Байқоңырға экологиялық апат аймағы мәртебесі керек пе?
Бала кезде дауыл борай соғып, шатыр түгілі үйді қоса ұшырып әкетердей үрей туғызатын. Сонда үлкендер «Е-е, тағы да ракета ұшқан ба?» дейтін самарқау ғана. Расында, кешке теледидардан әлдебір себеппен «Байқоңырдан» көк жүзіне ғарыш кемесінің аттанып кеткені жайлы ақпар тарап жататын…
Былтыр Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағын экологиялық апатты аймаққа жатқызбайтындарын жария етті. Министрлік мәліметінше, отынның көп бөлігі әуеде жанып кететіндіктен, табиғатқа төнер айтарлықтай қауіп жоқ. Бұл туралы вице-министр Марат Нұрғожин былтыр «Союз» зымыраны апатқа ұшырағаннан кейін пікір білдірген. Оның айтуынша, негізгі жану процесі жерден 47 шақырым биіктікте болғандықтан, айналаға еш залал келтірмейді. «Шамамен 22 тонна керосин жерге түскен. Алайда басқа мұнай өнімдері секілді керосин де жанғыш заттардың төртінші класына жатады. Сол себепті, ешқандай қауіп төндірмейді деп ойлаймын» деген еді вице-министр. Министрлік осылай ойлай келе, «Байқоңырға» экологиялық апат аймағы мәртебесін беруді артық деп тапқан секілді. Ал шын мәнінде, ғарыш айлағы мен маңындағы елдімекен тұрғындарын осыншама апат пен гептил «молшылығын» түк «сезінбей» отыр деуге келмес. «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар» журналының бас редакторы Нұрлан Әселқанның айтуынша, экологиялық зардапты азайту үшін алдымен ресейлік «Протон» зымырандарынан бас тарту керек. – Ол жерде тамырын тереңге жайған, табиғи тепе-теңдікті бұзып, адам денсаулығына елеулі зиян келтірген проблема бар. Ең алдымен, улы жанармаймен ұшатын «Протон» секілді зымырандарды пайдалану мәселесін тез арада шешу керек. Себебі, ол зымыранның бәріне Байқоңырдағы арнайы бекеттер арқылы жанармай құйылады. Ол жерге жақындауға болмайды. Өйткені бөлініп шыққан түрлі улы заттар жер қыртысы арқылы еркін тарауы мүмкін. Мұны шешудің жалғыз-ақ жолы – улы отын тұтынатын зымырандардан мәңгілікке бас тарту яғни, бұл жерде әңгіме гептил туралы болып отыр, – дейді ол. Сарапшы сондай-ақ вице-министрдің тұжырымын түбегейлі жоққа шығаруға болмайды дейді. Себебі, табиғат керосин кесірінен ластанып жатқан жоқ. – Марат Нұрғожин бұл жерде гептилмен ұшатын емес, сұйық оттегі және керосин пайдаланатын зымырандар туралы айтып отыр. Ал керосиннің жануы табиғатқа қауіп тудырмайды. Жанған кезде одан ешқандай қауіпті, улы заттар бөлініп, ауаға тарамайды. Қазір орбитаға ғарышкерлерді алып шығып жүрген «Союз» кемесі, украиналық «Зенит» зымырандары керосин немесе сұйық оттегі арқылы ұшып жүр, – деді сарапшы. Қорыта айтқанда, Нұрлан Әселқан «Байқоңыр» ғарыш айлағын апатты аймақ деп санамайды. Оның тұжырымына сүйенсек, ғарыш айлағының ішіндегі ішінара нысандарды – апатты мекен деп байлам жасауға ғана болады. – «Байқоңырды» экологиялық апат аймағы деп санамаймын. Дегенмен ол жерде экологиялық бақылау жасау және қалпына келтіру мақсатында арнайы шаралар қабылдануы керек. Бұл мәселені қазіргі күйінде қалдыруға болмайды. Ол жердегі жанармай бекеттерін – шағын экологиялық апатты аймақ деп айтар едім. Аумағы әрі кетсе 100 де 100 метр болатын шығар. Сондықтан ол нысандар терең зерттеліп, улы, қауіпті заттардан тазартатын жұмыстар істелуі керек, – деді маман. Ал белгілі эколог, Халықаралық экология академиясының президенті Мұсағали Дуамбеков мұндай шешіммен келіспейді.
– «Байқоңырға» экологиялық апат аймағы мәртебесі берілуі керек. Қызылорда облысы – ең ауыр экологиялық жағдайларды бастан өткерген аймақ. Облыстағы ең үлкен зардап ретінде Аралды айтамыз. Оның көлемі азайып, табанындағы тұздың бәрі айналаға тарап, ауаны ластап жатыр. Негізінен шөл мен шөлейттен тұратын, суы аз, тұзы көп өлке. Егер экологиялық мәртебе берілмесе, онда сол жердегі тұрғындар ие болатын азды-көпті қаржылық жеңілдіктер де жойылады, – дейді эколог. Техника ғылымдарының докторы Жайлаубай Жұбатовтың редакциясымен 2011 жылы жарық көрген «Экологическая безопасность деятельности космодрома «Байконур» атты кітабында зымыран ұшу процесінен кейін қоршаған ортаға келер зиян туралы егжей-тегжейлі айтылып, біршама нақты дәлел келтіреді. «Көптеген ғылыми зерттеулер мен экспедициялар зымыран-ғарыш технологиясы қалыпты жұмыс кезінде де, төтенше жағдайларда да барлық қоршаған ортаны қорғау нысандарына – топырақ, су, атмосфералық ауа, флора және фаунаға әсер етеді. 1967-2010 жылдар аралығында 258 апат болған. Қоршаған орта қашанғы мұндай сынаққа төтеп бермек? Көптеген ғарышы жақсы дамыған елдер ғарыш айлақтарын – негізгі табыс көзі ретінде қарастырады. Ғарыш кеңістігін игеру бойынша әлемде бәсекелестік жоғары. Бұл олар үшін пайдалы. Ешкім наразылық білдірмейді. Халықты экологиялық қауіптен сақтандыру қызметтері жолға қойылған. Мәселен, Жапонияда балық аулау ұйымдары жапон ғарыш орталықтарынан акустикалық ластану (шу) үшін арнайы өтемақы алады. Жаһандық «қоршаған орта және даму туралы декларацияда» қоршаған ортаға келтірілген зиян әрекеттердің зардаптары үшін жауапкершілік пен өтемақыға қатысты ұлттық заңдарды әзірлеу керек деп қарастырылған» деп жазады ғалым. «Байқоңыр» бастан кешіп отырған нақты зардаптар хақында академик Қайыржан Бекішұлы мен ҚарМУ магистранты Ботагөз Есейдің зерттеу мақаласында талдап көрсетілген. «Соңғы 30 жыл көлемінде осы салаға қатысты мамандар химиялық жанармаймен жұмыс істейтін зымыран двигательдерінен бөлінетін қалдықтардың атмосфераның төменгі қабатына ауқымды масштабта зиянды әсері жоғын дәлелдесе, 40 жылдан бері жинақталған мәліметтерге қарағанда олардың зиянды әсерін анық көруге болады.
Ғарыш айлағының жұмысы қоршаған ортаға мынадай кері әсерін тигізеді: – Ұшу процесінен кейін атмосфераның табиғи режимі бұзылады;
– Атмосфераны және жер беті қабаттарын токсинді зымыран жанармайының қалдықтарымен ластайды;
– Атмосфераның озон қабатын бұзады;
–Территорияларды ұшу аппараттарының қалдықтарымен, сынақтарымен зақымдайды;
– Қышқылды жаңбырдың жаууына себепші болады;
– Ауқымды масштабта температураның жоғарылауына әсерін тигізеді. Зымыран жанармай компоненттеріне кіретін токсинді қосылыстардың табиғи жағдайы микробтар мен өсімдіктерге әсері туралы түсініктер мүлдем жоқ. Сондықтан осы бағыттағы зерттеулер қазіргі кезде аса өзекті мәселелерге жатады. Көпсатылы «Протон» зымыран жеткізгішінің алғашқы блогы (алты бакты блок болады) жұмысын аяқтап, жерге құлағанда 1,5 тоннадан – 3,5 тоннаға дейін гептил қалдығы жерге төгіледі. Сонда бір рет ұшырылғанда орта есеппен 2 тонна гептил жерге төгілгенде, 44 жылда 520 000 тонна гептил төгіледі. Экологиялық қауіпсіздікті сақтадық дегеннің өзінде, Ұлттық аэроғарыш агенттігінің мәлімдеуінше, қазіргі кезде зымыран жеткізгішінің жерді зақымдайтын гептил мөлшері 150-200 литр шамасын құрайтыны анықталған» деп жазылады аталған еңбекте. Мамандардың айтуынша, Еуропа елдері ғарыш ісінде әлдеқашан тиімді экологиялық стандарттарға көшіп алған. – Еуропада ғарыштық құрылымдар, жұмыстар экологиялық таза деңгейде жүзеге асырылады. Бізге солардың озық тәжірибесін игеру керек. Олардың зымырандары оттегі және сутегі арқылы ұшып жатыр. Мұндай зымырандар кезінде бізде де болған. Нақтырақ айтар болсақ, 1987-88 жылдары ұшырылған «Энергия» деген зымыран болды. КСРО тарағаннан кейін Ресей–Қазақстан–Украина бұл жайында ортақ келісімге келе алмай, «Энергияның» қызметі тоқтатылды. Әрине, қазір мұндай типтегі зымырандарды қайта жаңғыртуға болады. Ғарыш айлағы бар, тәжірибе бар, тек экологиялық таза әрі технологиялық мүмкіндігі жоғары бастамаларға кірісу қажет. Кеңес Одағы істеген нәрсені біз істей аламыз ғой, – дейді Нұрлан Әселқан. Мұсағали Дуамбеков құрған «Антигептил» қоғамдық ұйымы осы бағытта 3-4 жыл жұмыс атқарған. Алайда ол кезде лайықты жетістікке жете алмадық. Дегенмен сол еңбегіміздің алғашқы нәтижесі биыл көрініп қалады дейді сарапшы. – Себебі, осы жылы «Протон» зымырандары соңғы рет ұшырылады. Одан кейін Ресей аталған зымырандарды толықтай Владивостокқа ауыстырмақшы. Сондықтан сонау 2013 жылдары атқарған шаруамыз енді-енді нәтижесін беріп жатыр деп ойлаймын. Сол кездері экспедиция жасап Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Атырау облыстарына барып, ақбөкендердің жүрген, жайылған, өлген жерін зерттеп, жануарлардың қырылуына гептил себеп болған деген тұжырым жасадық. Байқоңыр ғарыш айлағының зардабы өте ауыр екенін мойындауымыз керек. Дамыған мемлекеттерде бұл мәселе шешілген. Францияның тынық мұхиттарындағы ғарыштық кешендерінде әрбір зымыран ұшқан сайын сол жердегі тұрғындарға көлемді өтемақы төлеп отырады. Осылайша, ондағы адамдар денсаулығын күтіп ұстап, тексертіп отыру үшін әлгі қомақты қаржыны еркін пайдаланады, – дейді эколог. Гептилдің зияндылығы сонша, ол ауаға тез араласып, су мен топырақ тұрмақ, металл бетіне де еркін сіңіп кетеді екен. «Оның ағзаны «мүжуі» білінбейді, ұзақ жылдарға созылады. Яғни, гептилмен залалданған ағза арада бірнеше жылдар өткен соң да ауруға ұшырауы мүмкін. Ең қауіптісі – гептил ауада, суда, топырақта ыдырап, одан аса улы заттар бөлініп, таралып, сіңеді. Ағзада жинақталып, жасушалық деңгейге дейін ене алады. Сондықтан да, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны аса қауіпті химиялық қосылысқа жатқызады» деп жазады Қайыржан Бекішұлы өз еңбегінде. 2013 жылы заңгер Әнуар Түгел Байқоңыр қаласы маңын экологиялық апат аймағы деп жариялау туралы бастама көтерген. Оның айтуынша, Байқоңыр қаласының төңірегі – экологиялық дағдарыс аймағы ретінде ғана қарастырылады. Соған қарамастан Қызылорда облысында науқастарға ауруының экологиялық зардаптан болғаны туралы арнайы диагноз қойылмайды екен. Бұл туралы отандық Baq.kz сайтында жазылған. Өңірде аурудың «экологиядан туғанын» анықтайтын ғылыми институт жоқ. Сондықтан дәрігерлер ауырған адамды қабылдау немесе ем-дом қолдану кезінде бұл мәселені мүлде қарастырмайды. Арал мен Байқоңыр проблемасынан аяусыз зардап шегіп отырған өлкеге экологиялық ауруларды зерттейтін және науқастарды емдейтін үлкен орталық керек-ақ. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі қаперге алса игі. Бұл орайда өңірге «экологиялық апатты аймақ» мәртебесі беріліп, елге өтемақының төленуі тұрғындарға аз да болса сеп болмақ. Мақала жазу барысында Қызылорда облысы әкімдігіне хабарласып, өтемақының жай-жапсарын сұрадық. Баспасөз қызметі «бұл мәселенің алдағы уақытта Үкіметаралық отырыс кезінде қаралатынын» айтты. «Әзірге Байқоңырлықтар облысқа тиесілі 30 пайыз үстемақы алып жүр. Егер осы мәселе шешілсе, 50 пайызға көтеріледі» деп жауап берді баспасөз қызметі.