ЖАҢА ГУМАНИТАРЛЫҚ БІЛІМ «100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ» – ҰРПАҚ БОЛАШАҒЫ
«Біздің әлеуметтік және гуманитарлық
біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана
ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір
ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық.
Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ
тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ
жемісін бере бастайды. Сол себепті,
уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы
үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі
аудармасын жасауымыз керек».
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ
Қазақ Елі Тәуелсіз ел болып 26 жыл арайлы таң атып, егемендіктің арқасында толағай табыстарына қол жеткізуде. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес», - деген болатын.
Жаңғыру ұлттың тарихи тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды, - деп бұл ретте тұтас қоғамның және әрбір Қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап көрсетті. Соның бірі – Гуманитарлық білімді жаңғырту.
Қазақ қоғамына ерекше серпіліс әкеліп, рухани сілкініс тудырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына биылғы 12 сәуір күні бір жыл толды. Осы уақытта «Туған жер», «Киелі жердің географиясы» және «100 жаңа есім» жобалары игі бастамамен басталып, нәтижелі іске асырылуда. Осындай маңызды бастаманың бірі – «100 жаңа оқулық» жобасы.
Жаңа гуманитарлық білім «100 жаңа оқулық» жобасының мазмұнды нақты орындалуы үшін Елбасының тапсырмасымен өткен жылы Ұлттық аударма бюросы құрылды. Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы баспа бетінде 100 оқулық жобасының маңызы туралы түсіндірген болатын.
«Өмір сүру үшін өзгере білу керек», - деп Елбасы айтқандай, осындай өзгертудің бірі – қоғамдық сананы жаңғырту. Жаңа гуманитарлық білім қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асырып, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды оқытудың жаңа деңгейіне шығу үшін:
1.Еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында гуманитарлық ғылым кафедраларын қайта құруда;
2.Гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік 100 кітап қазақ тіліне аударылуда;
3.Мемлекеттік емес ұлттық аударма бюросының құрылып, жұмыс жасап жатқаны гуманитарлық білімді жаңғыртудың айқын жаңа белесі, нәтижелі көрінісі;
Қазіргі таңда сөздің емес, істің адамына басымдық беріледі. Жаңа гуманитарлық білім қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы әлемнің озық және заманауи, таңдаулы үлгілері негізінде жаңа деңгейде сапалы білім беруді көздейді. Ол үшін кемел келешектің иесі болашақ ұрпақ үшін әр адам өзінің білімі мен біліктілігіне, мәдениеті мен тұлғалық қасиеттеріне, өмірлік дағдыларына мән беруі қажет.
Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы бойынша аударылған алғашқы 18 кітап халыққа жария етілді. Атап айтқанда: Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін», Энтони Джон мен Патрик Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы, Антика философиясы» (4 томдық, І том) және «Батыс философиясының жаңа тарихы, Орта ғасыр» (4 томдық, ІІ том), Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Дэвид Бринкерхофтың «Әлеуметтану негіздері», Джорди Ритцердің «Әлеуметтану теориясы», Элиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз: әлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэн П.Шульц пен Сидней Еллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Дэвид Майерстің «Әлеуметтік психология», Грегори Мэнкью мен Марк П.Тейлордың «Экономикс», Дональд Ф.Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика», Рикки В.Гриффиннің «Менеджмент», Карен Армстронгтың «Иудизм», Христиандық пен Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хаймстің «Тіл біліміне кіріспе», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», Алан Барнардтің «Антропология тарихы мен теориясы», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» деген оқулықтары қазақ тіліне аударылған.
Бұл оқулықты аударуға ғылымды жақсы меңгерген ғылыми дәрежесі бар, қазақ және ағылшын тілін білетін философтар айналысқанын, мәтіндердің 95% ағылшын тілінен аударылғанын ескерсек, бұл үлкен жауапкершілік, ұрпақ болашағына маңызды көзқарас қалыптастыру деген сөз.
Бұл – әлемнің үздік оқулықтарын қазақ тіліне аудару студенттердің білім деңгейін арттырып, жеке адам және маман ретінде табысқа жетуіне жол ашады деген сөз.
Қай елдің жастарының рухы биік, танымы терең болса, сол халықтың болашағы зор. Абай атамыз айтқандай:
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой
Бес асыл іс білсеңіз – деп жастарымыз тоғышарлық пен бойкүйездіктен арылып, талаптың тұлпарына мініп, білім көкжиегінен орын алғаны ләзім. Елбасы жастарға қолдау көрсетуді әрдайым басты назарда ұстауда. Ерім дейтін ел тұрғанда жастарымыз білімді, бүгініміз бен ертеңіміз нұрлы болғай.
Зарипа ТАСЫМОВА,
Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылы
Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебінің директоры