Әйелге зәбір көрсеткен азаматқа айыппұл салынды
Қызылорда қаласының тұрғыны Ю.Гришаеваға зәбір көрсетті деген күдікке ілінген Ж.Орақбаев енді 37875 теңге айыппұл төлейді. Қалалық мамандандырылған әкiмшiлiк сот осындай шешiм шығарды, деп хaбарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Алайда, сот отырысына Ж.Орақбаев мүлде қатыспаған. Тіпті түрлі оқиғаларды сылтау етіп, түсінік беруден қашқан. Кейін оның түсінігін сотқа қорғаушысы алып келген.
«Қаулы күшіне енген жоқ. Сот процесіндегі зерттелген мән-жайды негізге алып жәбірленуші мен куәгерлердің және қорғаушының түсініктерін, прокурордың қорытындысын ескеріп Ж.Орақбаевты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 73-1-бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танып 37 875 теңге әкімшілік айыппұл салынды. ӘҚБтК 73-бабының 1 бөлімі он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді. Заңда әкімшілік қамақ болғаннан кейін 24 сағаттың ішінде қаралу керек. Бірақ Ж.Орақбаев сот отырысына келген жоқ. Біздің тарапымыздан оны алдырту шараларының барлығы қолданылды. Мәжбүрлеп алдырту шараларын да қолдандым. Мен қорғаушысына онлайн режимде қарауды да ұсындым. Оған да келісім бермеді. ӘҚБтК-тің 50-бабына сәйкес 63 жастан асқан ер азаматтарға әкімшілік қамақ көзделмейді. Осыған орай біз оны қамай алмаймыз. Сондықтан істі оның қатысуынсыз қарауға толық негіз болғаннан кейін сот отырысы қатысуынсыз жүргізілді. Бірақ оның қорғаушысы қатысты. Сонымен қатар жәбірленуші Ю.Гришаева, куәгерлер мен аудармашы қатыстырылды», - дейді судья О.Абдукаликов.
Айта кетейік, бұл оқиға 1 ай бұрын орын алған. Қала тұрғыны Юлия Гришаева ұлымен мектептен шығып келе жатқанда егде жастағы ер адам бассалады. Көлігін дұрыс қоймағаны үшін Гришеваны балағаттап, ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Оны жұлқылап, денсаулығына да залалын тигізеді. Жәбірленуші құзырлы орындарға арызданады. Денсаулығын қысқа уақытқа немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін Қызылорда Полиция басқармасының қызметкерлері оған қатысты 73-1-бабының 1 бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылған.