ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жерін түлетуге атсалысқан жандар туралы кейінгі толқын білуі керектігі атап көрсетілген, еліне елеулі еткен перзенттердің жарқын істерін үлгі ету қажеттілігі айтылған.
Шынында елжандылығымен, пайым-парасатымен, имандылық қасиеттерімен туған жердің дамуына айрықша қызмет еткен жандар болады. Олар ешбір еңбегін міндетсінбейді, «мен өйттім, мен бүйттім» деп кеуде қақпайды, барлық мәселе солай болуы тиіс деп қабылдайды да сонысымен кейде еңбегі елеусіз қалып жатады.
Бірақ олар, қарапайым халықтың жүрегінен орын алып, солардың ризашылығы мен құрметіне ие болады. Сондай жанның бірі – 1916-1956 жылдар аралығында Шиелі ауданындағы «Жаңатұрмыс» елді мекенінің құрылуы мен дамуына айрықша еңбек еткен, халыққа суықта пана, ыстықта сая бола отырып, тіршілік түйткілдерінде басшылық жасай білген жандардың бірі – Әлі Палмағанбетов болды.
Әлі Палмағанбетов 1895 жылы қазіргі «Жаңатұрмыс» ауылынан бес шақырым қашықтықтағы «Майлықұм» деп аталатын жерде дүниеге келген. 9-10 жасында Түркістан қаласындағы «Қарнақ» діни білім ордасынан білім алған. Сол уақыттағы саяси жағдайға байланыс¬ты молда болып, діни мәселелермен айналыспай-ақ, бес уақыт намазын қаза қылмай, имандылық жолдан таймай халыққа қызмет жасаған. Тұстастарының кейде «Әлі молда» деп атауы сонан болса керек.
1916 жылдары дарияның арғы бетінен «Отарбаға» томар (сексеуіл) тасушылар бригадирі болуымен басталған қызметі, кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында он-он үйден бірігіп ұйымдасып, тірлігін жасаушыларға басшылық жасаумен жалғасқан. Қарасарылар мен шегірлер бірігіп, 40 кепе соғып, сонда тұрған екен. Осылайша Жаңатұрмыс ауылының негізі қаланып, 1928 жылы артель, бригада сосын колхоз құрылған. 1930 жылы «Жаңатұрмыс» ауылдық кеңесінің председателі болып сайланған. 2-3 жылдан кейін ауыс-түйіске байланыс-ты уақытша председательдіктен босап, 1937 жылы халықтың қалауымен «Жаңатұрмыс» колхозына басқарма болып қайта сайланады.
Қазіргі «Байсын» ауылында сол кезде ауыл ортасынан жол қалдырып, екі жағына үйлер соғылған да, бұл көшені халық «Көтерме» көше деп атаған екен. Келе-келе ауылға жеті жылдық мектеп, клуб үйі соғылған. Мектепке Тұтқабай деген кісі директор, Баймахан есепші, Аман, Смайыл, Мақаш деген кісілер бригадир, Төлек парторг, Бәкір ауылсовет болған (қызы Базаркүлдің естелігі бойынша), жақсы басшылық нәтижесінде, колхоз мақта бидай, күріш егіп, халықтың жағдайы жақсара бастаған.
1937-1938 жылдардан бастап, ауылға жер аударылып шешен, грек, неміс ұлт өкілдері келе бастаған. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиыншылықтарда ауыл халқы осы ұлт өкілдерімен бірлесе жұмыс атқарған. Бір-біріне демеу болған.
1937-1946 жылдары «Жаңатұрмыс» колхозы ауданда алдыңғы қатардағы шаруашылық болған.
1946 жылдың күзінде (әйелі Дәменің естелігі бойынша) таңертең күн шығар шықпаста үйдегілер ұйқыда жатқанда, біреу тасырлатып атпен шауып келіп, үш бөлмелі үйді аралап шығып, ұйқыдағылар оянам дегенше атына мініп кетіп қалады. Кейіннен анықталғандай сол кездегі аудандағы колхоз басшылары басына келген зұлмат Әлікеңнің де басына келіп, жала жабылып сол күні бюрода мәселесі қаралу керек болған екен. Атпен келіп тексеріп кеткен райкомның бірінші хатшысы (Әбен Кенжеқараев) екен. Адалдығы мен тазалығына көз жеткізген хатшы бюрода жала жабушыларға «Мен жаңа таңертең барып, үй жайын көріп келдім. Үйінде шиттей бала-шағадан басқа ештеңе жоқ. Бұл кісіден мен бұған дейін де, бүгін де оғаш ешнәрсе көргенім жоқ» – деп жаладан аман алып қалады. Одан әрі Қызылорда қаласына 3 айға білімін жетілдіруге оқуға жібереді.
Оқудан келген соң 1947-1949 жылдары шаруашылықта бригадир қызметін атқарып, ал 1949 жылы «Жаңатұрмыс» колхозы «Қызылту» колхозына қосылуына байланысты қой фермасына басшы болып тағайындалады. Осы қызметті 3 жыл атқарып, денсаулығына байланысты ауылдық егіске мұрап болады. Содан 1956 жылы зейнеткерлікке шығады. Осылайша, 1916-1956 жылдар аралығында жоғарыда айтылған қызметтерді атқара жүріп, Жаңатұрмыс, Қызылту колхоздарының өсіп, өркендеуіне айтарлықтай үлес қосады.
Әлі Палмағанбетов 1918 жылы Жазкен қызы Дәмемен бас қосып 6 ұл, 6 қызды болған. 5 қызы жастай шетінеп кетіп, 6 ұл, 1 қызымен ұрпағын жалғастырып өсіп-өнген. Үлкен ұлы Сұлтан 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, Ленинград қоршауында болған, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ленинградты қорғаған» медалімен және соғыстан кейінгі мерекелік медальдармен марапатталған.
Екінші ұлы Махмут та 1942-1946 жыл¬дары Ұлы Отан соғысында 182-гвар¬дия¬лық атқыштар полкында старши¬на дәрежесінде қатысқан. Екі рет жара¬лан¬ған. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Бұл екі ұлы да соғыстан аман келіп, аудан көлемінде қызметтер атқарған.
Ұлдары Әбсаттар мен Базарбай колхозда бригадир, малшы, егінші және жүргізуші қызметтерін, келесі ұлы Сәдуақас пен қызы Базаркүл ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарса, кенже ұлы Кенжебек аудандық музыка мектебінде мектеп директорының орынбасары болып, музыка мектебінің ашылуы мен қалыптасуына еңбек еткен.
Сәдуақас ұлы Болаттың «Әлінің алты баласы» өлеңінде:
Сұқтанбай сен қарашы,
Дәме әжем болар анасы.
Қатарласып жүретін,
Әлінің алты баласы.
Көрсетпеді жамандық,
Бәрінде болды мамандық.
Алтауы да тілейтін,
Еліне тек амандық.
Сұлтан, Махмұт, Әбсаттар,
Жақсыны әр кез қыз жақтар.
Сәдуақас, Базарбай, Кенжебек,
Тірлігіне қарап ел мақтар.
Жігіттер еді өрімдей,
Бесеуі кетті көрінбей.
Алты азамат ұрпағы,
Жүрейік бірге бөлінбей, – дегендей, бүгінде бесінші ұлы Базарбайдан басқасы бақилық болған. Әлікеңнің осы балаларынан тараған ұрпақтары бүгінде бір қауым ел болып отыр.
Әліні жұрт «басқарма» деп атайтын еді. Елге сыйлы, жасы кішілерге ақылшы болды. Ешбір жанға қиянаты, артық сөзі болмаған. Қатты ашуланғанда ғана «тілеуің құрсын» деп ұрсады екен. Халыққа жасаған қызметімен, жақсылығымен, адалдығымен, тазалығымен және имандылығымен 1989 жылы 94 жасында өмірден өткен.
Жаңатұрмыс ауылының орталық көшесі және ұрпақтары соққан мешіт үйі «Әлі Палмағанбетов» атымен аталады. Ауыл халқы бұл кісіні әрдайым ризашылық сезімдерімен, ал, ұрпақтары мақтанышпен еске алып отырады.
Кенжетай ПАЛМАҒАНБЕТОВ,
ардагер ұстаз
Шиелі ауданы