МҰНАРАЛАРДЫҢ ТАРИХЫ МЕН МАҢЫЗЫ
Орта Азияданың жазық далаларында сирек кездесетін мұнаралы деп аталатын ескерткіштер Қазақстан бойынша Қызылорда облысы аумағында көптеп шоғырланған. Бүгінгі таңда облыс бойынша тарихи мәдени ескерткіштер тізімінде жалпы 20 мұнаралы ескерткіш есепке алынған.
Сыр өңірінің Қармақшы ауданы аумағында соңғы жүз жылдықта біршама археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, бірнеше науқандық экспедициялар ұйымдастырылды. Нәтижесінде бірнеше қалалар мен қоныстар, бекініс сарайлар, ежелгі қоныстардың орны, кесенелер мен күзет мұнаралары анықталды. Тәуелсіздік алған жылдан бері ескерткіштерді мемлекеттік тізімге енгізу, алдын-ала есепке алумен және ескерткіштердің төлқұжаттарын рәсімдеу, қорғау тақталарын орнату жұмыстары жүргізілді.
Солардың бірі ғылымда мәліметтері таяз бекіністік (фортификациялық), сәулеттік-көркемдік және тарихи маңызы зор – мұнара ескерткіштері.
Мұнаралар – орта ғасырларда мешіттерде биік күмбезді құрылыс ретінде мешіттердің жанында және даладағы діңнің, не биіктік төбенің үстіне тұрғызылған.
1989 жылы М.Бисембиев Арал өңірінің Жаңадария мен Қуаңдария арналарының бойында 200-300 км дейін созылған Жаманқара, Сакей, Батық, Ақбас, Жомарт, Қызылбас, Мұнаралы, Сарбайқазған, Боранбай, Белгісіз мұнараларын анықтаған.
Олар аралығы 5-7 шақырымдай бір-біріне бір шақырымдай жерден көрінетіндей орналасқан. Зерттеуші олардың ішінде Мұнаралы және Қызылбас мұнараларына жан-жақты сәулеттік құрылымды сипаттама береді. Бұл мұнаралар Хиуа және Қоқан басқыншыларынан қорғану үшін ХҮІІІ ғ. салынғаны мерзімделіп, сәулеттік-көркемдік тұрғыдан бағаланып, кейбірі әскери-қорғаныстық түріндегі көркем-өнер ескерткіштеріне жатқызылған /М. Бейсембиев Костры на башнях. ПИКК Выпуск 4. Алма-Ата.-1989.-с.32/.
Енді осы Қармақшы өңірінде орналасқан мұнараларға жеке-жеке тоқталып өтсек.
/жалғасы бар/
Айдынбек АЙТБАЙҰЛЫ
Өлкетанушы