ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ ВОЛЕЙБОЛДАН ЖАРЫС ӨТКІЗДІ
Қызылорда қалалық пробация қызметі және Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен волейболдан жарыс өткізді. Спорттық шараға түзеу мекемелерінен босатылған, пробация қызметінің есебінде тұратын және белгілі бір тұрағы жоқ азаматтардан жасақталған 3 құрама команда қатысты.
Аталмыш жарыстың басты мақсаты - азаматтарды қоғамға бейімдеу, уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасау және оларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру болып табылады.
Тартысты өткен спорттық бәсекенің нәтижесі бойынша І орынды "Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың есебінде тұрған "Қайсар" құрама командасы иеленсе, ІІ орынды Пробация қызметінің есебіндегі шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған және бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға тартылған азаматтардан жасақталған "Бүркіт" командасы қанжығасына байлады, ал ІІІ орынға Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды бейімдеу орталығының есебінде тұрған азаматтардан құралған "Қыран" командасы табан тіреді.
Жеңімпаз командалар мен қатысушылар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.