ЕСКІ СУ ҚҰБЫРЛАРЫН ЖӨНДЕУ КЕЗІНДЕ ОРЫН АЛҒАН АҚАУДАН КЕШЕ АУЫЗ СУ УАҚЫТША ТОҚТАТЫЛДЫ
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қала әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаев мәлімдеді.
Сонымен қатар, баспасөз конференциясына "Қызылорда су жүйесі" МКК директоры Тілеуберген Қаныбетов те қатысты.
Кеше, 4 шілде күні қалалық орталық су жүйелерінде ауыз су уақытша тоқтатылды. Себебі, ауыз су қысымын 1,6-1,7 көтерілуінен қаланың ауыспаған ескі құбырларында және жеке тұлғалардың құбырларында ақау орын алды. Сондықтан, ауыз су қысымын көтеру үшін ескі жүйелерді ажырату жоспарланды. Соған байланысты, бүгінге дейін 17,7 км ескі құбырлар ажыратылды.
- Ауыз судың тоқтатылуы 4 шілде күні сағат 16.45-те басталды. Жібек жолы көшесіндегі д-560 мм ауыз су құбырынан Ергешбаев №62, 62а көпқабатты тұрғын үйлеріне тартылған д-150 мм ауыз су құбырында ақау орын алды. Ақаулы жағдай толық қалпына келтіріліп, қала орталығына ауыз су кешкі сағат 19.00-ден бастап берілді", - деді қала әкімінің орынбасары Б.Сәрменбаев.
Бүгінде осындай ақаулардың қайталанбауын алдын алу үшін судың қысымы 1,3-ке төмендетілді. Соның себебінен қала аумағындағы кейбір аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің 4-5 қабаттарына су толық көтерілмей тұр.
- Жалпы, қалаға қыс мезгілінде 38 мың куб жіберілетін. Көктем айынан бастап 62 мың текше метр су берілуде. Судың көбеюінің басты себебі, тұрғындар оны аяқсуға пайдалануда", - деді "Қызылорда су жүйесі" МКК директоры Тілеуберген Қаныбетов.
Айта кету керек, қалада 680 км ауыз су құбыры, оған қоса кәріз жүйелері бар. Соңғы 5 жыл ішінде кемінде 40-50 жыл болған, тозығы жеткен ауыз құбырларын ауыстыруға "Ақбұлақ", "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша қаржы бөлінді. Өткен жылы 27 жоба іске асса, оның 13-і ауыз суға байланысты. Биыл 13 жобаның 8-і бойынша ауыз су құбырлары ауыстырылды.