ОҚУШЫ ЖЕТІСТІКТЕРІН ӨРІСТЕТУДЕГІ НЕГІЗГІ ТҰЛҒА – МҰҒАЛІМ
Адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы — дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ал, біз өмір сүріп отырған ғасыр – білім кеңістігіндегі бәсеке ғасыры, «білімдінің күні жарық, білімсіздің күні қараң» екенін мойындап, өркениетке, ғылымға бет бұрған кезең. Бұл орайда, ұстаздарға бәсекеге сай білімді ұрпақ даярлау дейтін үлкен міндет жүктеліп отыр. Осы міндет үдесінен шығуда ауданымызда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы туралы білуге Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісінің иегері, Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназаровамен сұқбаттасқан едік.
–Биылғы оқу жылынан бастап мектептер жаңартылған білім беру жүйесіне көшті. Жаңа стандартпен білім беруде қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?
—Әрине, осы мәселе төңірегінде сөз қозғалғанда, көбінесе 1-сынып оқушылары үшін аптасына бес күндік оқыту жүйесінің енгізілгені, жалпы білім беретін мектептерде ағылшын тілінің тереңдетіліп оқытылуы мен ұстаздардың арнайы курстардан өткендері жөнінде айта береміз. Білім беру жүйесіндегі реформаларды жүзеге асыру мұғалімнің біліміне байланысты болса да, бағдарламаны түгелдей меңгеріп шығу өте қиын. Сол үшін де даярлық курстарынан өткен бастауыш сынып мұғалімдеріне білім бөліміндегі әдістемелік кабинет мейлінше көмектесіп отырады. Тәжірибелік орталықтан алған ілімдерін шәкірт оқыту кезінде жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, аталмыш жаңарту жүйесінде критериалды бағалау енгізіліп, балдық жүйе қолданыла бастады. Мәселен, ақпан айында №220 мектеп базасында бірнеше тілді меңгерген, ойлау потенцалы жоғары, сыни және креативті ойлауға қабілеті бар тұлғаны дамыту мақсатында «Қазақстан Республикасында көптілділікті жүзеге асыру» жағдайында ағылшын тілінен сыныптан тыс жұмыстар бойынша тәжірибе алмасу» тақырыбындағы аудандық дөңгелек үстел өтті. Одан кейін жаңартылған білім беру бағдарламаларын іске асыру негізінде, қолайлы білім беруді насихаттау үшін пән мұғалімдері арасында өзара тәжірибе алмасу арқылы кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында «Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында оқыту технологияларының тиімді жолдарын пайдалану» тақырыбында аудандық семинар өтті. Аудан бойынша оқытудың жаңашыл әдістерін мектеп тәжірибесіне ендіру барысында №14, №62, №262 секілді үш тірек мектебі белгіленген магниттік білім ұяларымен тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
–Санира Нұрқожақызы, 12 жылдық білім беруге көшу бағыты жайында өз ойыңызды ортаға салсаңыз?
–Бүгінгі күні 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшу білім беруді дамытудың ең басты міндеттеріне айналып Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлынан қолдау табуда. Ол өзінің Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «....Әйтсе де, барлығы да мектептен басталады. Сондықтан да, біз 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшуіміз керек» деп нақтылап айтқан және Білім және ғылым министрлігіне заманға сай білім алуға және озық технологияларды игеруге мүмкіндік беретін білім берудің тиімді инфрақұрылымын жасауды аяқтауды тапсырған еді. Елбасы тапсырмасы төңірегінде бұл жүйе өз жұмысын жетілдіріп жатыр. Негізінен, 12 жылдық білім беру жүйесібаланың жан-жақты дамуына, өз пікірі мен ойын ашық жеткізуіне, әр адамға табиғатынан берілген шығармашылық әлеуетін толық іске асыруына ықпал етеді. Білім беру жүйесі оқушыны бейіндеп оқыту арқылы өзіндік талабын қанағаттандыруды, оның жеке тұлға ретінде дербес қалыптасуына мүмкіндік береді. Тағы бір айта кетерлік жайт, ондағы басты артықшылық – баланың тек қана білім алып ғана қоймай, бейімі мен икемділігіне, таңдайтын мамандығына қарай алғашқы кәсіби бағдар алып шығуында жатыр. Яғни, 11-12 сыныптардағы білім мазмұны оқушының жоғары оқу орнының алғашқы курстарында алатын білім мазмұнымен кіріктіріледі. Оқушы мен оқытушы арасындағы өзара түсіністік пен ықпалдастыққа негізделген оқыту процесі оқушының ойлау жүйесінің дамуына, құндылық бағдарының айқындалуына, қарым-қатынас жасай білу дағдысының қалыптасуына игі ықпал етеді.
–Ұстаздардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оқыту сапасын арттыру мақсатында жасақталған үш деңгейлік курстары қаншалықты нәтижелі?
–Қазіргі заман талабына сай ұрпақтарымызды парасатты да, білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеп, олардың дүниетанымын адамзаттық деңгейде дамытамыз десек, бойында ұлттық және азаматтық намысы бар ұрпақ өсіргіміз келетін болсақ, онда мұғалімдеріміз қайта даярлаудан өтіп, білім берудің жаңа түрлері мен әдістерін жаңартуымыз қажет. Осыған байланысты, 2012 жылдан бастап Қазақстан Республикасы мұғалімдердің біліктілік арттыру жүйесі жаңа мазмұндағы үш деңгейлі бағдарламаны ендіріп, шығармашыл мұғалімдердің біліктілігін арттыра бастады. Жаңа форматтағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» жанындағы педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университеті мамандары бірлесе әзірлеген мұғалімдердің біліктілігін арттырудың деңгейлік бағдарламалары ұстаздардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оқыту сапасын арттыру мақсатында жасақталды. Аталған Бағдарлама заманауи ғылыми зерттеулердің шынайы нәтижелері мен оқытудың озық практикалық тәжірибесінің ықпалдасуын қамтиды. Кәсіби ынтымақтастық пен өзара білім алудың режимін құруға мүмкіндік беретін ІІІ деңгейлік курстар қолданысқа енгеннен бері ауданымыздан жалпы саны 492 мұғалім өткен екен. Оның ішінде І деңгейлік курстан-100, ІІ деңгейліктен-78, ал, ІІІ-деңгейліктен 314 мұғалім шықты. Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бері педагогикалық шеберлік орталықтары филиалдарында ұзақ мерзімді курстардан өтіп келген педагогтар қазіргі таңда алған тәжірибелерін оқыту үдерісіне енгізуде.
— ҰБТ білім сапасының басты көрсеткіші саналады. Осы сынаққа дайындық шаралары қалай жалғасуда?
Аудан бойынша 39 орта мектеп бар. Оның ішінде 10-ы қала және 29-ы ауылдық жерлердегіорта мектептер. (1 мектепте №77 Құланды 11 сынып жоқ). Жалпы айтқанда, 38 орта мектепте 11 сынып оқушыларының саны – 831 болса, қала мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларының саны – 328-ді, ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларының саны 503-ті құрап отыр. Соңғы мәліметтер бойынша мектеп түлектерінің 60 пайызы ҰБТ тапсыруға ниет білдіруде. Осы мақсатта аудандық білім бөлімі оқушыларымыздың ҰБТ-ге дайындығын қамтамасыз ету мақсатында іс-шара жоспары жасалынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, «Қамбаш" балаларды сауықтыру және қосымша білімберу орталығында қазан айыннан бері ауданымыз бойынша 602 оқушы қамтылып, ҰБТ-ге дайындалды. Оларға Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің биология, география және химия кафедрасының қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Рахат Хамитұлы,Экология және химиялық технологиялар кафедрасының химия ғылымдарының кандидаты, профессор Клара Хайроллақызы; Электр энергетикасы және өмір тіршілік қауіпсіздігі кафедрасының аға оқытушысы Нұрила Өндірісқызы мен Математика және қолданбалы механика кафедрасының техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Жамаладинұлы сынды ғалымдар дәріс сабақ жүргізді. Өзге де бірнеше оқулықтар мен әдістемелік құралдардың авторлары, жоғары санатты педагог мамандар мен білікті мамандар түлектердің білімдерінің көкжиегін кеңейтуге атсалысты. Сонымен қатар, аудан әкімінің қолдауымен 1480,0 мың теңгеге 4000 дана сынама кітапшасы алынып, аудандық білім бөлімі қызметкерлері мектептерден айына 2 реттен сынама тест алды. Бұған қосымша наурыз айында Арал қаласындағы №262 мектеп-гимназия базасына жинап, ҰБТ сынама тестілеуі өткізілді. Тағы да бір айта кетерлік жайт, 43 «Алтын белгі» мен 17 «Үздік аттестатқа» үміткер дарынды оқушыларымыз бар.
-Қазіргі таңдағы мектептердің материалдық-техникалық жағдайлары туралы айтып берсеңіз?
–Білім сапасын жақсарту мақсатында білім ордаларының материалдық-техникалық базасының қазіргі заман талабына сай жабдықталуына баса назар аударылған. Бүгінгі таңда ауданның 29 мектебі 31 мультимедиялық кабинеттермен жабдықталған. 42 мектепе 114 интерактивті тақталар бар. Қаладағы 9 және ауылдық елді мекендердегі 8 мектеп әмбебап интерактивті кабинеттерімен толықтай жабдықталса, 48 мектеп интернет желісіне қосылған. Бүгінде олардың 16-ы жолақты, 6-уы спутниктік интернет жүйесі бойынша жұмыс істеп тұр. Осыған орай, бүгінгі таңда білім беруге барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалып отыр. Оған дәлел, білім саласын қаржыландыру жылдан жылға өсуде. Мәселен, Онлайн және Оффлайн кешенді виртуалды оқытуға қолжетімділікті ұсыну жөніндегі қызметтерді сатып алуға-12710,0 мың теңге бөлінді. 95 комплект Инетрактивтік жабдықтар алуға-47 млн 120 мың теңге бөлінсе, ал, білім ордаларында интерактивтік байланысты қамтамасыз ету үшін кең жолақты интернет жүйесіне қосуға-18 млн 612 мың теңге қаралды. Сонымен бірге пән кабинеттерін жабдықтап, WI-FI модем, планшеттер алуға және«Робототехника», «3 D моделирование», «Цифрлық білім беру зертханасы» секілді кабинеттерді даярлауға да біршама ақша облыстық бюджеттен қаралды. Жалпылай айтқанда, аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін облыстық бюджеттен 89000,0 мың теңге, аудандық бюджеттен 41276,0 мың теңге ақша бөлінді.
- Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан, Света Үсенқұлова