«АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» АРДАГЕРЛЕРІН ҰЛЫҚТАДЫ
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекетттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалында 1-қазан Халықаралық қарттар күніне арналған «Қарттарым - асыл қазынам!» атты салтанатты жиын өтті.
Мерекеге орай филиал жанынан ашылған «Ардагерлер кабинетінде» өткен құрмет кешінде ақ тілектер мен алғыс ағылып, әлеуметтік, жер қатынастары және халыққа қызмет көрсету салаларында ұзақ жыл еңбек етіп, аймақтың дамуына атсалысқан ұжым ардагерлер құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.
Өз кезегінде бүгінгі Филиал қызметімен танысып, жұмыс барысынан хабардар болған еңбек майталмандары ұжым мүшелерін маңызды міндеттерін абыройлы да адал атқаруға шақырды. Зейнеткерлік демалыста жүрсе де, филиалдың қызметінен әрқашан хабардар болуға тырысатындықтарын айтты. Мерекелік шара ұйымдастырған мекеме басшылығына өз алғыстарын жеткізді.
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін дәстүрімізден жаңылмай, бүгін ұжымның ардагерлеріне сый-құрмет жасадық. Филиал жанында құрылған ардагерлер ұйымының кабинетінің тұсаукесерін жасадық. Енді біздің апа-ағаларымыз кездесіп, емен-жарқын әңгімелесуге, жастарға тәлім-тәрбие, ақыл-кеңес беруге мүмкіндік алды. Шараға зейнетақы есептеу және тағайындау, жылжымайтын мүліктерді тіркеу, жер кадастры, халыққа қызмет көрсету саласында көп жыл еңбек еткен ардагерлеріміз келіп, өздерінің қызығы мен қиындығы қатар жүрген еңбек жылдарынан естеліктерімен бөлісті. Ол кісілердің өткен еңбек жолы бізге үлгі, ардақтау – парызымыз. Ардагерлеріміз, үлкендеріміз әрдайым аман болсын!», - деп филиал директоры Айдын Қайруллаев ізгі тілегін жеткізді.
Салтанатты шара соңы әсем ән мен күмбірлеген күйге, мың бұралған биге ұласты. Мереке иелері арнайы жайылған ақ дастархан басында танымды әңгіме өрбітіп, бір марқайып қалды.