ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ КОМСОМОЛ
Комсомол ұйымының құрылғанына 100 жыл толуына орай Арал аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Жиынға еңбек жолдарын ауданда бастап, еліміздің түрлі аймағында абыройлы қызмет атқарған азаматтар да арнайы қатысты.
Мазмұнды шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, ардагерлерге өзінің игі тілегін білдірді.
Сондай-ақ, аға буынның өнегелі өмір белестері жастарға мәңгі өнеге екендігін айтып, көпшілікке аралдық ақын Жарасқан Әбдірашұлының «Ұрпақтар сырласуы» атты өлеңін оқып берді.
«Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Божанова комсомолдың ғасырлық тарихын жинақтау барысында бірлестіктің бастама көтергендігін, соның нәтижесінде жастардың жұмыла қимылдап, өз ата-әжелерінен бастап, әрбір аудан, ауылдардағы комсомол ұйымының мүшесі болып, елеулі еңбек еткен жандар туралы деректер жиналғандығын айтты.
Жиын соңы аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.