ҚЫЗЫЛОРДАДА ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАНЫНАН БАЛАБАҚША АШУ ЖОСПАРЛАНУДА
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов мәлімдеді.
Дағдарыс орталығы отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға және қиын жағдайға тап болған адамдарға психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсетеді. Жандос Тұсмағамбетовтің айтуынша орталық азаматтарға өздерін қауіпсіз сезінулеріне мүмкіндік береді.
- Мұнда орналасқан азаматтар 6 айға дейін болу мүмкіндігі бар. Орталық жұмысының негізгі бағыты - психологиялық оңалту, құқықтық көмек, жәбірленушілерге әлеуметтік көмек көрсету. Бізге физикалық, психологиялық немесе экономикалық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтар келеді, - дейді орталық директоры.
Дағдарыс орталығына жыл басынан бері 75 адам орналастырылды, яғни ол 28 отбасы, 47 кәмелетке толмаған балалар.
- Негізінен орталыққа әйелдер өздерінің кішкентай балаларымен келеді. Олардың барлығы дерлік отбасылық дағдарыстың құрбандары. Олар бізді уақытша ғана паналайды. Біз оларға кешенді көмек береміз. Олардың көпшілігі жұмыс істемейді, кейбіреулері жоғары білімі жоқ, оны алу үшін олардың балаларына қамқорлық жасалу керек. Сондықтан болашақта әйелдерге жұмысқа орналасуға көмектесу үшін әлеуметтік балабақша ашуды жоспарлап отырмыз. Балалары балабақшаға барғанда, олардың аналары жұмысқа орналасу үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөліміне өтініш бере алады. Сонымен қатар оқу курстарына тіркеліп, олардың кейбіреулері өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар, - дейді Жандос Тұсмағамбетов.