Продюсер Баян Алагөзова профессор атанды
Белгілі продюсер Баян Мақсатқызы профессор дәрежесін алды. Бұл туралы продюсердің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Sputnik.
"Аса құрметті, Баян Мақсатқызы! Республикалық жеңіл өнеркәсіп зерттеу институты ғылыми кеңестің шешімімен сізге "Менеджмент профессоры" дәрежесін беруді ұйғарды. Дипломды әзірлеу үшін қажетті құжаттар тізімін жіберіп отырмыз. Институттың бас директоры, профессор Мұрат Мыңбаев", — деп жазылған продюсер бөліскен суретте.
Аталған сурет Whats App желісіне келген хабарламаның скриншоты болса керек. Баян Алагөзова өз кезегінде қуанышты екенін жеткізді. Ал желі қолданушыларының пікірі екіге айырылды. Бірі қуанышты екенін жазып, құттықтаса, екіншісі продюсердің мұндай дәрежеге лайық еместігін алға тартты.
"Баян Мақсатқызы, жарайсың! Алға", "Адамға белдемшесі жарасып тұрса, оның ұзындығының маңызы қандай? Мұндай адамдар профессор болмайды деген ереже бар ма?", "Құттықтаймын! Сіз лайықсыз!", "Бұған таңғалып, тіпті, орнымнан тұра алмай отырмын" деп жазды желі қолданушылары.