдаланады. Олардың ішінде ең көп қолданатын мемлекеттер Еуропада орналасқан (үздік үштік бұрынғы КСРО мемлекеттеріне тиесілі: Литва, Беларусь, Молдава). Соңғы деректерде әлемде жыл сайын үш миллион адам спирттік сусынның кесірінен ажал тұзағына түсетіні айтылады. Ол жалпы өлім-жітімнің 5,3 %-ын құрайды екен. Сол сияқты бұл зиянды әдеттен екі жүзге жуық ауру туады. Тіпті, ішімдік туберкулез, пневмания секілді дерттердің пайда болуына түрткі болып отыр.
Медицинада этанол басқа да спирттік сусындар секілді ағзаны улағыш зат екені айтылады. Теориялық тұрғыда этанол организмге у жаяды, ал тәжірибеде бауыр көмекке келіп, алкогольдің көп бөлігін ыдыратып, метоболитке айналдырады (алайда, оның ішінде ащетальдегид секілді зиянды токсиндер бар). Соған қарамастан, этанолды бір рет пайдалану ағзаға өте үлкен соққы береді. Оның ішінде жүйке жүйесі, жүрек, буындар, бүйрек, бауыр, асқазан және көбінесе әйелдерде репродуктивті ағза зардап шегеді. Ал үздіксіз алкогольді пайдалану: бауыр циррозы, ақыл-естің кемдігі, ми дерттері, инсульт, миокард инфаркті, асқазан жарасы мен асқазан рагына алып келуі ықтимал.
Көпшіліктің арасында, әсіресе спирттік сусындарға құмар жандар ортасында этиленді спирт инфекция мен паразиттермен күресудің таптырмас жолы деген түсінік қалыптасқан. Бұл ішке қабылдайтын пайдалы антисептік екеніне күмән келтірмейтіндер аз. Алайда, олар қанға дарыған этанолдың улағыштың қасиетінің одан әрі өрши түсетіндігін біле бермейді. Қанға сінген этанол ішкен адамға ауру қоздырғыштардан екі есе зиянын тигізіп, ағзаны одан әрі қиын жағдайда қалдырады. Онымен қоса, этанолдың психика мен жүйке жүйесіне тигізер кері ықпалы жөнінде естен шығармаған дұрыс. Көп мөлшерде алкоголь қабылдаған адам агрессивті болып, өзін ұстай алмай, айналысына қауіп алып келеді. Айтпақшы, этанолды аз мөлшерде қабылдағанның өзінде психикалық реакцияның жылдамдығы азайып, қимыл-қозғалыстың тепе-теңдігі бұзылады. Соған орай, мас адам автомобиль жүргізе алмайды, қиын әрі жауапты жұмысты атқаруға қауқарсыз болып келеді.
Этанолды жүйелі түрде пайдалану психиканың күрделі бұзылыстарына алкогольді психозға, галлюцинацияға, есте сақтау қабілетінің бұзылысына ұшыратады. Ішімдік ішушінің жүйке жүйесінде деградация болып, стреске қарсы тұрушылық қабілеті төмендейді. Осының салдарынан адам шырғалаң шеңберіне түсіп, күйзелістен құтылудың амал-айласын қайта спирттік сусыннан іздеуге көшеді. Бұл факт адамдардың алкогольден оңай бас тарта салмайтындығын түсіндіріп беретіндей.
Ең бастысы – этанолдың белгілі мөлшері өлімге апарады. Адамның дем алуы бірден тоқтап, ойламаған жерде ажал жетіп келеді.
Алкоголизм сатысы
Алкогольге тәуелділік құрылымы бірнеше кезеңдерден тұрады. Алғашқы сатысында ішуші адам спиртке тартылысының ерекше екенін білсе де, физиологиялық басыбайлыққа түсе қоймаған, әзірге абстиненттік (доғару) синдромға шалдықпаған. Барлық симптомдар екінші кезеңде пайда болады. Ал үшінші сатыда науқаста ақыл-есі мен психикалық деградация жүреді. Аз ғана мөлшерде қабылдаған алкогольден мастанып қалуы мүмкін. Өкінішке қарай, бұл сатылардың жоғарылай беруінен адам тығырыққа тіреліп, зиянды әрекеттен құтылуы қиындай түседі. Алғашқы кезеңде адам өзін тоқтатып, «жоқ» деп оңай айта алса, екінші және үшінші сатыда физиологиялық тәуелділікті артта қалдыру үшін арнайы дәрі-дәрмектерге жүгінуге тура келеді.
Ілгеріде айтқанымыздай, алғашқы сатыда доғару синдромының болмауы кесірінен, адам ішімдікті қойып кету үшін барын салып, нақты қадамдар жасамайды. Яғни, ол әлі спирттің тигізер зиянын сезініп көрген жоқ.
Әйелдер алкоголизмі
Көпшілігіміз алкоголизмге ұшырайтындар тек ер адамдар деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ, ондай сенімділіктің еш қажеті жоқ. Әрине, пайызға шаққанда әйел адамдар ерлерге қарағанда аздау екені рас. Оның себебі, нәзікжандылардың күйзеліске төтеп беруі қабілетінің мықтылығы. Ғалымдар әйелдердің алкогольден арылу процесі ер адамдарға қарағанда қиын жүретіндігін айтады.
Әйелдер ағзасының физиологиялық ерекшелігіне орай, этанол ішектерде тез сіңіп, бауырда ыдырауы нашар жүреді. Сол себепті, әйелдерге спирттік сусындардың ерлерге қарағанда зияны көп тиеді. Бірінші кезекте бұл бала туу функциясына әсер етеді. Алкогольді көп пайдалану әйелдерді бедеулікке ұшыратады. Ал сәбиді дүниеге әкелгеннің өзінде оның денсаулығында бірнеше проблемалар кезігуі мүмкін. Ондай балалардан физикалық кемшіліктен бөлек, ақыл-есінің артта қалуы байқалып жатады.
Сыра алкоголизмі
Сыра – алкогольдің жеңіл түріне жататын сусын. Сондықтан қоғам бұл спирттік сусынға жеңіл қарап, одан келер қауіп-қатерге бас ауыртып жатпайды. Әрине, сыраны сүйетіндер күштірек сусындарды жиі пайдаланатындарға қарағанда алкоголизм дертіне аз шалдығады. Алайда, олар үшін бұл зиянды әдеттен арылу екі есе қиындық тудырып жатады. Сыраның құрамында психиканы тыныштандыратын қасиетке ие құлмақ (хмель) сығындысы бар. Сол себепті, стреске түскен көпшілік бірінші қолына сыра күрішкесін ұстауға ұмтылады. Дегенмен, сыраның зияны тек акогольділігінен туындамайды. Онда, яғни көбікті сусында әйелдердің жынысты гормондарын өсіретін – фитоэстрогендер бар. Бұл сыраны сүйетін көп ер адамдардың ағзасында кері өзгерістерге алып келеді: бұлшық еттері әлсізденіп, денедегі майлар мен кеуде безі өседі. Ал ішкі ағзада эстрогендердің артуы жүрек-қан тамырларының ауруын дамытады.
Өткен жылы елімізде сыра импорты алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есеге өскен (31,8 млн литр). Яғни, бір жылда Қазақстандағы әрбір адамға (жасөспірімдерді қоса есептегенде) 7,9 литр сыра тиесілі болған. Он екі ай бұрын ол көрсеткіш 6 литрді құраған екен.
Ішуді қалай тоқтатуға болады?
Адам ауру екенін сезініп, емдік шараларын қабылдау керектігін түсінгенде ғана өз әдетінің зияндылығына көз жеткізеді. Сол кезде ол ішімдікті мүлде қойып кетуге дайын болады. Өкінішке қарай, көптеген араққұмарлар өздігінен залалды дағдысын бағалауға қауқарсыз. Олар спирттік сусынды артық мөлшерде қолданып жатқанын сезінбейді және мас кезінде айналасына қаншалықты зардабын тигізгенін саналы түрде қабылдай бермейді.
Әлбетте, оның жақындары өз беттерімен емдеуге көшіп, дәрі-дәрмектер ұсынып, психотерапиялық кеңестер жүргізгеннің өзінде араққұмар уақыт өте өз дегенін бәрібір жасап, қалыпты өмір салтына оралатын болады. Адамның ішкі шешімінсіз бірнәрсені өзгерту мүмкін емес.
Алкогольді тәуелділіктен арылам деп алдына зор мақсат қойған адамға көптеген амал-әрекеттер ұсынылады. Алайда, барлығына ортақ, бірден-ақ спирттік сусыннан үзілді-кесілді бас тартқызатын әдіс кездеспейді. Әрбір адам жеке тұлға, сол секілді олардың бұл дертке шалдығу жолдары да әр түрлі. Соған орай, қолданылатын шаралар да алуан түрлілігімен ерекшеленіп жатады. Не де болса, бұл тығырықтан шығатын жол бар! Бастысы – осы емес пе?!
Кейбір жандар ерік-жігерінің мықтылығынан алкогольді сусыннан үзілді-кесілді бас тартқан. Соның өзінде «болды, енді ешқашан спиртті сусынды татып алмаймын» деп, бірден «тура жолға» түскендер өте сирек кездеседі. Темір ерік-жігер әркімге бұйыра бермесе керек. Сол сияқты нақты шешім – анық әрі айқын мидың жұмысын білдіреді.
Ал бірнеше жылдар бойы алкогольден улану жүйке жүйедегі табиғи үдерісті бұзатындықтан, адам нақты бір шешім шығарып, соны берік ұстауға қауқарсыз болады. Бұл – проблеманың бір жақ тұсы. Ал басқа жағы – этанол адамды физикалық дағдыға үйретеді. Сол себепті, спирттен бірден бас тарту адамның өзін-өзі сезінуінде айтарлықтай проблемалар тудыруы мүмкін. Медицинада бұл ситуацияны абстиненция синдромы деп атайды.
Дәрі-дәрмекпен емдеу
Тағы бір әдіс – дәрі-дәрмектер пайдалану. Қазірде фармацевтика ғылымында акогольге тәуелділіктен арылтуға көмектесетін бірнеше препараттар ойлап табылған. Алайда, бұларды қабылдай сала, алкоголизмнен бірден айығып кетем деп ойламаңыз. Бұл сізге көмектің берілген арқаны ғана, оны мықтап ұстап, зиянды әдеттің орынан шығу өз қолыңызда. Ең кең таралған препараттардың алдыңғы шебінде науқастың алкогольге физикалық жиіркеніш сезімін оятатындары тұр.
Тағы бір теория алкогольді тәуелділікке спирттік сусындарды қабылдағанда негативті симптомдарға аз ұшырайтындар түсетіндігін айтады. Бұл топқа берілетін препараттар алкогольмен бірлесе жұмыс атқарып, одан адам уланатындай дәрежеге жеткізеді. Спирттің аз мөлшерінен науқас ауыр жағдайға түседі. Осылайша, емделушінің «сүйікті» сусынына деген жиіркенішті сезімі пайда болып, ол бірте-бірте бұл әдетінен алыстай береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл дәрі рефлекторлық деңгейде жұмыс істеп, науқастың санасына алкоголь туралы жақсы пікірлерді жеткізбей тастайды. Осы топқа кіретін танымал препараттың қатарына – эспераль, тетурам, антабус, лидевин, дисульфирам, налтрексонды жатқызуға болады.
Препараттардың тағы бір түрі – алкогольге деген физиологиялық тәуелділікті жеңуге көмектеседі. Бұл ретте көпшілік арасында кең таралған этанол секілді жүйке жүйесінің рецепторларына әсер ететін бензодиазепиндерді айтуға болады. Бірақ, транквилизаторларды қабылдау курсы қысқа болуы керек, әйтпегенде ем алушы психотропты препаратқа байланып қалады.
Дәрі-дәрмектер қабылдау панация (жалған емге сендіру) екен деп қалмаңыз. Назарда ұстаңыз: ол тек психотерапевтік әдістер кешенімен жүргізілуі керек. Кейде препараттардың күші өз әсерін жойғанда емделушілер салынып ішіп, бұрынғы қалпына келу оқиғалары кездесіп жатады.
Кодтау
Алкогольге тәуелділіктің тағы бір күресу жолы – «кодтау». Бұл – гипноздың бір түрі. Өкінішке қарай, үздіксіз тәжірибелер көрсеткендей мықты квалификациялы маманның өзі адамды сырттай арбауға түсіре алмайтын болып шықты. Бұл дегеніміз – «кодтау» операциясын басынан өткерген адам ерте ме, кеш пе, баяғы қалпына оралу ықтималдылығын арттырады. Кез келген жерде адамның ерік-жігерінің мықтылығы басты рөлде ойнайтыны белгілі.
Тәуелділіктен арылу стратегиясы
Зиянды әрекеттен «арылудың» бірнеше құрылымы бар. Бір концепцияда спирт мөлшерін уақыт өте азайтып, тәжірибе соңында нөлдік көрсеткішке жеткізу керектігі айтылады. Бірақ, бұл әдістің де сәтті шығуы екіталай. Себебі, көптеген араққұмарлар доғару синдромының істен шығуына орай, берілген көрсеткіштен артық пайдаланып, дертінен айығуға ықылас танытпай жатады. Осыған орай, бұл әдістеме сирек қолданылады.
Екінші әдістеме бір сәттік, абсолютті, алкогольден толық бас тарту қағидасын ұстанады. Мұның артықшылығы – науқаста бұрынғы өмір салтына оралуға итермелейтін күштердің жойылуы. Десе де, бұл әдісті абстиненцияның дамуы кезінде қолдануға кеңес берілмейді. Яғни, адам ішкіліктің соңына салынып кеткенде жоғарыдағы ережені санасына құя алмайсыз. Алдымен, науқасты ауру күйінен арылтып, содан соң ғана спирттік сусынға крест қою керек.
Бұл біз келтірген екі әдісті науқас өз-өзіне немесе жақын туыстары күштеп іске асыра алмайды. Тек емделушінің психологиялық ерекшелігіне, денсаулығының жай-күйіне, алкоголизм сатысына байланысты нарколог-дәрігер қорытынды шығарып, қай әдістемеге жүгіну керектігін көрсететін болады.
Үй жағдайында ішімдіктен құтылудың жолдары
Алкоголизмнің астарында бірнеше дерттер жатқандықтан, оны үй жағдайында нарколог-дәрігердің бақылауынсыз емдеп жазу мүмкін еместігі жиі айтылады. Сол себепті, бұл дерттен өз күшіңізбен құлан таза айығып кету қиынның қиыны. Алайда көптеген араққұмар жандар маманның көмегіне жүгінуден бас тартады. Оның себеп-салдары да жеткілікті. Біреулері өзіндегі зиянды әрекетті ауру деп санамаса, кейбірі ақшаны желге шашу деп ойлайды. Оған қоса, осы саладағы білікті дәрігерді де табу күрделі шаруа. Маманның алдына бармаудың тағы бір себебі – науқастың өз проблемасын басқамен бөлісуге намыстануы. Мұндай «жалған» намыс оның ауруын асқындырып, денсаулығына қайтарымсыз зиян келтіреді. Оған білікті маманның ғана емес, жақын туыстардың да квалификациялы көмегі керек.
Алкогольден арылуға арналған кейбір кеңестер тәжірибеде сәтті қолданылып келеді. Оларды дәрігердің курсынан бөлек жүргізуге әбден болады. Сол сияқты спирттік басыбайлыққа салынған адам өздігінен күресуге көшсе, біз айтар кеңесті есіне сақтап алғаны жөн.
Сонымен, алкогольді қоям деуші адам анализ жасап, осы зиянды әрекетке алып келген себепті тапсын. Егер оның жиі бас қосып, көңіл көтеруші достары болса, ол ортаны басқа спирттік сусындарды татып алмайтын жандармен алмастыруы керек. Ал әріптестері арасында жиі алкоголь сусындары араласатын іс-шаралар болса, мүлде қатысудан бас тартқаны жақсы.
Алкогольге қарсы айла – өз хоббиіңді табу
Мұндай зиянды әрекетке итермелеген қоршаған ортамыз – проблеманың кішкентай бөлігі ғана. Көп жағдайда адамдар өмірден өзін таба алмаудың салдарынан ішімдікке салынып жатады. Ондай стреске түсетіндердің көбі – ер адамдар. Олар үшін қоғамдағы статус, амбиция, өзін-өзі қалыптастыру қағидалары бірінші орында тұрады. Бұл орайда мына бір әңгімені мысалға келтірсек: «Офицер ішіп отырған солдатқа келіп, «Егер ішуіңді қойсаң, баяғыда сержант болып кетер едің», – депті. Сонда солдат жұлып алғандай: «Не үшін? Мен ішкенде өзімді генерал сезінемін!» – деген екен. Мойындау керек, спирттік сусындар адамға әлеуметтік жетістіктердің иллюзиясын сыйлап, зор сенімділік ұялатады. Десе де, қоғамда өзіңіздің кім екеніңізді көрсету үшін міндетті түрде алкогольге жүгінудің қажеті шамалы. Қызықты жұмыс тауып, мамандық өзгертудің де араққұмарларға пайдасы тиіп жатады. Ең бастысы – жүрегіңізбен қалаған шаруамен айналысу. Егер осындай іс табылса адамда ішуге, қайғыруға уақыты болмайды. Бір сәт айналаңызға көз жүгіртіңізші, толып жатқан қызықты жұмыстар бар ма? Ішіңізде бүгулі жатқан талантыңызды ашып, қоғамға өзіңіздің кім екеніңізді көрсетуге уақыт жетті. Стимул беретін іс табу – басты қиындықтан арылтушы күш. Бірден-ақ табысқа кенеле кетуіңізге кепілдік жоқ, десе де уақыт өте сүйікті ісіңіз зор жетістіктерге жеткізетін болады.
Айтпақшы, ішімдіктен алшақтаймын деген адамның үйінде бір тамшы спирттік сусын болмауы керек. Тіпті, қонақтар үшін деген алкогольдің көзін құртқан жөн. Бос бөтелкелерді де тезірек қоқыс жәшігіне апарып тастаңыз.
Өзін-өзі бағалау
Тағы бір тәжірибеден сәтті өткен тәсіл – спирттік сусыннан бас тартқаныңыз үшін өзіңізді мадақтау. Егер қатты ішкіңіз келіп, бөтелкелер жиі түсіңізге ене берсе, оның орнына өзіңіз ұнататын басқа сыйлық алыңыз. Тіпті, спирттік сусындарға деген ақшаны жинап отыру үшін арнайы сандықша әзірлеңіз. Бір айда немесе одан да көп уақытта сол жиналған қаржыны өзіңіз көптен армандаған затыңызға жұмсасаңыз болады.
Әңгімелесу
Алкогольмен күресу кезінде әңгімелесудің тигізер пайдасы орасан. Адамдармен тілдесу өз-өзіңізге сенімділік беріп, бағаңызды өсіріп, ғылыми тілмен айтқанда әлеуметтендіреді. Сосын айналаңыздағылармен мас емес күйде сөйлескеннің қандай оңай әрі көңілді екенін түсінесіз.
Жоғарыда бірлесе ішуге итермелейтін адамдармен байланысты үзу керектігі айтылды. Десе де, кейде алкогольдің соңына түскен адамдармен сөйлесудің пайдасы тиіп жатады. Өйткені адам сол арқылы зиянды әрекеттің тигізіп жатқан кесірін ұғынып, оған моральды қолдау көрсетіп, пайдалы әдістерімен бөліседі. Ондай ортаны ғаламтор арқылы немесе өзіңіз білетін араққұмарлардың клубтарынан кезіктіруге болады.
Спирттен бас тарту кезіндегі тамақтану жүйесі
Тамақтану алдында көп мөлшерде су ішкен абзал. Бұл асқазанды толып тұрғандай сезімге бөлеп, алкогольге тыртылыстың алдын алады. Сол сияқты көп мөлшердегі сұйықтық ағзаны детоксикацияландырады (уытсыздандырады). Жалпы, тәулігіне адам 2-2,5 литр таза су ішуі керек (бұған сұйық тамақпен асқазанға түсетін сұйықтық кірмейді).
Сол сияқты рационды түрлендіру қажет, бұған дейін спирттік сусынға кететін қаржының көптігінен сатып алуға мүмкін болмаған тәттілерді де жиі жесеңіз болады. Бастысы – эндорфин мен серотониннің бөлінуін жиілендіретін балғын жеміс-жидектер, ет, шоколад қабылдауды ұмытпаңыз. Реабилитациялық кезеңде құрамында В дәрумені бар балық, бөдене жұмыртқасы мен бұршақ жеген пайдалы. Еста сақтаңыз, рационыңыздан майлы, тұзды, ащы тағамдарды шығарып тастаңыз. Оның үстіне ұзақ уақыт бойы спирттік сусындар пайдаланған адамда асқазан-ішек жолы мен жүрек-қан тамыр жүйесінде проблемалар туындап жатады. Егер дер кезінде алкогольден бас тартпағаныңызда, осы ағзалардың дерті асқынып, жазылмайтын ауруға шалдықтыруы әбден мүмкін еді.
Спортпен шұғылдану
Спортпен шұғылдану тек алкоголизм емес, көптеген ауруларды емдеу кезінде оң ықпал етеді. Тіпті, жай серуендеген адамда бақыт гормондары – эндорфиндер бөлінеді. Спортпен шұғылдануды таңертеңгілік қарапайым жаттығулардан бастасаңыз да болады. Денсаулыққа өте пайдалы және көңіл-күйді көтеруге оң ықпал ететіндердің қатарына – жүгіру, шаңғы, велосипед, гантельдер мен зілтемір көтеру, жаттығу залына бару, спорттық ойындар (футбол, волейбол, баскетбол), бассейнде жүзу, үстел теннисі, жекпе-жек түрлерін жатқызуға болады.
Сонымен қатар, йогамен айналысудың да пайдасы жетерлік. Ол тек дене мүсініңізге сымбаттылық сыйлап қоймай, жүйке жүйесіне жақсы әсер етеді. Адамды сабырға шақырып, күйзелістен арылуға көмектеседі. Ескерту. Белгілі бір спорт түрін таңдамас бұрын, денсаулық жағдайыңызды толық тексеріп алыңыз. Себебі, кей спорт түрі кері әсер етуі мүмкін.
Алкогольді токсиннен тазару
Адамның алкогольге тәуелділігін түсіндіретін тағы бір теорияда адам ағзасының асқазан-ішек жолында түзілген токсиндермен улануы айтылады. Бір жағынан осы интоксикацияға ем ретінде этанолдың өзі пайдаланылатыны бар. Осылайша, шырғалаң шеңбері пайда болады. Егер араққұмардың жағдайы нашарласа, ол бірден спирттік сусынға жүгінеді, осыдан кейін оның жағдайы жақсарып шыға келеді. Бұл проблемадан құтылу үшін асқазан-ішек жолдарын тазалап, іштегі қоқыс (шлак) пен токсиндерді сыртқа шығару керек. Тазалау құралы ретінде алғашқы уақыттары түрлі энтеросорбенттер – белсендірілген көмір мен энтеросгельді пайдалануға кеңес береміз.
Алкоголизмге қарсы халықтық ем
Ағзаның токсинге улануына орай, тәжірибеден сәтті өткен халықтық ем – қарапайым сұлыны пайдалану. Оны қайнатып, ұдайы ішіп отыру керек. Ол үшін 5 стақан қайнаған су мен бір стақан сұлы түйіршіктері қажет болады. Қайнатпа кем дегенде үш сағат бойы жабық күйде тұрсын. Дайын болған соң, жарты стақандап, күніне бес рет, тамақ алдында қабылдайды.
Жебіршөп (чабрец) қайнатпасы – спирттік сусындарға деген жиіркеніш сезімін тудырады. Оны әзірлеу үшін 15 грамм жебіршөпті алып, екі стақан су құйып, 15 минут бойы қайнатады. Дайын болған қайнатпаны белгілі мөлшерде ғана қабылдайды. 15 мл. суға 50 мл. жебіршөп қайнатпасын пайдалану керек.
Алкогольді тәуелділіктен арылуға көмектесетін тағы бір халықтық ем – шайқурай қайнатпасы. Оны дайындау үшін 0,5 литр қайнаған су алып, оған 4 стақан шайқурай жапырағын қосамыз. Екеуін араластырып, жарты сағатқа жауып қоямыз. Дайын болған қайнатпаны екі жеті бойы күніне екі реттен қабылдау отыру қажет.
Өз өміріміз – өз қолымызда!
Еl.kz