ИСЛАМ ЭКСТРЕМИЗМНЕН АЛЫС
Әуелден бабаларымыз берік ұстанған «ислам» діні адамзат баласын тек қана мейірімділікке, адамгершілік пен жақсылық атаулыға шақырып келеді. Өйткені, ислам сөзінің өзі араб тілінен аударғанда «амандық», «тыныштық», «бағыну», «мойынсұну» деген мағыналарды береді.
Ал түпкі тамыры «сәлем» сөзіне тіреледі. Сәлемі түзу ағайынның татулығы жақсы болады. Сәлемі жақсы көршінің сыйластығы артады. Сәлеммен қоғамды күшейткен елдің іргесі мықты деген сөз.
Бабаларымыз «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» деп арыдан осылай сөз қозғаған. Яғни, исламды шынайы танып, Абайша айтқанда «адамзаттың бәрін сүй» деп сәлемді түзегенде ғана дұшпандық, зұлымдық, жаманшылық дегендер түп-тамырымен жойылар еді. Ұмытпайық, ислам діні жалғыз Жаратушыны тануға, жер бетінде тыныштық пен бірлікті сақтауға, адамзат қауымының бір-біріне мейірімділік танытумен өмір сүруіне үндейді. Алла тағала тарапынан келген соңғы дін ислам болғандықтан, қабыл болатын да дін тек ислам болмақ. Бұл жайында Құранда мынандай аят бар: «Алланың қасында шынайы дін Ислам». («Әли Имран» сүресі, 19-аят). Демек, исламнан бұзақылық, адамзат баласына жасалар дұшпандық әрекеттер көрмейміз.
Өйткені, «Бақар଻ сүресінің 217-аятында: «Бүлік шығару (фитнә тудыру¬) адам өлтіруден де ауыр (күнә)...», - деп айқын айтылған. Аяттан байқағанымыздай бүлік туғызу, алауыздыққа итермелеу ауыр күнә. Ал, Құдайдан шын қорыққан пенде мұндай әрекетке бармайды. Өкініштісі сол ислам дінін қайдағы бір «экстремизм» секілді көрсету, теріс те жағымсыз терминдермен байланыстыру процесі жүруде. Айтары жоқ, мақсаты бұлыңғыр сыртқы күштердің соңғы уақытта өздерінің саяси мақсаттарына қол жеткiзу үшiн ислам дiнiн қалқан етiп, еліміздің жастарын терiс сенімге итермелеп, қоғамға исламофобиялық көзқарасты қоздыра түсті. Осындай маргиналды топтардың дiндi саясиландырып, діни экстремизм жағдайына жеткізуге жұмыс жасап жатқаны айдан анық.
Біз әлгінде исламды мейірім, жақсылық діні деген болатынбыз. Бірақ діннен экстремист шығаруды қалайтын бәзбір топтар өзіне ілескендерді осылай қатыгез, бұзақы етіп шығаруда. Діндегі экстремизм немесе әсiредiншiлдiктiң басты дерті дiни сауатсыздықтан болады. Алла Тағала «Бақара» сүресiнiң, 190-аятында «…Шектен шықпаңдар. Негiзiнен Алла Тағала шектен шығушыларды жақсы көрмейдi», - деп әр нәрсенi байыппен шешудi бұйырған. Сол үшін шынайы исламды көрінгеннен немесе интернет әлемінен емес, діни басқармаға қарасты мешіттердің имам-ұстаздарынан алған жөн. Сонда ғана бармақ тістеп, өкіну деген болмайды. Яғни, қолымды мезгілінен кеш сермедім деп қалмас үшін мұны да ескерген абзал.
Ислам кемелдік діні болғандықтан адам баласын өзгенің жағасынан алып, аяғынан сүріндіруіне жол бермейді. Кейде теріс діни ағымдардың көрсеткен ықпалымен дін насихатын қорқыныш, үрей, қатыгез етіп алғандар да жоқ емес. Демек, ең үлкен күрес қолдан келсе, өзіңді-өзің тәрбиелеу. Кішіпейіл, мейірімді, білім иесі болу – мұның өзі дінді көркем насихаттаудың жолы.
Пайғамбарымыз бірде соғыстан шаршап, шалдығып келе жатқан сахабаларына: «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық» деген кезде, сахабалары: «Уа, Расулуллаһ! Үлкен жиһад деген не?» - деп таңғала сауал қойды. Пайғамбарымыз: «Ол - өз нәпсіңмен күрес», - деп жауап қайырды. Пайғамбарымыз меңзеген нағыз жиһад (күрес) әр адамның өзінің нәпсісімен күресуі, қызғаныш пен тәкаппарлық, көреалмаушылық сияқты жаман іс-әрекеттерден бой алыстату. Тіпті, бүгінде әлемге аты мәшһүр ғалымдар сауатсыздықпен күресу, ғылым-білімге ұмтылу осыны исламдағы нағыз күрес деп келтіреді. Бұдан түйеріміз, білімді мұсылман – бұзақылыққа да, бүлікке де бармайды деген сөз.
Исламды тек оқшаулану, тек құлышылықпен ғана жүретін жол деп түсінбеуіміз керек. Туған жеріңді сүйіп, отаныңа шексіз қызмет ету, бір сөзбен айтқанда пайда тигізу жүректегі иман байлығынан бастау алады. Дініміз сонымен қатар пайдалы ғылым-білім үйренуге, бір ата мен бір анадан тараған күллі адамзат қауымын ұлты, тілі, діні деп бөлместен тату-тәтті тіршілік етуге, тіпті жануарлардың өзіне мейіріммен қарауға шақырады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Кім адамдарға жақсылық жасаса, Алла соған мейірімін төгеді. Жер басып жүрген жандарға мейіріммен қараңдар, Алла да сендерге рақымшылық жасайды», деп айтқан. Қарап отырсақ, пайғамбар хадистерінің барлығы күллі жақсылықтың жаршысы болуға шақырады. Мәселен, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді»; «Сендердің ешбірің өзіне қалағанын діндес бауырына да қаламайынша толық иман келтірген болмайды», - деген.
Исламды терең таныған данышпан Абай Құнанбайұлы:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жол осы деп әділетті» - деген.
Демек, адам бойында ақын Абай айтқандай махаббат, бауыр, хақ жол деген құнды нәрселер санада сайрамайынша, бәрі бекер болмақ. Абай атамыз өзінің отыз сегізінші қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды», - деген екен. Адам баласын қор қылатын үш нәрсенің бірі – надандық екен. Олай болса, білімді, иманды, ізгі жандар жүрген жерде экстремзмнің ауылы алыстамақ. Қабан жырау бабамыз айтпақшы, шын бақыт көршімен болған бірлігі, тағат, ғибадат тірлігі, ұйымшыл елге барады. Раббымыз Алла ел бірлігінен, ұйымшылдығынан айырмасын.
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ