ДӘСТҮРЛІ, ЗАМАНАУИ ЖӘНЕ АРАЛАС МУЗЕЙ ҚҰРЫЛЫМЫ
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын қоғам өкілдері, жалпы қалың бұқара жылы қабылдады. Онда Елбасы қазіргі қоғам талабына сай ел болашағына бағытталған айқын басымдықтарды атап көрсетті. Бастысы, біздің рухани кемелдену мұратымыз аса биік екенін көрсетті.
Осы орайда білім беру ісінде музейдің ролі туралы Қызылорда облыстық музейінің меңгерушісі Әйгерім Бекқұлиеваның мақаласынының жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.
- ... Қазіргі білім мекемелерінің, кітапханалардың, театрлардың ерекше әрі бай қоры бар, сондықтан мәдениет және білім ошақтары адамның тек құнды біліммен сусындауына мүмкіндік беретін жолды іздеп, халыққа ұсынып келеді.
Осындай мекемелердің қатарында музей де тұр. ХХІ ғасырда музей өзектілігін жоғалтып алмауы үшін, музей қандай болған, қандай болды, алдағы күнде оның даму жолында қандай үрдістер қалыптасу керек деген сұрақтарға тұшымды жауап алып, түсініп алу керек.
- Қазіргі заманда экскурсантты дәстүрлі емес музейлер көбірек қызықтыруда. Үлкен қарқынмен дамып жатқан қоғамда музей әлемді түсінудің жаңа жүйесіне бейімделу үстінде. Дәстүрлі музей материалдары жаңа келушілерді қызықтыра қоймайтыны, музейге қайта келуге ықыласының болмайтыны айтуға қиын болса да бұл ащы шындық.
- Дәстүрлі музейлерде іс жүзінде ешнәрсе өзгермейді, экспозициядағы барлық заттар өз орнында тұрады. Дегенмен, дәстүрлі музейлердің оң жақтары да бар. Анық және түсінікті көрермендік құрылым тұрақты орныққан. Консервативті көзқарасты кей экскурсант тұрақты, өзгеріссіз экспозицияны көруге қайта келеді, өйткені ол материалды ұзақ әрі нақты зерттеуге мүмкіндік береді. Дей тұрғанмен, жас ұрпақты үнемі өзгеріп, уақытпен бірге қозғалыста жүретін, «экспозиция динамизмі» бар заманауи музей қызықтырады.
- Жастар музейдің қазіргі заманның талаптарына жауап бере алатындай және әрқашан жаңалықтарға толы болғанын қалайды. Заманауи музейдің ерекшелігі – келушілермен тіл табысуында және экспозиция жасауда көпқырлы әдіс-тәсіл қолдануында.
- Біздің қоғамда өзінің салты мен қағидалары бар, сонымен қатар, қолдан келгенше өзін қазіргі заманға сай қылғысы келетін аралас музейлер кең етек алуда. Аралас музей қызметі – дәстүрлі музей құрылымын пайдалана отырып, білім және тәрбие формалары көмегімен экскурсантқа материалды заманауи тұрғыда жеткізу. Олар уақытша көрмелер, тұрақты экспозициядағы ішінара өзгерістер не болмаса қосымша семинарлар, ғылыми-біліми бағдарламалар, саяси-хабарлар, жиналыстар, жиындар, лекциялар, конференциялар, дебаттар, кездесулер, экскурсиялар (тақырыптық және шолу), конкурстар, музейге келушілермен қосымша жұмыстар, т.б. болуы мүмкін. Бұл үрдіс Қазақстан музейлерінде кең етек алған.
Д.Камерон музейдің бір бағыты ретінде музейде арнайы аудиториялық мектеп немесе институт қалыптастыруды ұсынды. Мәселен, оқу орындарында оқытылатын дәрістерді музейде ұйымдастыру, музейде тірі жәдігерден мысалдар келтіре отырып, мектеп оқушыларына сабақ өту, жас мамандарға арнап тренинг өткізу. Осының негізінде музейлік коммуникация жүйесі реттеледі, ал дәріс тыңдаушының кәсіби шеберлігі шыңдалады деп түсіндірді. Д.Камерон ұсынған идея қазіргі білім беру жүйесіне дөп келіп, музей мен білім мекемелері арасында тығыз байланыс орнауда.
Аралас музейдің білім және тәрбие берудегі информативті талаптары:
Экскурсия кезінде берілетін мәлімет өзекті, ғылыми жағынан дәйекті фактілермен негізделген болуы тиіс;
Берілетін мәлімет тақырыпты терең және толық ашуға мүмкіндік беріп, экскурсантқа түсінікті болуы керек. Ақпарат көлемі экскурсияның танымдық және тәрбиелік мақсаттарымен сәйкес, психологиялық және қажеттілігі мен қабылдауы жағынан аудиторияны қанағаттандырып, талабынан шығуға сай болуы керек;
Ақпарат экскурсанттардың білімі мен интелектуалдық деңгейіне сай болуы тиіс. Мүмкіндігінше келушілердің қызығушылығына, талабына орайластырылуы керек;
Келушілердің назарын аудартатындай ерекше, әр сипаттағы, салыстырмалы, контрасты материалдарды кең қолданған дұрыс.
- Дәстүрлі музейдің заманауи музейден ерекшелігі:
1.Дәстүрлі музейлерде рационалды идея басым, ал заманауи музейлер эмоциялық құрылымға негізделеді. Дәстүрлі музейлер ішкі қатаң құрылымға бағынады және айқын логикалық мәнге ие. Музей залдарының орналасуы мен жоспары, экспонаттарды таңдау мен орналастыру, музей ісін ұйымдастыру – барлығы әріден қалыптасқан ережеге бағынады. Бұл музейлерде құнды экспонаттарды жинақтау, сақтау және көрсету сынды міндеттер айқын анықталған. Дәстүрлі музейлерде әу басынан мақсат-міндеттер ауқымды қойылады, сол себепті әбден тексерілген дәстүрлі тәсілдер пайдаланылады.
Заманауи музей ережелерден ауытқуға ерік бере алады. Мұндай музейлерде танымдық ақпарат эмоция арқылы санаға сіңеді, эмоция көмегімен материал тез меңгеріліп, экскурсанттың қызығушылығын тудырады. Мұндай типті музейлерді тамашалаған қызықты, өйткені музей үнемі өзгерісте, қозғалыста. Бұл жағдайда музей жай ғана құнды экспонаттардың қоймасы ғана емес, қолжетімді және танымдық материалдардан тұратын қызықты, интерактивті кеңістік ретінде қабылданады. Заманауи музейлер адамды өзіне тартып, қызықтырып, қайта келуге шақырады, бұл жер өзіңе қажетті жаңа ақпаратты оңай табуға, ғылыми жаңалық ашуға мүмкіндік береді. Музейге қайта келген адамның жаңа эмоциялармен қайтатына күмән жоқ.
- 2. Музейдің ішкі құрылымын қарастырғанда, музейдің қандай типке жататынын аңғаруға болады. Дәстүрлі музейлерде әрқашан айқын жоспар және залдардың дәстүрлі орналасуы, берілген белгілі бағыт (маршрут) және өзгермейтін экспозициялар орын алған. Дәстүрлі емес музейлерде жоспарлық шешімнің өзі қызығушылық тудырады. Бұл музейлер бірнеше бағыттардың болуымен, бір-бірімен салыстырғанда залдардың өзгеше орналасуымен ерек. Музейге келуші өз бағытын өзі таңдайды, соның ішінде бағыттар өзгеруі, шырмалуы, қосылуы не айырылуы мүмкін. Экспозицияны тамашалау барысында ерекше олжаға тап болып, интерактивті әрекеттер болуы мүмкін.
- 3. Дәстүрлі және дәстүрлі емес музейлердің басты айырмашылығы – келушілердің экспозицияға, нақтырақ айтсақ, экспонатқа қарым-қатынасы. Дәстүрлі музейлерге «субъект-объект» байланысы тән. Басты акцент шынының артында орналасқан экскурсантқа қолжетімсіз экспонатқа қойылады. Экскурсант экспозициядағы дүниелерге қызықтап қарап, қызығып қана қояды, онымен байланысқа түсе алмайды. Экспозицияның кейбір түрлеріне тек көрсету (демонстрация) әдісі тиімді (мысалы, өнер туындылары немесе сирек кездесетін тарихи экспонаттар). Мұндай жағдайда экскурсант пен экспонаттың арасында диалог болмайды, қарым-қатынас орнамайды, тек экспонатты визуалды көруге ғана мүмкіндік болады. Бірақ кейде экскурсантқа экспонатпен байланыс жасау керек әрі міндетті болатын кездер болады, ал дәстүрлі музей дәл ондай мүмкіндікті бере алмайды.
- Экспозициядағы әрбір заттың фактурасы болады, шыны витринадан бері шықпайтын өзіндік спецификалық иісі болады. Соны сезінуге дәстүрлі музей құрылымында мүмкіндік жоқ. Экспозициядағы әрбір экспонат белгілі бір атмосфераны ұсына алады, ал атмосфера экскурсанттар сезімдерінің максималды жиынтығынан құралады. Дәстүрлі музей сол кездегі атмосфераны экскурсанттың мүддесінен шығып, бере алып жатыр ма? Дәстүрлі музейде кездесетін негізгі қиындықтардың бірі – осы. Бұл міндеттердің көбісін «субъект-субъект» қағидасын жүзеге асыратын заманауи музей орындай алады. Бұл типті музейлерде акцент экспонатпен қоса адамға да беріледі. Бұл жерде экспонаттың дұрыс көрсетілуі, келушінің экспозиция туралы дұрыс ақпарат алуы, жақсы қарым-қатынас орнауы, экспозицияны жобалағанда мәліметті жеткізудің заманауи әдісіне көңіл бөлінуі сынды материалды ұғындырудың көптеген каналдарын қарастырады. Экспозицияның дұрыс құрылуы үшін келушінің өзі зерттеледі. Музей әлемінде оны «коммуникациялық тәсіл» деп атайды [5, 120 б.]. Адамның қажеттілігін, оның іс-әрекеттерге деген көзқарасы мен қабылдауын біле отырып, «экскурсант-экспонат» қатынасын құру оңай.
- 4. Дәстүрлі музейлердегі экспозицияны негізінен музей қызметкерлері жасайды, ол өзінің маңыздылығымен экскурсантты тартады және сонысымен халыққа көрсетуге лайықты деп есептеледі. Заманауи музейлерде басқа тенденция орын алған, экспозиция құру жұмысына тек музей қызметкерлері ғана емес, кәсіби дизайнерлер, жобалаушылар тартылады. Кейде атақты дизайнерлер шақырылып, музейдің атағы шығып, беделі артады.
- 5. Заманауи музейлердің экспонаттары, дүниелері стандартты экспонаттардан ерекшеленеді. Дәстүрлі музейлерде адамзат үшін тарихи-мәдени маңызға ие, уақытпен сыналған экспонаттар қойылады. Заманауи музей біздің уақытқа жақын кезеңдерден тұрады. Мысалы, заманауи өнер музейлеріндегі қазіргі заманғы қылқалам және мүсін жасау шеберлерінің туындылары жатады.
- Қоғам дәстүрлі музейлерден заманауи музейлерге біртіндеп көшіп келе жатқан секілді музей экспонаттары да уақытпен ілесіп өзгеруде. Заманауи музейдің басты айырмашылығы – сезім. Заманауи музейлердегі экспонаттар келушілердің белгілі бір эмоционалды-психологиялық тұрғыдан қабылдауына бағытталған. Бұл экспонаттар заманауи адам үшін қазіргі күннің талаптарына жауап береді.
- Германиядағы «Сенсориум» музейінде заманауи техникалық объектілер немесе физикалық құбылыстар, процестер көрсетілген. Мысалы, «Дыбыстық құбырлар» экспозициясы. Сонымен қатар, бұл музейде жарыққа, көлеңкеге, түстерге және оптикалық иллюзияларға арналған бірнеше экспозициялар бар. Ойын-сауық, танымдық үдеріспен ерекшеленетін тағы да бір музей – Амстердамдағы (Голландия) «Немо» музейі. Музей жаңа қызықты ойындармен қарсы алады. Ол қазіргі әлемнің құбылыстарын көріп қана қоймай, ұстауға, ойнауға, түрлі тәсілдермен танып-білуге мүмкіндік береді. Бұл музейдің негізгі ұраны – «Қолмен ұстау – міндетті!».
- Қазіргі таңдағы өзекті экспонаттарға дыбыс (кейде музыка), иіс, жарық, көлеңке, түс, сезім-түйсік сынды дерексіз ұғымдар жатады. Ақпарат – қазіргі маңызы зор музейлік затқа айналып отыр. Бұл – абстракті түсінік. Сондықтан, оны көрсету үшін түрлі әдіс-тәсілдер пайдаланылады. Ол мәтіннің жай мазмұны, үндеулер, хаттар, құжаттар және т.б. көрсетілетін затты халық назарына ұсынудың тағы бір әдісі – ақпараттық ағынды экспонаттау.
- Өткен ғасырда дәстүрлі музейлердің жаңа формаға ауысуы белең ала бастады. Заманауи музейлердің басты характеристикасы – оның тұрақсыздығында. Олар новаторлық статусын ұстап қалу және актуалдығын жоғалтып алмауы үшін үнемі өзгеріп отырады. Дәстүрлі музейлер, керісінше динамикалық өзгерістерге бейім емес. Заманауи жағдайларда олар инертті бола бастады. Бұл төмендегідей айырмашылықтарға алып келді:
- заманауи музейлер – эмоционалды, дәстүрлі музейлер – рационалды;
- заманауи музейлерде еркін құрылым, дәстүрлі музейлерде нақты құрылым орын алады;
- заманауи музей диалогқа, яғни «экспозиция-экскурсант», дәстүрлі музей монологқа құрылады;
- заманауи музейге кәсіби жобалаушы – дизайнерлер тартылады;
- музейлер экспозициялық материалдарымен де ерекшеленеді. Дәстүрлі экспонаттармен қатар дерексіз құбылыстардан тұратын түрлі объектілердің пайда болуы. Оларды шартты түрде 4-ке бөлуге болады:
- ойын (ойын-сауық-танымдық экспонаттар);
- физикалық (жарық, көлеңке, түс, дыбыс, иіс, сезім);
- ақпараттық (ақпарат – абстракті және актуалды экспонат);
- заттық (заманауи техникалық жетістіктер, дизайнерлік заттар).
- Музей осы күнге дейін адамды мәдени ортаға баулудың құралына айналып, компьютерлік технологияларға, яғни виртуалды әлемге қарсы тұратын кеңістік ретінде танылып келді. Қазіргі таңда музей жаңа қарқынды даму жолына түсті. Музей ісі жаңа компьютерлік технологиялармен бірге дамуда. Мультимедиялық презентациялар, электронды киосктер, «Музеолог» бағдарламасы, Ұлттық музейге жаңадан eніп жатқан online-ticket, аудиогид осыған дәлел.
Қоғам мен мәдениетте болып жатқан түбегейлі өзгерістерді көрсету арқылы, музейлер қазіргі кезде айтарлықтай өзгерістерді бастарынан өткеруде. Өзгеріске ұшырап жатқан әлемдегі музейлер қазіргі кездегі шындықтың көрінісі болып табылады. Музей қызметінің қазіргі таңда әлеуметтік-мәдени маңызы арта түсуде, музейлердің мәдени мұраларды сақтау әрі оларды көпшілікке насихаттаудағы, әлеуметтік бейімделу мен мәдени біртектілендіру үрдісіндегі, білім алу, бос уақытты ұйымдастырудағы рөлі жоғары [4, 112 б.]. Қазіргі заманғы музейлер білім, коммуникация, мәдени ақпараттар алумен қатар шығармашылық иновациялардың орталығына айналуда.
Әйгерім БЕККУЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің
бөлім меңгерушісі