Жағдайың қалай, жайдарман?!
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазіргі күлкі отауы болған Жайдарманның ахуалы қалай екен? Сынкөзбен қарағанда, талғампаз көңіл не дейді?!
Құлдырағаны соншалық қызыл кітапқа еніп кете жаздап тұр. Бүгінгі «әзілдің» сиқын айтамын. Біреудің мінін құрым елдің көзінше бетіне басу, сахнада тұрып алып, шоу-бизнес өкілдерінің өмірін талқылау, "бүгін маңызды ойын", - дегенді сан қайталаудан әрі аса алмай қалдыңдар, жігіттер!
«Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат!» Абайдың сөзі ғой. Сіздерге қарап, сіздердің арзан ойындарыңызға қарап айтқан сияқты, ә?
– Жайдарманшылар әзіл тарихында қалатындай әзіл айта алып жүр деп ойлайсыз ба? Қазіргі айтылып жүрген әзілдердің деңгейі қандай дер едіңіз? – деген, Мейіргүл Оңғарова әріптесіміздің сұрағына «Жайдарманның» басшысы Есен Елеукен:
Қазіргі таңда тұтас аңыз емес, сарт еткен бір-ақ ауыз әзіл сөзді есте қалдырсаң, соның өзі біраз жетістік. 140 символдық туиттер мен чат арқылы тіл қатысатын заманда ұзын-сонар қалжың айту... Иә, өмірге бейімделу деген осы шығар. Жайдарманның әзілдері өтімдірек боп тұрғаны сол болуы ғажап емес. Ал қазіргі әзілдің деңгейі туралы сөз қозғағанда, аттанға ойбай қосып, өмірден түңілдіріп жіберудің қажеті жоқ. Әр дүние өз орнымен... Бір кезде «Тамаша» тамаша өнер көрсетті, одан соң «Бауыржан-шоудың» болмысы ұнай бастады. Кейін «Шаншар» шарықтап, соңғысы Тұрсынбектің «Әзіл Әлемі» көрермен көзайымына айналып отыр. Демек дүние кезек, «баяғы деңгей» деп ескіні аңсаудың қажеті аздау деген ойдамын, деп жауап берген болатын.
Күлдіру – үлкен мәдениет. Кейде маған саясаттан адамды алшақтату үшін, небір білімді, небір талантты адамдарды билікке жақындатпау үшін сахна мен спортта бағын жағып жіберетін сиқылды көрінеді. Былай ғой:
ХІХ ғасырдың 65 жылдары АҚШ афроамерикандықтарға түбегейлі бостандық береді. Бірақ, жоғарғы мансапқа жолатпайды. Ойлап көріңізші қаранәсілді қаншама танымал актёр, әнші, спортшы бар да, билік басындағылары шектеулі ғана. Иә олар ауқатты, иә олар танымал бірақ, олар түк шешпейді.
Қазіргі Ресей сахнасын алып көрейік. Cоmedy Club, Cоmedy Woman секілді әзіл бренттерінің, көптеген шоу проэктілерінің әртістерінің дені тау халықтары. Спортта да сол. Хабиб сұраңыз.
Өзімізге қарап көрейік. Әлемдік аренадағы бокс, ауыр атлетика, UFS чемпиондары өзіміздің қарадомалақтар. Димаш бастаған әншілер, Есен Елеукен мен Қабатов бастаған әзілкештер.
Тепсе темір үзетін жігіттер он екіде бір нұсқа жоқ сандалып жүр. Шын таланттарға айтарым жоқ. Сол таланттарды тасалап жүргендер ше?
Тағы да Абай хәкімнің сөзімен ескерттік: «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат...». Қазақ әзілінің мәні өзгермесін!