ҰЛТТЫҚ СУСЫНДАР НАСИХАТТАЛҒАН КҮН
«Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «National taste» форматында Қызылорда қаласында ұлттық сусындар акциясы өтті. Акцияда қала тұрғындары мен жастарға шұбат, қымыз, айран сусындары жайлы танымдық ақпарат беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптелді.
«National taste» (Ұлттық сусыннан дәм тат) форматындағы акциясында қымыз, шұбат, айран жалпы халыққа ұсынылды. Шара облыс орталығындағы «Қызылорда тазалығы», «Қызылорда автобус паркі» ЖШС қызметкерлеріне және жол жөндеуші компания жұмысшыларына ұлттық сусындар таратумен бастау алды. Тіпті көшедегі жаяу жүргіншілер де көңіл аударып, ұлттық сусыннан дәм татты. Үлкендер жағы ақ батасын беріп, ризашылықтарын білдірді.
Шара кешкісін «Өнер» арбатында жалғасын тапты. Акция аясында тек ұлттық сусындар таратылып қана қоймай, жиналғандарға оның мәні мен мазмұнын айқындайтын толыққанды ақпарат берілді. Интеллектуалдық ойын ойнатылып, ұлттық тағамдарымыз бен салт-дәстүрлерімізге қатысты сұрақтар қойылды. Сонымен қатар, көпшілікке ұлттық сусындардың дәмін ажыратуға шұбат, қымыз, айран және көжесу ұсынылды. Сусындарды дөп басып тапқандарға ұлттық нақыштарғы естелік сыйлықтар табысталды.
Бесарық ауылынан арнайы келген «Әжелер ансабльі» әйуелете ән шырқап, ұлттық рухымызды асқақтата түсті. Қаламыздағы С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің әжелері де замандастарына қосылып, әсем әннен шашу шашты. Осылайша, ақ кимешек киіп, қазақтың халық әндерін жанды дауыста орындаған әжелер, қала халқына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Алдағы уақытта аталған «Өнер» арбатында ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қазақилығымызды көрсетіп тұратын мұндай ізгі шаралар жалғасын табатын болады.