ЖАМПОЗ ЖЫРАУ- ҚУАНДЫҚ
Ақындық пен жыраулық өнердің туын тіккен, жүз жырауы жыр көшін жалғаған қасиетті Қармақшы жері бүгінде өнердің өміршеңдігін рухани жаңғырта білген қасиетті өлке. Ел есінде қайраткерлігімен, сөз шешендігімен, өшпес ерлігімен тарихи тағылымға айналған тұлғаларды мәңгі есте қалдыру мақсатында атқарылған игі істер аз емес.
Сол асыл тұлғалар мекен еткен Қармақшы ауданы Жетіасар, Ақтайлақ пен Қуаң аралығы бүгінде тұнған тарихты қойнауына сақтап, тұңғиығына жасырып жатыр. Осы тұлғалар табаны тиген жер жүз шайыр, мың жүйріктің құтты мекені Тұрмағамбет ауылы - заңды мирасқоры дей аламыз. Жүз жырауын жүзіктеген, әр тұлғасының өз орны бөлек елдің мәдениет ошағына жүйріктей жампоз жырау Қуандық Бүрлібаевтың есімі берілгені дәстүрлі жыраулық өнерге, өрісті мәдениетімізге деген құрметтің айшықты белгісі.
«ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 26 желтоқсандағы №842 қаулысына және Қармақшы ауданының әкімдігінің 2017 жылдың 1 ақпанындағы №412 қаулысына» сәйкес жампоз жырау Қуандық Бүрлібаевтың есімі Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылдық клуб үйіне берілу құрметіне орай салтанатты шара өткізілді.
Аудан әкімінің орынбасары Мажит Самитов құттықтау сөз сөйлеп, жырау, профессор Алмас Алматов, ауыл ақсақалдары Нұртілеу Салықовтар Қуандық жырау жайлы естеліктер айтты.
Қуандық Бүрлібаев - ғасыр түкпірінен жеткен, бабалардан қалған жан жүйеңді босатып, алпыс екі тамырыңды балқытып жіберер мақамдарды бүгінгі ұрпаққа жеткізуші жырау, қанында сол өнерді түйіршігі бар Қуандық Бүрлібаев жыраулық өнерді сол кездегі астана Алматы төрінде ғана жырлап қоймай, Германия мемлекетінде де жырлаған еді. Міне, Қуандық Бүрлібаев Сыр сүлейлерінің алтын мұрасын осылайша әлем алдында жырлап, жарты ғаламды табындырған еді. Жапон еліндегі Токио қаласында Дүниежүзілік фольклорлық фестиваліне қатысып, дауысы дүниежүзілік өнердің алтын қорына жазылды. 1990 жылы Жапон сапарынан науқастанып келген Қуандық жырау 29 қазанда дүниеден озып, қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған болатын.
Осындай Қазақстан мемлекетінің өнеріне өлшеусіз үлес қосқан, жампоз жырау Қуандық Бүрлібаевтай қазақтың біртуар ұлдары кемде – кем. Қуандық жырау өз ортасы, қазақ даласын ғана емес, әлемді мойындатты.