UNESCO 2020 жылды Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арнады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі бөлімі, "ЮНЕСКО" 2020 жылды Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арнайтын болды. Бұл хабарды Халықаралық түркі академиясының президенті, "Егемен Қазақстан" республикалық газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жеткізді.
"UNESCO-дан сүйінші хабар: Келесі 2020 жыл түгел түркінің абызы Тоныкөк бабамыздың жазба ескерткішінің 1300 жылдығына арналады. Құтты болсын!",-деп жазды Дархан Қыдырәлі өзінің Facebook-парақшасында.
Мәдени мұралар - ұлт игілігі
Орхон-Енисей жазбасы – Орхон және Енисей өзен бойларында табылған көне түркі жазуымен жазылған жазбалар. Оның ішінде әйгілісі – Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк құлпытастарындағы жазбалар.
Көп уақытқа дейін сыры беймәлім, қай тілде жазылғаны белгісіз болып келген. Орхон-Енисей жазбаларын руналық жазбалар деп те атайды (Скандинавия халықтарының тілінде "рунь" сөзі "сыры ашылмаған", "құпия" деген мағынаны білдіреді). Тек 1893 ж. ғана даниялық ғалым Вильгельм Томсен құпия жазуды оқудың кілтін ашады. Біраз жылдардан кейін орыс ғалымы Василий Радлов Орхон өзені бойынан табылған үлкен тастардағы жазуды толық оқып, аударды. Руна жазуындағы ең үлкен ескерткіштер Орхон мен Енисей өзендері алқабынан табылғандықтан, жазудың өзін де осылайша атап кетті.
Орхон-Енисей жазбалары Шығыс Түркі қағанатының қағаны Білге мен оның інісі Күлтегін қабірлеріне қойылған орасан зор құлпытастарға қашап жазылған жыр жолдары болып шықты. Жырға арқау болған негізгі мәселелер – елдің тәуелсіздігі, береке-бірлігі. Тасқа жазылған ескерткіштерде негізінен Түрік қағанаты, оны билеген қағандар, олардың ерлігі жайында сөз болады.
"Күлтегін" және "Тоныкөк" жырлары өткен дәуірден нақты мәлімет беруге арналған тарихи деректер. "Күлтегін" жырының басты идеясы – Күлтегін батырды Түрік қағанатының құдіретті тұлғасы етіп көрсету. "Күлтегін" жырының авторы – Йоллығтегін.
Түрік қағанаты тарихында Тоныкөк тұлғасы ерекше орын алады. Ел қамын ойлаған ақылгөй, дана Тоныкөк Елтеріс қаған және Білге қағандарға кеңесші болған. Түрік қағанатына төрт жағынан жау төнгенде, Тоныкөк ақыл кеңесімен де, тапқыр сөзімен де, батырлық істерімен де қағандарға көмектесіп отырады. "Тоныкөк" жырының авторы бөлек, оны Тоныкөктің өзі жазған деген болжам бар.
Руна жазуындағы бұл жәдігерлер поэзиялық туындыға тән барлық белгілері бар, ежелгі түркілердің өзіндік әдеби дәстүріне негізделген көркем туынды деп танылды.