ЕРКЕКТІҢ СОРЛЫСЫ ЖЕР ҚОРИДЫ…
— Осы күні әйелім өзіме бәле болды.
— Неге?
— Ауыз аштырмайды.
— Не үшін? Не дид сонда?
— Баяғыда жора-жолдасым көп болды ғой, оны өзің де білесің.
— Иә, топырлап жүрдіңдер ғой, күллі Қазақстанды шарлап. Ал?
— Сол кезде қалада көлікпен келе жатамын. Кейде қасымда келіншегім отырады. Бір кезде жора-жолдастың бірі телефон толғап «Әй, Жанболат, дөңгелігім жарылды. Запаскым жоқ. Құтқар» деп жалынады. Кейде қыстың күні қатты суықтан біреуінің аккумоляторы отырып қалады. Дереу маған телефон толғайды да: «Ойбай, Жанболат, машинам оталмай қалды. Тез жет. Көмектес» дейді. Сол кезде кілт тоқтаймын да, келіншегіме қарап: «Жаным, сен трамваймен бара бер. Көріп тұрсың. Досым далада қалыпты. Соны құтқарып алайын» деп көліктен түсіремін де, «аттың» басын дереу кері бұрамын. Бибім трамваймен кете береді. Мен сорлап қалған досыма жәрдем қолын созу үшін аттанып кете барамын. Көлігі қозғалып, моторы оталғанша басы-қасында жүремін.
— Енді бұл жақсы ғой. Босқа кетпеген өмір. Оның несі жаман?
— Ж-о-о-о-қ, дұрыс қой. Мәселе кейін басталды ғой.
— Неден?
— Біз кейін түрлі ұстанымға орай өмір жолында сан түрлі сорапқа түсіп жеке тіршілік бастадық. Сол кезде кей мәселеде көзқарасымыз келіспей, кейбірімен араздасып та қалдым. Олар маған, мен оларға ренжідім дегендей…
— Ал? Енді өмір болған соң ондай да болады. Ода тұрған не бар екен?
— Ж-о-о-о-о-қ дұрыс қой. Мәселе мынада. Қазір сол жора-жолдастармен мүлде араласпаймын.
— Ал?
— Келіншегім қазір баяғыны жиі есіме салады.
— Не дид сонда?
— Ол айтады. «Есіңде ме? Баяғыда «ойбай, досым қиналып жатыр. Соған көмектесіп келейін» деп қалада көрінген жерде мені түсіріп кетуші едің. Ал, кәне сол достарыңнан тапқан опаң? Жеме-жемге келгенде сенен сырт айналды. Қазір сені біреуі іздемейді. Хабарласпайды. Көмектеспейді. Ал өміріңді менімен сүріп келесің. Сол кезде орта жолда мені көліктен түсіріп, кетіп қалатының есіме түссе жаман жыным келеді. Енді сөйтіп «біреуге жәрдемге кеттім» деп, мені жарты жолдан тастап кетіп көрші, жаныңды шығарайын» деп баяғы қылығымды бетіме басады. Шынымды айтсам не дерімді білей отырып қаламын.
— Онда бибің таза ақымақ екен! «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» дегендей құритын қатын сөзді осылай саптап бастайды.
— Ойбай, неге? Қатты кеттіңіз ғой? Мен шынымен де өзімді айыпты сезініп қаламын бибім солай дегенде.
Енді шегініс жасап диалогқа түсінік берейін. Бұл ойбайлап, безілдеп бибісінен жеңіліп жүрген пақыр — ескі танысым. Жас кезінде расымен де ақжүрек еді. Бөркін сұрасаң, шапанын шешіп беретін. Пақыр қазір де ақжүрек. Бір іс тапсырсаң ақтабан болып шауып жүреді. Өте тыңғылықты. Құжат пен қағазға ұқыпты. Бірақ келіншегі есейген сайын оның альтруистік сезімдерін қолдан буындырып өлтіріп жатыр екен. Сіз енді «бибісін неге ақымақ дедің?» дейсіз ғой…
Ол үшін логотерапияға аз-кем шегініс жасайық. Логотерапия сұрақты былай қояды. «Адамның ұлық дәрежесін қалай анықтаймыз? Малдан артық тұсын қалай табамыз? Не қылсақ биік адами дәрежесі анық көрінеді? Қандай қадамға барсақ адами тіршіліктен рақат тауып, шексіз шаттыққа бөленеміз?» Ол үшін өлшемді өзгертеміз. Адамға арналған биік өлшемді меже етіп аламыз. Оны «адамның өзін трансценденция жасауы» дейді. Оның мағынасы не? Мәнісі мынау. Адамның өз шегінен асуы. Мүддесін ысырып тастауы. Басқаның бақыты үшін қайтпай күресуі.
Енді Виктор Франкл былайша түсіндіреді. Адам басқа тіршілік иесі сияқты тұйық жүйеде өмір сүрмейді. Сыртпен байланыста болуға мұқтаж. Яғни МӘН тыстан магнит сияқты тартады. Ет-жүрек ар-ұяттың көмегімен МӘНДІ дәл анықтап, ОНЫҢ сәулесіне тартылады. МӘНмен қауышып, мұратына жеткенде кеудесі шаттыққа толып, өмірге құштарлығы артады. Бітім-болмысы тұлға болып қашалады. Сондықтан бақытты ғұмыр кешкісі келген кісі өз ішінде тұйықталып қалмасын. «Өзгенің қамын жеу» деген адами міндетін бір сәтке естен шығармай сергек жүрсін дейді.
Енді Франклдың ойын қазақша мынадай мысалмен тарқаталық. Тұйық системадағы тіршілік деп жұмыртқаны алайық. Оның ішінде сары уыз бар. Сары уыздың хикметі – балапанға айналу. Болашақ балапан жұмыртқаның ішінде сұйық формада жабық жатады. Жабық жатса да өз ішінде нақты бір тәртіпке негізделген тіршілік жүйесі жұмыс істеп тұр. Бірақ бұл сағаты санаулы уақытша тіршілік. Сары уыз қалай да балапанға айналып, жабық жүйеден шығуы тиіс. Қабықты тесіп тысқа шықпаса бір күні шіріп бастайды. Осылайша сау жұмыртқа шіріген жұмыртқаға айналады. Сары уыз балапанға айналу үшін мынадай шарт керек. Ол – тыстан келетін жылу. Әдетте жылуды тыстан тауық береді. Күрік болған тауық жұмыртқаны бір ай бауырына басып жатады. Іштегі сары уыз бен тыстағы тауық үйлесімге келгенде, сары уыздың трансценденциясы басталады. Тауық магнит сияқты сырттан тартады. Сары уыз оған қарай ұмтылады. Осылайша Құдайдың құдіретімен былжыраған сары уыз үш-төрт аптадан соң қатты тұмсық пен тырнаққа айналады. Бүкіл болмысы сүйкімді балапан болып мүсінделеді. Сосын қабықты жарып тысқа шығады. Міне осы сәтте трансценденция процесі сәтті аяқталды дейміз.
Адам да тура солай. Бұ дүниеге бірінші пенде болып туылады. Тірі қалу үшін жанталасқан ит тіршілік басталады. Ит тіршілік те белгілі бір ретпен айналып тұрады. Ит тіршліктің өзін реттеуге 25-30 жылдай уақыт сарып болады. Оқу оқып, мамандық алып, аяққа тұруға тырысып бағамыз. Бірақ қанша жерден мамыражай жағдай жасасаң да ит тіршілікке қауіп төніп тұра береді. Адам да тұйық системада ұзақ өмір сүре алмайды. От басы, ошақ қасындағы тірлігіне байланған сайын, рухани әлемі күйреуге бейім тұрады. Оны экзистенциялық фрустрация деп атайды. Яғни ит тіршілігі іріп кете жаздап, дірілдеп зорға тұрады. Пенденің міндеті орта жастан асқан соң тыстан тартушы ЛОГОС сәулесімен ортақ үйлесімге келіп, ит тіршіліктің «қабығын» жарып шығып, ТҰЛҒАЛЫҚ өмірін бастау. Ол қоғам алдында бір жауапкершілікті сезінбесе тұйық жүйеге ақыры жұтылады. Өзін өзі жарып шығып, трансценденция жасамаса пенде шіркін «шіріген жұмыртқаға» айналып кетуі әбден мүмкін. Бұл бәледен аман қалу үшін өзгенің қамын көбірек жеуге тура келеді. Бұрын мынадай мақал бар еді. «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар. Өзгенікі дегенде анау-мынау ісім бар». Енді трансценденция жасау үшін осы мақалды былай деп өзгертуге тура келеді. «Өзгенікі дегенде өгіз қара күшім бар». Егер осы көзқарас өмірлік ұстын болып көкірекке бекісе, шіріген жұмыртқаға айналу қаупінен құтыламыз.
Өмірде талай мәрт жігітті көрдік. Олар жас кезінде басқаның керегіне жарауға ұмтылып тұратын. Бірақ үйленген соң көбінің трансценденция қабілеті сола бастайды. Әйелдері жиі мазалайды. Көбі: «Осы сен-ақ біреу өтініш айтса, жүрегіңді ала жүгіресің. Олар да сенің отказ бермейтініңді әбден біліп алған. Қажет кезінде пайдаланады да, тірлігі біткен соң ұмытып кетеді. Есебіңе мықты болсай. Қадіріңді білетін адамға ғана қол ұшын соз» деп біраз «тәрбиелейді». Осылайша күйеулері өзгереді. Бұрынғыдай өзін тұрақты трансценденция жасамайды. Салыстырып айтсақ: жұмыртқаның сары уызы тірі балапанға айналып, тысқа шығудың орнына тұйық системада өзгеріссіз жатып қалады. Әлбетте мұның соңы шіруге ұласады. Сол сияқты ер азамат өзгеге өмірін арнауға қабілетті қасиетін қолдан тұншықтырады. Үйінен шықпайтын жалқауға айналады. Ақымақ қатынға сондай еркек ұнайды. Осыдан келіп «Қатынның сорлысы ер қориды. Еркектің сорлысы жер қориды» деген әңгіме шығады. Енді ондай еркек әрі кетсе қайын жұрты келгенде ғана шаршамай шапқылауы мүмкін. Әрине ол ісі бибісіне майдай жағады. Бірақ ол бәрібір тұйық системаның шырмауына шатылады. Ғайыптан тартушы Логос жайына қалады. Тыстан тартатын МӘН жоқ. Хикмет кеудесіне ғайыптан сәуле құйылмайды. Көкірек көзі бітелген сайын, пенде шіркін аласұрып бұ дүниеге сыймай кетеді. Ондай кезде көбі жора жолдастарымен кафеге, саунаға, жиналып алып сыра ішуді дәстүрге айналдырады. Осылайша іштей іру басталады.
Хош, сонымен алдыңғы диалогқа қайта ораламыз. Мен:
— Бибіңе айт. Басы істесе олай жасамасын. Өзгенің мұқтаждығы дегенде алып ұшып тұратын трансцендентті қасиетіңді қырықпасын. Құр босқа сені рухани күйретіп тынады.
— Сонда не дейін?
— Бүй де. Сен мені үйге қамағанмен бәрібір бақытты бола алмайсың. Мен түптің түбінде тұйық системада қамалып, бәрібір шіріген жұмыртқаға айналамын. Одан да басқаның керегіне жарап, кеудемді МӘНМЕН толтырып, рухани ғұмыр кешейін. Сондықтан әлі де достарым қиындықта хабарласып жатса, сені көліктен түсіріп, тағы да автобусқа отырғызып жіберуім мүмкін. Еш ренжіме. Бұл өмір сүрудің ең ұтымды жолы де.
— Болды. Сіз айтты дим.
— Айт. Мен айтты де.
— Айтам! Кеттім, — деді де үйіне шаттана аттанды.
PS: Қазір бәрі норма. Ескі танысым өнегелі өмірін сүріп жатыр. Оның ескі достары әзірше көмек сұраған жоқ. Бибісі де орта жолда машинасынан түсіп қалып, жаяу жүрген емес. Бірақ бибісі ақылға тез келді. Кез келген сәтте көлігінен түсіп қалып, әрі қарай автобуспен кете беруге іштей дайын жүр.
Енді мынадай қортынды жасаймыз. «Адамды тұйық системаға әйелдер ғана қамайды» деп танымаймыз. Кейде керісінше де бола береді. Яғни, күйеуі ақжүрек әйелін жабыққа қамайды. Яғни сырттағы ЛОГОС сәулесінің әйелінің кеудесіне құйылуына күейеуі кедергі келтіреді. Ол кезде де адамның болмысына қатер төнеді. Сондықтан ЕРІ мен ӘЙЕЛІ «ТҰЙЫҚТАЛЫП қалмайық» деп сақтанып тұрғаны абзал. Екеуі қол ұстасып ЛОГОСҚА бірге тартылса тіптен жақсы!
Санжар КЕРІМБАЙ