ЖАСЫЛ ЭНЕРГЕТИКА – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы аса қырағылықты, шапшаң қимылдауды, жедел бейімделуді талап етеді.
Сыр өңірінде де жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта бұл бағытта тағы да 2 жобаны жүзеге асыру басталды.
Инвестор «Байқоңыр Солар» серіктестігі Сұлутөбе мен Бірқазан елді мекендерінің аралығында қуаттылығы 50 МВт күн электр станциясының құрылысын салуды жоспарлауда. Осы орайда, 2018 жылғы 17 мамырда Астанада ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринк арасында күн электр станциясын салу жобасын қолдау туралы келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта технико-экономикалық негіздемесі әзірленуде.
Сонымен қатар, Жалағаш ауданында қуаттылығы 30 МВт күн электр станциясының құрылысын салу жоспарлануда. Станцияның құрылыс жұмыстарына инвестор «Номад Солар» серіктестігі ниет білдіріп отыр.
«Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заңына сәйкес қазіргі уақытта жаңартылатын энергия көздері жобалары үшін аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу бойынша жұмыстар басталды.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Энергетика министрінің 2017 жылғы 21 желтоқсандағы №466 бұйрығымен Аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу жөніндегі тиісті қағидалар бекітілді.
Министрлік аукциондық сауда-саттықты өткізудің болжамды күнінен кем дегенде 3 (үш) ай бұрын аукциондық сауда-саттық өткізудің кестесін әзірлейді және өз интернет-сайтында жариялайды, онда жаңартылатын энергия көздері объектілерін салу үшін резервке алынған бос жер телімдері туралы ақпаратты көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің сұранысымен облыс аумағынан 2 жер учаскесі таңдалып, резервке қою туралы ұсыныстары берілді:
1. Арал ауданы аумағынан қуаттылығы 16 МВт жаңартылатын энергия көздері үшін жалпы көлемі 50,0 гектар;
2. Жаңақорған ауданы аумағынан қуаттылығы 15 МВт жаңартылатын энергия көздері үшін жалпы көлемі 50,0 гектар.
Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ, «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасында қарастырылған мақсаттарға жетуге оң ықпалын тигізеді.