ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАР АТАУЛАРЫНЫҢ ЭТИМОЛОГИЯСЫ (ТҮЙМЕ)

Музей қоры және экспозициясындағы этнографиялық жәдігерлерді зерттеп, оларға ғылыми сипаттама беру барысында, зерттеліп отырған заттың атауына еріксіз назар аударасыз. «Осы зат неге осылай аталды екен, халқымыз неге осылай атап кеткен екен?» деген ой сананы билеп алып, ой тұңғиығына алып кетері рас. Қазақтың тұрмыс-тіршілігінен ақпар беретін этнографиялық жәдігерлер, оның ішінде әшекей бұйымдар атаулары біраз дүниені ашып, айтып берері анық.
Қазақ зергерлерінің ең көп жасайтын әшекейлері – жүзік, білезік, сырға, шолпы және белбеу атауларының этимологиясы туралы мақалаларды назарларыңызға ұсынған болатынбыз. Бүгін түйме сөзінің төркініне үңілетін боламыз.

Түйме сөзінен түймедақ, түймене сынды сөздер өрбиді. Мысалы, түймедақ – гүлді жапырақшасы бір-біріне жанасып, ортадағы сары гүлшоғына жиналған ақ гүлді өсімдік, ал түймене – теріге шығатын іріңді жара. Екі сөзді санада зерделей келе, түймедақтың жапырақшалары бір гүлшоққа түйінделіп, гүл шоғының пішіні түймеге ұқсас дөңгелек келетіні, ал түймененің, яғни жараның түйме сынды дөңгелек формаға ұқсас болатыны және бір жерге түінделіп шығатыны аңғарылады.
Жұдырықты түю деген сөз тіркесі «алақандағы бес саусақты бір жерге жинау арқылы жұдырық жасап, сес көрсету» дегенді білдіреді, ал санада немесе көңілде түю деген сөз тіркесі «айтылған ойды шашыратып алмай, санада немесе көңілде жинау, түйіндеу» дегенді білдіреді. Осыдан түйсік деген сөз еріксіз тілге оралады.
Түйсік – сананың, ақыл-ойдың тітіркенуі арқылы болатын сезіну қабілеті, ауыспалы мағынасында ақыл-ой, сезім, зейінді білдіреді.
Түйсігі бар адам деген тіркесті көп пайдаланамыз, ол – кез келген ақпаратты сезім арқылы қабылдап, ақылға сала отырып, санада қорытындылау арқылы белгілі бір түйінге келетін адам. Қорытындылай келгенде, барлығы да түй деген түбір сөзден шыққанын байқауға болады.
/жалғасы бар/
Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің
«Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі
