Қызылордада 94 қоянды заңсыз атқан браконьер ұсталды
Қызылорда облысында 94 қоянды қырып салған браконьер ұсталды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
«Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК-ның инспекторлары бірлескен рейдтік шара барысында Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Т. Көмекбаев ауылының шығыс жақ бетінде заңсыз қоян атқан С.Н. (1989 ж.т.) азаматты құрықтады», - дейді ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.
Оның "УАЗ" маркалы автокөлігінен табылған 94 бас қоянның 64 басы сойылған, 30 сойылмаған күйде анықталды.
Күдікті өз кінәсін мойындап, жинақталған құжаттар мен айғақтар Қармақшы аудандық полиция бөліміне тапсырылды.
ҚР Қылмыстық Кодексінің 337-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.