ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА СПОРТ КЕШЕНІ МЕН КЛУБ АШЫЛДЫ
120 орындық спорт кешені Жалағаш ауданының Мәдениет ауылында ашылды. Естеріңізге сала кетейік, биыл мұндай кешен Жаңақорған, Шиелі және Арал аудандарында пайдалануға берілген болатын.
«Бүгінде Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірлерде спорттың бұқаралығын арттыруға, саламатты өмір салтын орнықтыруға, қазақстандықтардың кемінде 30 пайызының спортпен айналысуына айрықша мән беріліп отыр. Нақты кезеңде облыста бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындар үлесі 27 пайызға жетті. Елді мекендерде спорт нысандарына қолжетімділігін арттыру мақсатында өткен жылы облыстық бюджеттен 7 елді мекенде спорт кешендерінің құрылысы басталған болатын.
2009 жылы Мәдениет ауылында балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылған болатын. Мұнда 2 ҚР спорт шебері, 27 спорт шеберлігіне үміткер, 17 бірінші разрядты спортшылар дайындалды. Сондай-ақ, 2012 жылы құрылған «Наркескен» спорт клубында 444 бала 8 спорт түрімен шұғылдануда», - деп атап өтті аймақ басшысы.
Аталған спорт кешенінде бокс, теннис, күрес, футбол, баскетбол, гандбол залдары жұмыс жасайтын болады.
Сондай-ақ, осы күні Мәдениет ауылында 150 орындық клуб ашылды. Бұрынғы клуб 2002 жылы асар әдісімен салынған 100 орындық ғимараттың ішінде орналасқан болатын. Жаңа ғимарат ішінде ән, би, вокал, музыка және көркемсуретпен айналысу үшін бөлмелер қарастырылған. Естеріңізге сала кетейік, соңғы бес жылда облыс бойынша 20 ауылдық клуб салынып, пайдалануға берілді.
Одан бөлек, Жалағаш ауданында кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша көшпелі жиын өтті. Жалағаш ауданы әкімі Қайратбек Сәрсенбаев шағын және орта бизнесті дамыту барысы туралы баяндады.
2018 жылдың 1 маусымына Жалағаш ауданына 2357 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелді, оның 1775-і нақты жұмыс істейтіндер, яғни өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 19 пайызға артық. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда жалпы құны 227,8 млн. теңге 4 жоба мақұлданып, жалпы құны 84,4 млн.теңге 3 жоба бойынша ішінара кепілдендіру берілді. Одан бөлек, 65 кәсіпкер мемлекеттік грант алуға өтінім тапсырып, жалпы құны 21,5 млн. теңге 26 жоба іріктелді. 132 аудан тұрғыны «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша, ал 33 – «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында білім алды. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында жалпы құны 112,3 млн. теңге болатын 31 жоба мақұлданды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Қ.Көшербаев аудандарда кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бойынша жұмысты әрі қарай күшейтуді тапсырып, жыл қорытындысы бойынша биыл кәсібін бастаған әр аудан мен облыс орталығында үздік стартап-кәсіпкерлерді, сондай-ақ, үздік аудан әкімі мен жауапты лауазымды тұлғаны 1 миллион теңге көлемінде сыйақымен марапатталатынын атап өтті.
Атап өтейік, Қызылорда облысында 40 мыңға жуық нақты жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, бұл көрсеткіш 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,8 пайызға артты.
Шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жұмыспен қамтылғандардың саны 2018 жылдың 1 қаңтарына 84250 адам, ал шығарылған өнім көлемі 2017 жылдың қорытындысымен 302,186 млрд. теңгені құрады. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында аймақта 2476 жеке кәсіпкер, 78 шаруа қожалығы және 240 ЖШС құрылды.
Сондай-ақ, өңірде «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 1600 адамды оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда қатысушылардың алғашқы легі оқуды бітіріп, бизнес-жобаларын облыстқ комиссия отырысында қорғады. 291 адам оқу курстарын бітіріп, 127-сі жобасын қорғап шықты. Тағы да 800 жуық кәсіпкер «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында оқытылатын болады, бүгінгі таңда облыс бойынша 1171 адам оқу бітірді.
Естеріңізге салайық, кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жалағаш және Сырдария аудандарында жұмыс сапармен болып, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойныша көшпелі жиын отырыстарын өткізді және әлеуметтік нысандардың ашылу рәсіміне қатысты.