КЛАССИКАЛЫҚ ӘНДЕР ШЕРУІ
Облыс орталығындағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің алдымызда ел болашағын сеніп тапсыратын, төл мәдениетін жақсы білетін, туған тарихын сүйетін естияр ұрпақ дайындау міндеті тұр» деп атап өткен еді. Иә, мәдениет – ұлттың мәйегі, өнер – мәдениеттің алтын қоры. Мемлекетіміздің мәдениеті мықты болса, еліміздің еңсесі де биік, рухы да жоғары болмақ.
Салтанатты шарада сөз алған Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова Елбасының Жарлығымен бекітілген мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі елімізде биыл бесінші мәрте аталып отырғанын, оның шығармашылық иелеріне зор қуат беретінін жеткізді.
Әдеттегідей төл мерекеде еңбегімен ел сүйіспеншілігіне бөленген лайықтылар марапатталды. Мәселен, облыстық филармонияның вокал жөніндегі репетиторы Инаят Жарылқанов Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің әртісі Фания Гафурова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сондай-ақ, филармония әртісі Наку Мирманов пен менеджер Құрманбек Боранбаевқа Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты, ал Бекзат Молдабергенов пен Руслан Балмасовқа басқарма басшысының Алғыс хаты табысталды.
Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалының төрайымы Раушан Үмбетова өнер иелерінің еңбектеріне сәттілік тілеп, бірқатар мамандарды «Еңбек даңқы» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапаттады. Олардың қатарында филармония әртісі Үміт Медеуова да бар.
Төл мерекеге арналған кеш соңы классикалық әндер шеруіне ұласты. Кеулімжай Ботабаевтың дирижерлауымен Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Айта кетейік, «Астана Опера» театрының солистері Жұпар Габдуллина мен Медет Шотабаев осы кеште өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Концерт шымылдығын Иоганн Штраустың «Трик-трак» шығармасы ашты. Ал Мұқан Төлебаевтың «Бақыт вальсі» мен Джузе́ппе Вердидің «Травиата» шығармасын кеш қонақтары Жұпар Габдуллина мен Медет Шотабаев орындап, кеш көрігін қыздырды. Бірқатар шығармаларға Күлдәрі Ізбанова дирижерлық етті.
Бұған қоса, кеште халық әні «Ақбақай», Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасы», Латиф Хамидидың «Бұлбұлы», «Қазақ вальсі», Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы» мен «Сұрша қызы», Ахмет Жұбановтың «Абай» операсынан Абайдың ариясы, Нұрғиса Тілендиев пен Шәмшінің және халық әндері орындалды.
Кеш соңында мереке иелері үшін сахнаға облыс әкімі атынан ықылас гүлі берілді.