15 ақпан: атаулы күндер мен оқиғалар
Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні
1989 жылы 15 ақпан күні кеңес әскерлері (40-шы армия және оған жіберілген бөлімшелер) Ауғанстан аумағынан шығарылды. Ауғанстан жерінде 9 жыл болған соғысқа Кеңес Одағының 500 мыңнан астам азаматтары қатысты. Олардың арасында - 22 269-ы қазақстандықтар. 15 мың жауынгер қаза болды. Қазақстан бұл соғыста 889 боздағынан айырылды.
1640 жылы Қазақстанның байырғы қалаларының бірі Атырау қаласының іргесі қаланды.
2000 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Қорқыт атаның рухани мұраларын зерттеу жөнінде халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырылды.
2010 жылы Аспан денелерінің каталогына Суқұйғыш шоқжұлдызындағы жұлдызға қазақстандық танымал ғалым Михаил Паниннің есімін беру туралы жазба енгізілді. Михаил Панин - профессор, биология ғылымдарының докторы, сегіз халықаралық және республикалық академияның академигі, Семей мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры.
2011 жылы Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жедел жәрдем жаңа ауруханасында болды. Бұл жаңа нысан қала мен ел тұрғындарына Бірыңғай денсаулық сақтау ұлттық жүйесі ауқымында білікті медициналық көмек көрсететін жоғары мамандандырылған көпбейінді емдеу мекемесі.
2015 жылы Испанияның Гранаде қаласында Универсиаданың жалауы Алматы қаласына салтанатты түрде табысталды.