КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫНА АЙНАЛҒАН ӨНЕРПАЗ
Ұлттық нақышты, ұлттық бояуды жоғалтпауға тырысатын талғампаз әнші-термеші Үміт Медеуованың есімі елге кеңінен таныс. Ол ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық филармонияның әнші-термешісі. Дәстүрлі әншілікпен қатар эстраданы қоса алып жүрген талант иесі ескірмейтін ескі әндерді жаңаша серпінде халыққа жеткізумен ерекшеленіп, көрермен көзайымына айналып үлгірді. Әуелетіп ән салып, тыңдарманын тамсандырып жүрген әнші Үміт Медеуовамен бүгінгі әңгімеміз де дәстүрлі әннің озығы мен тозығы жайында өрбиді.
– Әңгімені шығармашылығыңыздағы соңғы жаңалықтардан бастасақ...
– Қандай сала болмасын, бір орында тұрмау керек. Әсіресе, шығармашылық өнер үнемі дамып, тың жаңалықтармен толығып отыруы тиіс. Ізденістер, жаңа мақсаттар өнерді биікке жетелейді.
–Мен де қазір жаңа ән жаздыру үстіндемін. Соңғы күндері “Көздеріңнің көркемі-ай!”, Ғарифулла Құрманғалиевтың “Елге сәлем” атты әндерін сахнаға алып шықтым. Тыңдарман қауымға Индира Елубаева, Бейбіт Ахметовтың жаңа әндерін ұсындым. Жалпы, халықты әрдайым жаңа әнмен, жаңа образдармен қуантқым келеді.
– Әнші ретінде айтыңызшы, бүгінгі таңда дәстүрлі ән өнерінің беталысы қалай және оны заманауи үлгіде форматтау мәселесіне тоқталсаңыз.
– Басым көпшілік ұстанатын бағыт – дәстүрлі әннің эстрадаға жақын, форматталған, заманауи үлгідегі нұсқасы. Ол халыққа өтімді, әрі сұранысқа ие. Мен де осы бағытты ұстанатыным жасырын емес. Алайда, эстрадаға салу деген осы екен деп оның табиғатын түбегейлі өзгертпеймін. Сонымен қатар, дәстүрлі әнді эстрадалық бағытпен жеткізуге қарсы емеспін. Әннің түпнұсқасын бұзбайтын кейбір аспаптар бар. Сол арқылы әннің характерін дөп тауып айтатын болса, онда оның ешқандай кемшілігі жоқ. Қазір дәстүрлі ән өнері даму үстінде. Қоғамда дәстүрлі әншіге деген сұраныс та көбейіп жатыр деген пікірдемін.
– Халық арасында “Көптеген әншінің репертуары жұтаң, төрт-бес әннің төңірегінде шиырлап шықпайды” деген сын айтылады. Бұл сөздің қаншалықты жаны бар?
– “Палуанға оңы-солы бір” дегендей, шын өнерпаз қандай ән айтсада жарасады. Оның үстіне, кәсіби музыкалық білімі бар адамның репертуары бай болу керек. Алайда бүгін ән де көп, әнші де көп. Бұрын әннің сөзіне, мағынасына мән беруші еді. Бірақ қазір жас әншілердің әнінен менің өзім түк мағына таба алмаймын. Есті ән ескірмейді деген бар. Ғажайып саздылығымен ерекшеленетін Шәмшінің әндерін халық әлі ұмытқан жоқ, ұмытпайды да. Себебі ол сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленіп тұр. Ал, қазіргі кей әндер оның шаңына ілеспейді. Сондықтан бұл сынға мен де қосылуыма тура келіп тұр.
– Атақты болу абырой ма, әлде өнер адамы үшін жауапкершілік пе?
– Өнер адамының еңбегі бағаланғаны, оның өз саласында алдына қойған мақсатына қол жеткізіп, соның жемісін көруі деп ойлаймын. Алланың берген дарынын халыққа жеткізе отырып, титтей ғана жүрегіңмен мұхиттай межені баурап алу үлкен өнер. Жеке өз басым мұндай сыйды өзіме артылған жауапкершілік деп түсінемін. Мойныма жүк артылған соң, өзімді соған лайықты етуге тырысамын. Бір шыңды бағындырсам, келесі біріне тыңғылықты дайындықпен, жауапкершілікпен қараймын.
– Ұлттық өнердің насихатын кеңейту үшін, текті сөздің төресі саналатын термемізді дамыту үшін не істеу керек, жалпы жас ұрпақтың бойындағы ұлтжандылықты қалай дамытуға болады?
– Өнерді болашақ жастарға сіңіру үшін, алдымен, бұқараға ақпараттық насихат керек. Осы тұста БАҚ арқылы жеткілікті деңгейде насихат жүріп жатыр деп айта аламын. Сонымен қатар қазір термені қалтателефон арқылы тыңдайтын жастар көбейген. Ұлттық музыкаға, дәстүрлі әнге қызығушылық танытатындардың да қарасы қалың. Дегенмен, музыка – ұлттың асқақ рухының тілі. Көптеген халықтың музыкасын тыңдап отырып, қай ұлтқа тиесілі екенін бірден білуге болады. Демек, олар ұлт ретінде сақталып отыр деген сөз. Сол сияқты қазақ музыкасы да әлі өзінің түп негізін жоғалтқан жоқ деп айта аламыз. Бірақ ұлттық музыкамызға төніп тұрған қауіп те жоқ емес. Кейбір жастардың шетелдік музыканы тыңдауға бейім тұратыны бар. Бойына өз ұлтының музыкалық байлығын сіңірмеген жас ұрпақ өзгенің жетегінде кетуі мүмкін. Сондықтан біз өнер тазалығын, қазақтың ұлттық сазын сақтауға күш салмасақ болмайды. Ол үшін шынайы таланттарды, кәсіби деңгейі биік композиторларға қолдау көрсетуді тоқтатпауымыз керек.
Сұқбаттасқан М.ҚАЛЫМБЕТ