Арал ғылыми-туристік орталыққа айналады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Арал аумағында орналасқан «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы — өте сирек кездесетінқұстар мен аңдардың, сондай-ақ өсімдіктердің де қорғалатын аймағы. Әсіресе, мұндағы аң-құстардың көпшілігі «Қызыл кітапқа» енген жануарлар. Соған байланысты Арал аумағынан «Қызыл кітапқа» енген жануарларға арналған питомник салынады. Халықаралық Аралды құтқару қоры өңірде жаңа жобаларды жүзеге асыруда. Жалпы, осы уақытқа дейін экологиялық аймақта Біріккен Ұлттар Ұйымы арқылы 18 жоба жүзеге асырылып, оған 300 мың АҚШ доллары жұмсалды.
Бүгінде Арал ауданын туристердің жиі келетін орны ретінде қарауға болады. Себебі, Арал теңізінен бөлек, Қамбаш көлінің мөлдірлігі мен тазалығы, келіп демалушыларға жасалған жағдайы дәл осы дәрежеге дейін жеткізіп отыр. Миллиондаған келушілердің сөзінен де көлдің емдік қасиеті бар екені расталады.
Осындай жерді пайдаға асырып, ерекше орын ретінде пайдалануға ниет қылып отырған жандардың жоспары ауқымды. Экономикалық жағдайдың артуына ғана емес, сондай-ақ экологиялық апаттың зиянын жою бағытында көптеген жұмыс қолға алынбақ.
«Қамбаш көлінің жағасын пайдаланып, жұмысын жандандыру керек. Тек қана демалатын орын емес, инвестиция, донорлар тартатын және түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін орынға айналуы қажет», – дейді «Барсакелмес» мемлекеттік қорығының директоры З.Әлімбетова.
Қазірде алғашқы жұмыстарын бастап та кетті. Қамбаш көлінің жағасына 4000 түп ағаш отырғызып, болашақта жасыл белдеу қалыптастырмақ.
«Теңіз тартылғалы бері «Барсакелмес» қорығының құндылығы бұрынғы қалпында сақталып қалды деу қиындау. Соған орай біз көптеген жұмыстар жасауымыз керек. Дәл қазіргі уақытта қорықта 298 өсімдік түрі мен 256 аңның түрі мекен етеді. Бізде тек киік, антилопа ғана емес, 1950 жылдардың шамасында гепард та болған. Жалпы, қазір де сол қабыланның тұқымдарын қорыққа алып келіп, осында өсіру де жобада бар», – дейді халықаралық Аралды құтқару қоры дирекциясының директоры Болат Бекниязов.
Қамбаш көлі жағасында 450 гектар жерге экотуризм қалашығы салынады және ашық аспан астындағы зертхана әлем ғалымдарының қызығушылығын тудырып, негізгі зерттеу орнына айналмақшы.