Қызылордада республикалық «Ақ кербез» би фестивалі өтті
Бүгін 20 сәуір күні - Халықаралық би күнін атап өту аясында А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Ақ кербез» І республикалық би фестивалі өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты-би ұжымдары арасындағы байланысты нығайту, би өнерін дамытуға үлес қосқан балетмейстерлер мен хореографтардың шығармашылығын насихаттау.
Фестивальге Ақтөбе қаласынан «Аққу», Орал қаласынан «Назерке», Шымкенттен «Қаракөз», Тараз шаһарынан "Томирис" ансамбльдері, сондай-ақ, жергілікті өнерпаздар - Қорқыт Ата атындағы университеттің «Дидар» ансамблі, М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің «Нұргүл», Қазанғап атындағы музылық колледжінің «Сыр сұлуы», қалалық мәдениет үйінің «Арайлы» би топтары қатысты.
Фестиваль аясында балетмейстер, хореограф, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Гүлбану Мырзабаеваның шығармашылығына арналған "Томирис" би ансамблінің концерті ұйымдастырылды.