АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ИНСТИТУТТАРЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Облыстық ішкі саясат басқармасының «Үкіметтік емес ұйымдарға арналған ақпараттық-ресурстық орталығы жұмысын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы Жандос Базартай Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында және Қызылорда қаласында үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерімен кездесті.
Оған аудандарда облыстық «Жас Ғалымдар Альянсы» қоғамдық бірлестігінің президенті Ғани Байұлы, Қармақшы ауданында кездесуде аудан әкімінің орынбасары Е. Меңлібаев, Жалағаш ауданында ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғ.Телібаев, Сырдария ауданында ішкі саясат бөлімінің басшысы А. Мырзахметова қатысты.
Сонымен қатар аталған аудандарда үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен жалпы жиналыста Астана қаласында өтетін VIII Азаматтық форумына ұсынылған ұсыныстар мен қазіргі таңдағы ҮЕҰ-дың хал-жағдайы талқыланды.
Қызылорда қаласында облыстық ішкі саясат басқармасынан, қалалық ішкі саясат бөлімінен, жастар мәселелері басқармасынан мамандар қатысты. Кездесу барысында ҮЕҰ өкілдері тарапынан азаматтық сектордың қызметін жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды. Қауымдастық төрағасы бірлестік өкілдерінің мәселелерін тыңдап, ұсыныс-тілектеріне қанықты.