ТРЕНИНГ: МАҚСАТ ҚОЮ ЖӘНЕ ОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ
Қызылордадағы, С.Әлжіков атындағы №144 мектепте «Мақсат қою және оны жүзеге асыру жолдары» тақырыбында тренинг өтті. Айта кетейік, сабақ «Табысқа жететін төлқұжат» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.
Мектептің педагог-психологы Бақытгүл Сейітханова ойын түріндегі мұндай сабақтардың жыл бойы жалғасатынын жеткізді.
Тренинг барысында балалар мақсат қоя білу, оған жету жолдары туралы ойларын білдірді.
Бағдарламаны «Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру, суицидтің алдын алу» тақырыбы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен «Віlim Foundation» қоғамдық қоры жүргізіп келеді. Бұған дейін бастама Атырау облысының мектептерінде сынақтан өтті. Бүгінде Қызылорда қаласы мен облыстың барлық ауданындағы 25 мектепте жалғасып жатыр.
– Әлем бойынша үздік бағдарламаларды іріктей отырып, «Табысқа жететін төлқұжат» тақырыбын таңдап алдық. Сабақтарды ойын түрінде өткізу өте тиімді. Бұл өмірлік дағды, психологиялық және салауатты денсаулық қалыптастыруға ықпал етеді. Балалардың қалыптан тыс жағдайларда өздерін ұстауына, сыртқы ортаның сан түрлі жағдайларына қарсы тұра білуіне көмектеседі, – дейді қор президенті Ерлан Айтмұхамбетов.
Бұл – қор бағдарламасының аймақтағы екінші кезеңі. Бірінші жоба балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салу жағдайларының алдын алуға бағытталды. Нәтижесінде бір жылда қайғылы көрсеткіш 78%-ке азайған.