МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ
Қызылқұмның қойнауындағы Жаңадария ауылының тұрғындары мал шаруашығын дамытуға аса ықыласты. Атакәсіпті қайта жандандырған ауылдағы ағайын ет, сүт өнімдерін саудаға молынан шығара бастады.
Бұған мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламаларға ауыл халқы дән риза. Оның игілігін көрген азаматтар қазіргі таңда бастаған кәсібін одан әрі дамытып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі – «Нағи» жеке қожалығының иесі Кенжебек Өмірзақұлы.
Ауыл азаматы төрт түлікті баптаудың қыр-сырын жетік меңгерген. Мал өнімінен түсетін пайданың мол екенін білген ол қолдағы ірі қараны асылдандыру бағытында жұмыс жасай бастады. Сөйтіп, бірнеше жыл бұрын Ақмола облысынан 3 бас асыл тұқымды бұқа алдырды. Нәтижесінде малды асылдандыру арқылы ет бағытында мол өнімге қол жеткізетінін білді. Сонан соң Кенжебек ауыл іргесіндегі жайылымға қолайлы, шөбі құнарлы Бестам учаскесіне «Нағи» жеке қожалығын құру жөнінде құжат әзірлеп, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиенің көмегіне жүгінеді.
Бастаған ісін одан әрі дамытуға ниет білдірген ол – өткен жылы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының бастамасымен жүзеге асырылған «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы арқылы 4 млн теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Қолға тиген қаражатқа 27 бас сиыр алып, қазіргі таңда малды асылдандыру, оны бордақылау бағытындағы жұмыстарды одан әрі ширата түсті.
– Менің жобамды жүзеге асырған «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы көптеген азаматтар өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алды. Соның игілігін көргендердің қатарында мен де бармын. Қазіргі таңда малды асылдандыру, бордақылау бағытында жұмыс жасаудамыз. Қазіргі кезде бастапқыда алған 3 асыл тұқымды бұқа саны – 7-еуге көбейсе, ал ірі қара саны 100-ден асып түсті. Жуырда 4 бас «Әулиекөл» тұқымды қазақы бұқаны Қарағанды өңірінен алып келдік. Алдағы уақытта мал сою алаңын ашып, ірі қараның басын одан әрі көбейту жоспарда бар, – дейді К.Өмірзақұлы.
Иә, ірі қара малын күтіп-баптаудың өзі тынымсыз тірлік пен мол жауапкершілікті қажет етеді. Айта кетейік, «Нағи» жеке қожалығы мал азығына қажетті жем-шөпті де өздері өндіреді. Бастапқыда «Қожық ата» егін ШҚ болып құрылған бұл шаруашылық қазіргі таңда ірі қараны асылдандыру, бордақылау жұмыстарын қолға алды. Мұнда малдың ебін білетін бірнеше ауыл азаматы тұрақты жұмыспен қамтылған.