Елорданы «Нұр-Cұлтан» деп атау дұрыс шешім
Қазақстан ең алғаш тәуелсіздігін алып, бөлек мемлекет ретінде еңсесін тіктей бастаған уақытта халықтың ойында қорқыныштың болғаны рас. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде жас мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болғаны да есімізде. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан әлем таныған мемлекеттер қатарынан болды. Осы орайда Елбасының мемлекет үшін жасаған орасан зор еңбегі әмбеге аян.
Осыған орай, елдің қамын ойлап, Қазақстанды алпауыт елдердің қатарына қосуда аянбай еңбек еткен Тұңғыш Президенттің есімін елордаға беріп, астанамызды Нұр-Сұлтан деп атау дұрыс деп санаймын. Себебі елдің бірлігімен әлемге танымал болу Елбасының арқасы.
Мен үшін Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев – бір ұғым. Америка құрама штатының білім беру ошақтарын аралау барысында «Біз Қазақстаннан келген қонақпыз» дегенімізде оқушылар ең алдымен Елбасыны айтып, танып жатты. Яғни, шетелдіктер де Қазақстан мемлекетін біздің Елбасы арқылы таниды деген сөз.
Қоғам болған соң әр алуан пікірдің болатыны белгілі. Бірақ мен үшін Қазақстан астанасы – Нұр-Сұлтан деп аталса еш әбестігі жоқ. Елбасының ел үшін жасаған еңбегі мен ерлігін ескере отырып, бұл шешімді дұрыс деп санаймын. Халықтың да мойындай білу ерліктің ісі деп есептеймін.
Батырбек ӘБИЕВ,
Қызылорда қаласындағы № 11 мектеп-лицейінің директоры