Қызылорда облысында көктемгі егіс жұмыстары басталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. "Дала күні" дәстүрлі семинар-кеңесі аясында сырбойылық шаруалар "Ақмая" инновациялық шаруа қожалығының жұмысымен танысып, агросекторды дамыту мәселелері бойынша тәжірибе алмасты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы "Аkmaya Smart Farm" ақылды ферма" жобасының жүзеге асу барысымен танысты.
Күріш егісіне алғашқы дән себу рәсімі өткізіліп, семинар-кеңесте «Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқабында ауыл шаруашылығы саласын цифравизациялау, агродрондарды егіншілікте пайдалану ерекшеліктері, ауыл шаруашылығының жаңа техникалары мен технологияларын өндіріске енгізу, әртараптандыру бағытында ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында жаңа сорттарды пайдалану мен ауыл шаруашылығы дақылдарын суландыруда су үнемдеу технологияларын қолдану мәселелері қарастырылды.
Шараға аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары, облыстық басқармалар мен тиісті салалық мекемелер, қоғамдық ұйымдар, шаруашылық басшылары қатысты.
«Биылғы дән себу рәсімін өткізуде Шиелі ауданындағы Ақмая ауылын бекер таңдаған жоқпыз. Себебі, күріш өсіру тарихына үңілсек, осы ауылдың топырағы кезінде 16 Еңбек ерін шығарған қасиетті мекен. Биыл да, күріш тұқымын сауықтыру, әртараптандыру бағытында майлы, малазықтық, картоп, бақша дақылдарының өнімділігін жоғарылату және суармалы жерлерді қалпына келтіру бағытында бірқатар жобаларды қаржыландыруды қолға алдық. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша елімізде аграрлық салада маңызды жобалар іске асырылуда. Осы орайда, Сыр өңірінде де ауыз толтырып айтатын жұмыстар жүзеге асырылуда. Бір ғана мысал, мемлекеттік қолдауларды ұтымды пайдаланған облыс егіншілері соңғы жылдары, ақ күріштің молшылығын жасауда табысты еңбек етіп, жыл сайын ел қамбасына жарты миллион тонна астық құйып келеді. Сонымен бірге, өткен жылы орын алған су тапшылығын болдырмау үшін артық егілетін күрішке суармалы су жеткізіп беруді әкімдік өз мойнына алмайтындығын шаруашылық басшыларына тағы да ескерткім келеді»,-деді аймақ басшысы.
2019 жылға бекітілген ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасына сәйкес тұрақты суаруға 4,2 млрд. текше метр су қажет. 2019 жылғы 18 сәуірдегі жағдай бойынша, Шардара су қоймасында 5,1 млрд. текше метр, Көксарай су реттегішінде 2,1 млрд. текшеметр су жиналуда.
Сондай-ақ, облыс әкімі су үнемдейтін суару технологияларын белсенді енгізуді және басқа елдімекендерде "ақылды фермаларды" құру тәжірибесін қабылдауды тапсырды.
Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы және әртараптандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Ауыл шаруашылығы басқармасының және жауапты мекемелер мен ұйымдардың басшылары, аудан әкімдері баяндады.
Естеріңізге сала кетейік, "Ақмая" шаруа қожалығы FMIS – "ақылды ферма" зияткерлік геоақпараттық форманы қолданатын пилоттық шаруашылық болып табылады. Ол жедел навигацияны, өріс деректерін толық талдауды және өндірістік процестердің мониторингін қамтиды. Болашақта жер бедерінің карталарын, егістіктердің әртүрлілігін, аурулардың, арамшөптердің және зиянкестердің таралуын, топырақ карталарын және шаруашылық қызметін цифрландыру саласындағы басқа да іс-шараларды қамтитын кеңістіктік деректерді цифрлау бойынша жұмыстарды жүргізуді ұйымдастыру жоспарлануда. "Ақылды ферманың" технологиялары бойынша арнайы көрме ұйымдастырылды.
Биыл облыста 178,6 мың га ауыл шаруашылығы дақылы, оның ішінде 93,5 мың га дәнді дақыл, 7,2 мың га майлы дақыл, 60,7 мың га азықтық дақыл, 17,2 мың га картоп, көкөніс, бақша дақылдары егіледі. Сонымен қатар, 83 мың гектардан астам күріш егу жоспарланған.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы облыста мал азығының мол қорын жинау мақсатында ылғал сақтайтын жаңа технологияларды (аквасорбент, агрогель) пайдалана отырып, құнарлы жерлерде мал азықтық дақылдар өсіру жобасы іске асырылуда. "Бесарық" шаруашылық базасында аквасорбенттерді қолдану арқылы 3 га бидай және 2 га сафлор егілді. Жоба Ы.Жақаев атындағы "Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының " ЖШС ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта олардың тәжірибесі облыстың басқа шаруашылықтарына да таратылатын болады. Атап өтейік, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін қажетті техника, тыңайтқыштар мен жанар жағар май қоры дайындалған.