ПАЙДАЛАНА БІЛСЕ, ЖЕЛ ЭНЕРГИЯСЫ ДА ИГІЛІК
Жайылымдық жерлерді тиімді игеру мен жекелеген шаруа қожалықтарында баламалы энергия көздерінің пайдасы зор. Бұны Сыр бойындағы шаруалар іс жүзінде дәлелдеп отыр.
Жалпы, жасыл энергияға көшу туралы Елбасы тапсырмасы да бар. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл бағытта Қызылорда облысында бірқатар игі жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан шаруашылықтар жылдамдығы жоғары желдің күшін кәдеге асыруда.
Мәселен, Қармақшы ауданы Төребай би ауылы тұрғыны Абзал Жақсылық – желдің игілігін көріп отырған шаруаның бірі. Жасыл экономика – бұл адам өмірінің ұдайы өндірісіне қажетті табиғи негізді бұзбайтын, биосфераның шаруашылық сыйымдылығы шеңберінде дамитын экономика десек, қарапайым шаруа мұны өз игілігіне пайдалануды көптен бері ойластырыпты.
– Бұрын қаншама бензогенераторымыз бір жылға шыдас бермей күйіп кетіп жататын. Оны пайдалану барысында жанар-жағармайға тағы бір шығындаласың. Нарық заманы емес пе, істі жүргізудің тиімді жолын іздеструмен болдым. Яғни, желден энергия алатын құрал туралы зерттеп-зерделей бастадым. Оның тиімділігі зор екенін түсініп, құрылғыны сатып алдым. Сонан соң тұғырына труба жалғап, ұзартып қойдым. Жоғарылаған сайын желдің жылдамдығы арта береді екен. Бұл – энергияны көп мөлшерде өндіру деген сөз. Қазір біздің шаруашылықта жарық мәселесі шешілген. 230 амперлік екі аккумуляторды кезек-кезек қуаттап алып отырмыз. Екінші жылға кетіп барады. Май-су сұрамайды. Бұрынғыдай дарылдап шығатын дауыс та жоқ, жанармай тасып шаршамайсың. Енді күннен энергия алатын құрылғыларды алуды көздеп отырмыз. Бұйыртса, ол мақсатқа да жетеміз, – дейді Абзал Жақсылық.
Қармақшы ауданындағы «Шабан-Ата» шаруа қожалығы нақты кезеңде желден энергия алып отыр. Ата кәсіпті жалғаушы Төребай би ауылы тұрғыны құрылғыны қолдануды жетік меңгеріп алған. Жел күшейіп, энергияны көп беріп жатса, дереу ажырата қояды. Енді энергияны көп қажет ететін мұздатқышты жұмыс істету қажет. Ол үшін аккумулятор санын көбейту керек екен.
– Қазір жел энергиясы арқылы жарық пен теледидарды, телефон қуаттағыштарды ғана пайдаланып отырмыз. Мұздатқышқа жете қойған жоқпыз. Бірақ оны да істеуге болады, – дейді мақсаткер жан.
Бұл күнде шаруашылықтың түр-түрін қолға алған қожалықта мүйізді ірі қара мен жылқы малы бар. Одан бөлек, 20 гектар жерге бақша өнімдері, 22 гектар мақсары, 50 гектардан астам жоңышқа өсіруде. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы сиыр алып, «Құлан» бағдарламасымен жылқы өсіріп отыр.
Аталған шаруашылық 1998 жылы құрылған. Биыл 20 жылдығын да тойламақ. Бұл қожалықта бірнеше отбасы несібесін айырып келеді. Әйткенмен, малшы табу қиындап барады екен. – Мәселен, біз малшы алсақ, сиырдың сүтін өзі пайдаланады, жем-шөбін сақадай-сай қылып береміз. Барлық қажеттілігін қамтимыз, жалақысы тағы бар. Жақсы пайда таба алады. Бірақ соған адам табу қиын. Осы мәселе болмаса, басқасының барлығы жолға қойылған, – деді Абзал.
Ауласында желдеткіш айналып, энергия өндіретін шаруашылықтың өркен жайып, көкжиегі кеңитіні анық. Біз желдің өзін пайдаға жаратқан берекелі іске «бәрекелді» дестік.
Қармақшы ауданы