Дала өркениетінің өр рухы
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа мазмұн мен жаңа бағытпен толықтырды. Қоғамдық сананы жаңғыртуда ұлттық кодты негізге алуымыз қажет. Бұл орайда Елбасы мақаласы Дала өркениетінің өр рухын қайта тірілткендей әсер қалдырды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастарға патриоттық тәрбие беру, елге қызмет ету бағыттарында түрлі байқаулар, кездесулер өткізіп келеміз. Мұндай шараларға көпшілік аса қызығушылықпен қатысады.
«Ұлы даланың жеті қыры: атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия, аң стилі, Алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны» деп нақтылап көрсетуінде үлкен мән бар. Ұлттық рухты оятатын Елбасы мақаласын көпшілік ерекше ықыласпен қабылдайды деген ойдамын. Өйткені мақалада ел болашағының іргелі негіздері сөз етіледі.
Қазақ ежелден «Ат – ер қанаты» деп баласын атқа отырғызуға тәрбиелеген. Қазіргі таңда ғалымдар атқа отырудың денсаулыққа пайдалы екендігін дәлелдеді. Біздің аймақта тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға емдік шараларын жүргізетін иппотерапия орталығы ашылды. Жаңақорған ауданындағы спорт мектебі жанынан құрылған ат спорты бөлімінің спотшылары республика дейгейіндегі жарыстарға қатысып жүр. Алдағы уақытта бөлім жұмысы одан әрі дамиды деген үміттеміз.
«Рухани жаңғыру» орталығы көрші мемлекеттердегі архив деректерін жинақтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүр, аңыз әңгімелерге байланысты да көптеген ғылыми зерттеу жұмыстарын атқару ойда бар. Елбасы мақаласы алдағы жоспарымызды мазмұн жағынан байытып, жұмысымызды жүйелеуге көп септігін тигізеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орталық бастамасымен мектеп оқушыларының киелі жерлерге экскурсиялары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда бұл жұмыстар «Өз жеріңді танып біл» жобасы аясында жалғасын табуда.
Елбасы жуырда ғана Қазақстан халқына жолдауын жариялап, онда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңа мазмұнда жалғасатынын айтқан. Бағдарламаның жаңа бағыттары елдігіміз мен бірлігімізді нығайтып, тарихи санамыз бен ұлттық болмысты жаңғыртуды мақсат етеді. Шын мәнісінде тарихты тірілтпей, ұлттық сананы жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мүмкін емес. Ал «Ұлы Даланың жеті қыры» бізге нақты міндеттерді жүктеуімен маңызды.
Гүлмира ӘШІРБЕКОВА,
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының
бөлім басшысы, филология ғылымдарының кандидаты