ЖАС МАМАНДАР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ҚЫР-СЫРЫНА ҚАНЫҚТЫ
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» өтті.
Шараға түрлі мемлекеттік органдарда жастар практикасы арқылы тәжірибе жинақтап жатқан азаматтар қатысты. Қатысушыларды департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Еркебұлан Сарымбетов қарсы алып, мемлекеттік қызметтің беделін атап өтіп, мемлекеттік қызметке кіру мен бос әкімшілік лауазымдарға орналасу үшін конкурсқа қатысу тәртібін түсіндірді.
Жастар мемлекеттік қызметке орналасу бойынша көрнекі жадынамалармен танысуға мүмкіндік алды.
Жас мамандарды мансаптық өсу мәселелері, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға тест тапсыру тәртіптері, мемлекеттік органдарда сұранысқа ие мамандықтар тізімі қызықтырды. Жастардың көпшілігі болашақта бос лауазымдарға орналасу мақсатында конкурстарға қатысуға ниет білдірді.
Өз кезегінде, департамент қызметкерлері қажетті ақпараттарды беруге дайын екенін атап өтіп, оларға өз қызметтерінің кәсіпқойы болуларына тілектес екенін білдірді.
Соңында «Ашық есік күні» шарасына қатысушы жастар тестілеу орталығының жұмысымен танысты.