ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА БАЛАБАҚШАЛАРДЫҢ 71%-Ы МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕМЕНШІК ӘРІПТЕСТІК АЯСЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін аймақтағы балабақшалардың саны 2013 жылдан бастап 2 есеге артты.
"2013 жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істейтін балабақшалар саны 2 есеге артып, 71%-ды құрады.
Осылайша, біз қаржыны қайта қарастырып, артылған қаражатты басқа да әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге жұмсаймыз. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бүгінде түрлі салалар бойынша 34 млрд. теңгеден астам қаржыға 75 жоба жүзеге асырылуда", - деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.
Сонымен қатар, Қызылорда облысында 2015 жылы облыс әкімдігі мен "Назарбаев зияткерлік мектебі" арасында орта білім беру саласында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Меморандум аясында 46 инновациялық мектепке екі негізгі міндет жүктелді: лицейлер мен гимназиялар желісін кеңейту арқылы НЗМ-нің озық тәжірибесін тарату және лицей сыныптарында, оның ішінде жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық бағыттағы жекелеген пәндерді ағылшын тілінде тереңдетіп оқыту.
Ағымдағы оқу жылында облыстың 46 инновациялық мектебі биология, химия, информатика, физика пәндері бойынша ағылшын тілінде пилоттық оқуға кірісті. Бұдан басқа, НЗМ тәжірибесін тарату шеңберінде 104 мектепте элективті курстар есебінен осы пәндерді ағылшын тілінде оқыту элементтері енгізілді.