ТАҒЫЛЫМЫ ТЕРЕҢ ТҰЛҒА
Ел экономикасын, әлеуметтік жағдайын көтеруге айтарлықтай үлес қосқан, ерен еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленген, өз дәуірінің дара тұлғаларының есімдері тарих беттерінен ойып тұрып орын алады.
ХХ ғасырда ел басқарудағы өздерінің тектілігімен, өнегелі істерімен, Жалағаш ауданы даңқын шығаруға қызмет еткен бірқатар аға-әпкелеріміз бүгінде Сыр елінің мақтанышына айналды. Олардың қатарында аудан тарихында өзіндік үлесі бар, партия, совет органының көрнекті өкілі, адалдық пен әділдікті ту еткен, еңбегімен ел құрметіне бөленген біртуар тұлға Тоқшылық Ағыбаев та бар.
Жалағаш аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде еңбекқорлығымен, адамгершілік қасиетімен елдің құрметіне бөленген Т.Ағыбаевтың 90 жылдығына орай «Тумасы бөлек тұлға» атты кеш өтті. Біртуар азаматты еске алуға арналған кешті кент әкімі Н.Байымбет ашып, оның өнегелі өмір жолдарынан сыр шертті.
– Киелі Жалағаш топырағынан нәр алып, жастық жалынын, қажыр-қайратын, білімін туған еліне, оның жарқын болашағына, кемел келешегіне жұмсай білген жүректері таза аға-апалардың өткен өмір жолдары – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Олардың әрқайсысының кеңес дәуірінің қатаң тәртібіне бойұсынған, ұлы тұлға бола білгенін бүгінгі тарих беттерінен білеміз. Осындай қажырлы еңбегі мен тынымсыз ізденісінің арқасында парасаттылықтың биігінен көрінген Тоқшылық ағамыздың қарапайымдылығы, үлкен-кішіге ізеттілігі, өз ісіне деген жауапкершілігі, азаматтық есімі мәңгі ел есінде қалмақ.
Еңбекке ерте араласқан ағамыз 1946 жылы орта мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың тарих факультетінде білім алып шығады. Алғашқы еңбек жолын Сырдария ауданына қарасты Шымбөгет орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып бастайды. Одан кейін әр жылдары аудандағы мектеп инспекторы, аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, тағы басқа да қызметтерді абыроймен атқарады. Жалпы, Тоқшылық ағамыз біліктілігімен, парасаттылығымен ел байлығын арттыру жолында тынымсыз еңбек етті. Ол Исатай Әбдікәрімов, Нәзтай Сермаханова, Сейітнәби Мұқашев, Қонысбек Қазантаев, Болтай Табынбаев, Темірхан Бекжанов, Зияда Ижанов сынды ел ағаларымен тізе қосып, өңір әлеуетін көтеруге өз үлесін қосты, – деді кент әкімі Н.Байымбет.
Мұнан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев сөз алып, атпал азаматтың ілкімді істерін атап өтті.
Саналы ғұмырында ауданның өркендеуіне үлес қосып үлгерген Т.Ағыбаев зейнеткешыққан соң да қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Аудандағы ардагерлердің басын қосты, оларға көмектесті. Кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Көштаев Тоқшылық ағаның осы қоғамдық жұмысына адалдығын еске алды. Сондай-ақ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Рысбай Кәрімов, мәдениет саласының ардагері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жұмабек Аққұлов, мәдениет саласының ардагері Баян Төлегенқызы және ұрпақтары мен туған-туысқандары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін өнегемен өрілген өмір жолынан сыр шертіп, еселі еңбегі тарих бетінде мәңгі сақталатынын жеткізді.
Кеш соңы аудан өнерпаздарының еске алуға арналған концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Н.АЛМАС