АЙРЫҚША ҚАСИЕТКЕ ИЕ МАЙДАНГЕР
«Ешкім де ұмтылмайды, ешнәрсе де ұмтылмақ емес» демекші, Ұлы Отан соғысында от-жалын кешкен майдангер әкелер ешқашан да ұмытылмайды.
Жыл сайын Жеңіс мерекесі қарсаңында қаһармандығымен ел есінде қалған, кешегі қан майданда өзінің ерлігімен бүгінгі ұрпаққа Жеңісті жақындатқан майдангерлер туралы телеарналардан хабарлар беріліп, баспасөз беттерінде мақалалар жариялана бастайды. Бүгін мен есімі ескерілмей келе жатқан майдангердің бірі – Қармақшы ауданының азаматы Қаби Асанов туралы ой толғағым келеді.
Ол – бүкіл Алаш жұртына танымал болған Марал баба атамыздың ұрпағы.
Асанов Қаби – Асан ишанның кенже баласы. Шежіреге сенсек, Асан ишан Тарышы, Ақсары деген кісілер – Марал ишанның шөпшегі болып келеді.
Бес жасында әке-шешеден жетім қалған Қаби Асанов бірге туған ағалары «ишан» деп қуғындалып жүргенде ағайындарын паналап жүрсе керек. Ақыры 1933 жылы балалар үйіне қабылданады. Елде жаппай сауаттандыру науқаны жүріп жатқан осы кезде оқуға кіріседі.
1942 жылы жасын ұлғайтып көрсетіп, өз арызымен Ұлы Отан соғысына аттанады. Алдымен 6 ай барлаушылар дайындайтын мектепті болады. Оны тәмамдаған соң тікелей тұрысқа жіберіледі.
Ол атақты Сталинград, Курс, Орел шайқастарына қатысып, аса қиын да жауапты тапсырмаларды орындайды. Бірнеше мәрте көзсіз ерлігімен көзге түседі. Днепр, Витебск шайқастарында қиын да қауіпті тапсырмаларды мүлтіксіз орындағаны үшін екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты.
Жан алып, жан беріскен кескілескен шайқастарда ол 3 мәрте жарақат алыпты. Елге оралуға болатын мүмкіндікті пайдаланбай, өзі тағы сұранып қайтадан ұрыс даласына кіреді.
Жауынгер Қаби Асанов Сталинградтан басталған жауынгерлік жолын бүкіл Шығыс Еуропаны көктей өтіп, жаудың ұясы Берлин қаласында аяқтайды. Фашистермен болған ұрыстарды көптеген орден, медальдармен марапатталған ержүрек барлаушы енді Шығысқа жіберіліп, Квантун армаиясымен, жапон самурайларымен болған ұрысқа қатысады.
Қаби атаның көзін көрген кісілер оның жауынгерлік жолындағы ерлік істері туралы айтылған аңызға бергісіз неше түрлі әңгімелер айтады. Бір өкініштісі, олардың ешқайсысы күні бүгінге дейін жинақталып, қағаз бетіне түспей отыр.
Осы жерде мен Асанов Қаби атайдың Зәуре есімді қызының аузынын естіген мына бір қызықты деректі келтірейін.
Зәуре апаның айтуынша, атамыздың бойында ерекше бір тылсым күш болған секілді. Соғыста сол күш сан мәрте көмектесіпті.
«Мен бала кезімде ауылдағы бір үлкен кісіден мынадай естігенмін, - деп бастады әңгімесін Зәуре апа. Соны айтып берейін:
– Қаби әкем майданда жүрген кезінде өте жылдам қозғалатын, жауапкершілігі мол, басшылары берген тапсырманы өте мұқият орындайтын жауынгер болған екен. Барлаушы болғандықтан ол кісіні үнемі жау әскерінің ортасынан «тіл» алып келуге жұмсайды екен. Ержүрек барлаушы берілген тапсырмаларды ешқандай мүлтіксіз бірнеше рет орындаған. Бір ғажабы, «тіл» алуға барғанда дұшпанның ұясынан еш жерінен жарақат алмай, аман-есен өз отрядына оралады екен.
Сонда ол кісінің әскери басшылары барлаушыға сенімсіздік таныта бастайды. Кейін оның артынан аңдуға адам жібереді. Бірақ Асановтың соңынан барған жан иә жарақат алады не мерт болады екен. Ал Қаби Асанов небір қиын тапсырмадан әрдайым аман-есен келеді.
Сондай бір кезекті тапсырмада тағы да жұмсағанда, қаруластары қарсылық білдіреді. Себебін сұрағанда олар: «Біз бұл кісінің ізінен жүргенде, үнемі қалай аңдысақта көз жазып қаламыз. Ол отрядттан ұзап шығысымен беймәлім бір күштің құдіретімен көзден ғайып болады. Бу болып ұшып кете ме, әйтеуір жоқ болып кетеді. Біз мүлде түсінбедік. Көз жазып қала береміз», - деп жауап беріпті.
Бұл құпия-сырды кейін ол кісінің өзінен сұрағанда: «Білмеймін», - деп күліп қана қояды екен. Бұл мүмкін аруақты Марал бабаның ұрпағына берген тылсым күш болар, - деп аяқтады Зәуре апа.
Қаби Асанов кеңестік әскер қатарында он жыл адал қызмет атқарып, елге тек 1952 жылы ғана оралыпты.
Батыл барлаушы «Орден боевого Красного знамени», екі «Қызыл жұлдыз», екі Отан соғысы ордендері I-II дәрежесі, Александр Невский атындағы орденмен, Даңқ орденінің III-дәрежесі сияқты бірнеше орденмен марапатталған. Сонымен бірге 4 рет «За Отвагу» және тағы 12-13 медальмен наградталыпты.
Тағы бір қызық деректі назарларыңызға ұсынайын:
Қ.Асановтың Ленинградтық бір майдангер-инженер досы 1966 жылы орталық «Труд» немесе «Известия» газеттерінің бірінде үлкен мақала жазып, қарулас досын іздестірген екен. Әлгі мақала «Где ты, Каби?» әлде «Где ты, герой?» деген тақырыппен шығыпты. Өкініштісі, кейін ол газет жоғалып кетіпті.
Қаби ата өмірде өте қарапайым, кішіпейіл жан болған екен.
Қаби ата 1967 жылы айта бермейтін аурудан өмірден озған екен. Осындай батыр, оннан астам награда алған жерлесіміз туралы мәліметтер ешқандай баспасөз бетінде жарияланбаған.
Оның артында 1 ұл, 3 қызы қалған еді. Ұлы Әби 30-ға жетпей кенеттен қайтыс болған. Дархан, Айнұр сияқты немелері қатарының алды боп еңбекке араласып келеді. Келіні Фарида қасиетті шаңырақты шайқалтпай, абыроймен отанының отын өшірмей отыр.
Сөз соңында кейіпкеріміз туралы тағы бір деректі айта кетейін. Қармақшылық Әлиакбар Жұматаев деген ақын кісі 1967 жылы 9 ақпанда майдангер атайдың үйінде қонақта болыпты. Бұл кезде ардагер Қ.Асанов Жосалыдағы (кентіндегі) автобазада жүргізуші болып жұмыс істейді екен. Өзі коммунист болса керек.
Ақын Әлиакбар Жұматаев Асанов Қаби атамның үйінде кездесуде оның орден-медальдарының көптігін көріп, жасаған ерлігін есітіп, таң-тамаша қалыпты. Алған әсерін сүйсіне отырып, 23 ақпан Кеңес әскері күнінің және майдангердің құрметіне арнап тамаша жыр жазыпты.
Өлең-жыр – «Он орден омырауында» деп аталады, соны қоса беріп отырмын.
ОН ОРДЕН ОМЫРАУЫНДА
Он орден омырауында жарқыраған
Көрінді мынау маған артық адам.
Ынтық боп ықыласпен қарай бердім
Белгілі болар мед деп даңқы маған.
Алама оны жанын қинамаса
Береме көп еңбегін сыйламаса.
Кешегі Ұлы Отанның соғысында
Ер шығар шыбын жанын қиған аса.
Аққұба, ашық мінез жүзі жарқын
Көп сөзді сөйлемейтін қаны салқын.
Ойладым бұлда бір өр болар-ау,- деп
Қатысқан қан майданға қорғап халқын.
Қоймадым, қызыққаннан сөзге тарттым
Құмартқан пікірімді тағы аңғарттым.
Өмірін баян етіп бергенінде
Көз жұмып, басым малқап танырқаттым.
Бес жаста ата-анасыз болған жетім
Қалмаған жанашыры сүйенетін.
Тәртіп жоқ таң атқаннан кешке дейін
Қыдырып күн өткізген көпке дейін.
Былшық көз, беті салтақ, кірлі танау
Көн етіп аяғында бұлда жамау.
Кетпенді келте тоны тізесіне
Белбеу жоқ, я түйме жоқ, алау-далау.
Айналған өніршегі жыртық жейде
Таба алмай қалушы еді олда кейде.
Беретін кірін жуып, жамап-жасқап
Шешесі тағы жоқ оның үйде.
Жетімнің тап осылай болды халі
Көргенде аяулы еді жұрттың жаны.
Көшеде комсомолдар тауып алып
«Детдомға» тапсырыпты ол баланы.
Қарасаң бүгін төре көше жетім
Ұмытқан жоқшылықтын ақыретін.
Үйреніп оқу-білім, тәрбие алып
Нығайтқан азаматтық қабілетін.
Онан соң жасы жетіп, әскерге алып
Шығысқа шекараға ол да барад.
Владивостоктегі заставада
Істепті теңізінде болып моряк.
Шағыңда Ұлы Отанға дауыл төнген
Майданға қатарымен олда келген.
Міндетін барлаушылық атқарыпты
Қуанып күнге дейін жауды жөнген.
Өтерде біздің әскер Днепрден
Ұрысқа бірінші боп сонда кірген.
Жауының жанды жерін біліп алып
Ақпарын командыға беріп жүрген.
Терең су, қараңғы түн сондай қауіп
Жаңбырдан ақ нөсері тұрған жауып.
Осындай анталаған ажалдан да
Өтіпті арғы бетке ебін тауып.
Ажалдан өз бастарын сақтап жүріп
Білдірмей жау тылына барған кіріп.
Олжасы бір немісті әкеліпті
Бақылап қол аяғын байлап тұрып.
Болыпты наградтың осы басы
Немістің аңқау әскер садағасы.
«За боевой Отвагу» медалы мен
Сыйланыпты өзі де, бар жолдасы.
Содан соң Битовский қаласында
Жылынын қырық үн қырық тор арасында.
Атқарған барлаушылық қызметін
Бұрынғы әдетінше тағы осында.
Маныңда торф завод дейді болдым
Сол болды ең ауыры барлық жолдың.
Көбісі шапқан шөптей қирап жатты
Дұшпанға қарсы шапқан біздің қолдың.
Барлауға тап күні күнде бардық
Ол кезде жұмыс емес танырқарлық.
Барлаушы бас тартпайды, жүре беред
Жоғарғы бастығынан болса жарлық.
Атыстың неше түрі болып жатыр
Өлген де, жаралы да толып жатыр.
Бұқпақтап бара жатқан барлаушының
Ажал оқ аузын ашып жолында тұр.
Сол бір күн ұмытылмас есімдегі
Адамның судан таймас шешінгені.
Бүгінгі ауыр күннің ашар уілті
Тұрғандай бізін қолда шешілгелі.
Қайтпадық жер бауырлап алған беттен
Тұрса да бұршақ жауып пулеметтен.
Жақындап жау тылына барып жеттік
Жан сақтап жараланбай көп еңбекпен.
Дамылсыз атыуда жер мен көктен
Біреуі біреуінен болып өктем.
Тал түсте тамағына жұмбар тығып
Бір жауды алып қайттық алғы шептен.
Дұшпанның «тілін» ұстап, сырын алдық
Көр жерін анық емес біліп алдық.
Таң атқанша басып көктеп
Бекініп ортасына кіріп алдық.
Сол жерден шыдай алмай қашты неміс
Болар күн жақындады бізге Жеңіс!
Барғанда Борисовка қаласына
Тынбады қырғын соғыс адам өліс.
Достарым жан аямас болды менің
Лионид, Ралошин мен бірі Земин.
Өліммен арпалысып келе жатқанда
Кез болды бір өзен су аты - Немин.
Неминде тағыда үлкен шайқас болды
Өлікке екі жағы тағы толды.
Сым тартып окоп қазып,дзот құрып
Немістер өткізбеді бөгеп жолды.
Жағадан зеңбірекпен тынбай атып
Самолет көктен бомба тұрқылатып.
Каныка мінген адам аударылып
Барады бірінен соң бірі батып.
Дүние дөңгеленіп астан-кестен
Қорқу жоқ кеткен өлім шығып естен.
Бетпе-бет өмір-өлім арпалысып
Жер болды жан аямай кескілескен.
Барлауға тоғыз адам бірге кеттік
Жасырын жау тылына барып жеттік.
Әскерін бір рота қырып салып
Тірілей бес адамын алып өттік.
Болдым ғой мақтанғандай өзімді-өзім
Таусылмас айта берсем мұндай сөзім.
Жау қорықпайды жасық адам жеңе алмайды
Бәріне шыдамдылық керек төзім.
Берлинде жұртпен бірге бізде көрдік
Аралап батыс елін түгел дерлік.
Барлауда бастан аяқ болсамдағы
Ешкімнен көрсетпепдім артық ерлік.
Үш рет сөйтіп жүріп жараландым
Жапонға соңғы жылы және бардым.
Ескеріп ерлігімді Ұлы Отан
Майдандас достарымдай бағаландым.
Осындай болып өтті ауыр күндер
Күлді де жылады да елде кімдер?
Өшсін деп күлі көкке күлгендердің
Қарғады лағнат айтып миллион үндер.
Ауыр күн бұл бір емес бірнеше он
Наград алып жүрдім оданда соң.
Советтің сарқылмайтын қайтрат күшін
Есіне мәңгі сақтар герман-жапон.
Қарғысты ұмытыпты АҚШ деген
Шығысты билемек боп Батыспенен.
Ветьнамға қанды шенгел салып жатыр
У төгіп жерден көктен атыспенен.
Ветьнамдық келе жатқан әділ жолда
Біздей боп жанып шығад өрттен ол да.
Қай жерде прогресс жеңбей қоймайд
Тұрғанда бостандықтың туы қолда.
Сүйсініп ол жігіттің ерлігіне
Карадым қызыққаннан мен де үңіле.
Құрметтеп қолын қысып құттықтайтын
Армия, флот күні келді міне!
(Ескерту: Ә.Жұматаевтың бұл шығармасы 1967 жыл 9 ақпан күні жазылған)
Аружан ТИЫШТЫБАЕВА,
Қармақшы ауданы