МЫСЫҚ БИ (ЕСЕНЖОЛ) КЕСЕНЕСІ
Қазақстанның қасиетті орындары мен кешендері ретінде ерекше қастерленетін табиғи, мәдени мұраның, зайырлы және діни сәулеттің айрықша қастерлі ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ, Қазақстан халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар ұғынылады.
Киелі жерлер мен рухани қасиетті орындар – халықтың рухани дәстүрінің тірегі. Жалағаш ауданында да осындай орындар көптеп кездеседі.
Біз өз өлкеміздегі тарихи-мәдени жәдігерлерімізді жоғалып кетпеуден жан-жақты қорғауымыз керек. Бұған қоса, Елбасы мақаласындаа айтылғандай, қасиетті жерлерімізді болашағамыз саналатын жастарымызға насизаттап отыруымыз қажет.
Мысық би ХІХ ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға. Ата-анасының азан шақырып қойған аты – Есенжол екен. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Мысық би 1804 жылы туып, 1884 жылы 80 жасында Жаңадария бойында қайтыс болған.
Мысық би кесенесі Жалағаш ауданы Шәргелтай ауылынан оңтүстікке қарай 17 шақырым жерде.
Ал оның кіндік қаны тамған ата мекені – қазіргі Бұқарбай батыр ауылының аймағы. Мысық би елі мен жерін қолына қару алып, найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен, көкірегін оққа тосып, шешендік әділ сөзімен елдің бірлігі мен тыныштығын қорғауға атсалысқан тарихи тұлғалардың бірі.
Есенжол биді елі мен жұрты хас батырлығы мен шешендігі үшін ғана емес, қара қылды қақ жарар турашылдығы мен әділдігі, ақыл-ойы мен парасат пайымы үшін ерекше құрмет тұтқан.
Бір жылдары Мысық би Арқа жақта Кіші жүз бен Орта жүз арасында болған бір үлкен дауды әділдікпен шешіп, содан сөзден жеңілмейтін, әрқашан да екі жауырынымен түспей, төрт аяғымен жерге топ ете түсетін мысық секілді деген теңеу атқа ие болып, «Мысық би» атанады.
Казіргі Таң ауылының батысында, Жаңаталап ауылының оңтүстігінде «Мысық би көлі», «Мысық арығы», « Мысықтың үйтамы» деген көлемді жер атаулары бар.
Мысық би бір замандарда осы кездегі М.Шәменов ауылының төңірегіндегі Қараиірім өзегінен саға алып, арық қаздырып аяғын Қаракеткен, Далдабай ауылына, Белқұм арқылы жеткізіп, екі бетіне егін ектіріп, халыққа күн көріс қамын жасатқан. Ел аузында Мысық би айтқан деген сөздер бар. Олар – «Ерегіссең ел болмайсың. Сөз сыйласаң кем болмайсың. Біріңді-бірің жамандап тілге салсаң, оңбайсың. Еліңді бүлдірсең, етегің ашылады, қолыңдағынның бәрі шашылады, дұшпаның қасыңнан табылады, сөйтіп өзіңе жабысады».
Мысық кесенесі Аққыр ауылдық округіне қарасты Шәргелтай бөлімшесінің оңтүстігінде 17 шақырым жерде орналасқан.
Кесене өлшемі 28х18х10 см. болатын қам кесектерден қаланған бір камералы, порталды-күмбезді құрылыс. Кесененің ішкі-сыртқы беті қалың етіп сабан сылақпен сыланған.
Жалпы формасы – квадратты, 6 х 6 метр болып келген. Жалпы биіктігі – 6,90 метр. Кесене цилиндр тәрізді барабанның үстінде орналасқан конус пішінді күмбезбен жабылған. Барабан қалыңдығы 1 метр болатын қабырғаның үстіне орналасқан. Төрт бұрышына домалақ пішінді төрт бағана (гульдаста) тұрғызылған. Жебе тәрізді үшбұрышты етіп қаланған кесене есігі оңтүстік - батыс жаққа қаратып салынған. Ішінде жартылай қираған қабір жатыр.
Құрылыс көлемі, шамамен 320 куб.м. Қазіргі уақытта кесененің екі бағанасы мүжіліп, қирап қалған. Сыртқы қабырғалары әр жерден шатынап жарылған.