ТІЛЕП АЛҒАН БАЛАДАН ТАРАҒАН ӘУЛЕТ
Сыр өңірі – небір сүлейлердің, өнерімен танылған таланттардың мекені. Бұл топырақтан текті сөздің төркінін терген адуынды ақындар, ел мен жер үшін жанын пида еткен батырлар, халыққа қалтқысыз қызмет қылған ағартушы-хәкімдер, талантымен талайларды таңғалдырған өнер майталмандары шыққан. Осылардың ішінде, Сырдария ауданынан шыққан елге белгілі тұлғалардың жөні мүлдем бөлек. Бүгін біз қасиетті Қоғалыкөлдің дарынды тумалары, республикаға, одан әрі алыс-жақын шет мемлекеттерге танылған Лапиндер әулеті туралы айтпақпыз. Өйткені, Сыр бойындағы әйгілі әулет – Лапиндер әулеті туралы ашылмаған сырлар, деректер әлі де жетерлік.
«Сыр бойындағы ұзақ жыл болыстықты ұстаған Лапының Мұңайтпасы еді» дейді көне көз қариялар. Ол кім еді?
Мұңайтпастың әкесі Лапы бай кісі болған деседі. Алайда, төрт-түлігі сай болғанымен, ол бір балаға зар болыпты. Кәрілік келіп ажал құрсаулай түскенде «Шаңырақты ұстар ие жоқ, тоғай тола еңбекпен жиған малымды кімге тапсырамын» деген уайыммен Лапы кіші тоқалымен әулие жағалап жолға шыққан. Қожахмет Яссауи, Оқшы ата, Қожжан қожа, Қарақожа әулиелердің бірін қалдырмай бір-бірден түнеп шығады. Амал не, аян берген бірі болмаған.
Әбден налыған Лапы атқосшыларына: «Жиналыңдар! Алла менің көз жасымды көрмеді, елге оралайық, әбден қажыдым. Мен кішкене мызғып алайын» - деп жатып көзі ілініп кетсе, түсінде бір сәлделі адам келіп: «Ей, пендем, бүкіл аруақты тебіренттің ғой, ауылыңның әр жағында Мүлкілән деген әулие бар соған түне» деп аян берген. Қуанған Лапы сол күні жүріп отырып түн жарымда Мүлкіләнға жетіпті. Осы жерде Аллаға сыйынып, жөн-жоралғыларды жасайды.
Елге келгеннен кейін Лапы көпшілікке құдайы ас береді. Көп ұзамай тоқалы жүкті болып, ұл туады. «Пендесін мұңайтпасын, Алланың берген ұлы ғой» деп есімін Мұңайтпас қояды.
Тілеп алған жалғызы сотқарлау болып өскен. Жалғыз баланы еркелетіп, байдың жылқышылары ашамайға мінгізіп, ат үстінде үйретеді. Көктемде жылқы күзегенде тайды бас білдіретін қазақтың әдеті. Мұңайтпас бас білдіруге келген балаларға бір-бір тай мінгізіп жібереді екен.
Әкесі мұны білсе де: «Аллаға антым бар еді, қолын қақпаңдар» деп жылқышыларға тапсырады. Сол Мұңайтпас он алты жасында болыстыққа жетіп, содан өз еліне 20 жылдай болыс болған. Көп жыл ел басқарып, орыс чиновниктерімен аралас-құралас болады. Лапының өзі де, баласы Мұңайтпас та өз заманының заңғары болғанын түрлі деректер айқындайды. Әуелі керуенші, жолбасшы болған Мұңайтпас кейіннен ел билігіне араласқан. Орыс патшасының түпкі саясатын түсінген ол балаларын орыс оқуына беріпті. Өзі 1894-1896 жылдары Перовск уезіндегі Кеңтүп болысының халық соты, кейіннен болыс басқарушысы болған.
Мұңайтпастан Әлиасқар, Сейдалы, Сералы, Әлиакбар, Балдырған, Мырзамұрат, Жағыпар, Әбдірахман, Ләтипа, Күләндам, Қаражан, Халық, Талып, Бану, Жәмила, Нысанбай есімді балалары өсіп-өнген. Лапиндердің ең үлкені Әлиасқар 1865-1918 жылдары, Сейдалы 1871-1918 жылдары өмір сүрген.
Әлиасқар Мұңайтпас қарияның үлкені болғандықтан әке шаруашылығына көмектескен. Сейдалы Кеңтүп және Царс¬кая болыстығында тілмаш, кейін болыс, 1917 жылы Перовскі уездік советінің құрамына мүше болған. Ағайынды екеуі де Перовскі уездік комиссары Гержоттың нұсқауымен Қарауылтөбе мен Тайпы құмының маңында атылған.
Ал Сейдалының ұлы Төлеген 1937 жылдың құрбаны болыпты. Сейдалының тағы бір ұлы Ғанидың әйелі – сахна саңлағы, әйгілі актриса Сәбира Майқанова.
Мұңайтпас балаларының ішінде шоқтығы биік, қайраткерлік дәрежеге жеткен – Сералы Лапин. Атақты шығыстанушы Серәлі Лапинның есімі 1890 жылдардан бастап Орта Азия халықтарына ғана емес, бүкіл Ресейдің зиялы қауымына да танымал болған. Ол – Мұңайтпастың бел баласы.
Сералы 1893 жылдың ақпан айында Самарқандта үйленеді. Лапының әйелі – түрік қызы болса, оның немересі Сералының әйелі – Зура немесе Зухра татар қызы болған.
Сералы Лапин 1868 жылы бұрынғы Перовск уезіндегі (қазіргі Қызылорда облысы) Кеңтүп болысының Қоғалы ауылында дүниеге келіп, 1919 жылы Самарқандта қайтыс болған.
Мұңайтпас қарияның немересі, республи¬каға танымал дәрігер Жағыпарқызы Әлима өз естеліктерінде атасының үш әйелі болғанын, олардан тараған ұрпақтардың аты-жөнін, тұратын жерлерін өз білгенінше айтып берді.
Өзі әкесі Жағыпардан жас қалып, Кеңес кезеңінің қатал саясатының нәтижесінде ата-анасының, тегінің тарихын жете білмей қалғанын, анасы Қадишаның өз заманының сұсынан сескеніп балалары жөнінде көп нәрсені ашық айтпағанын жеткізді. Әлима апамыз Лапиндер туралы деректерді жиыстырып жүр.
Сералы алғашында туған ауылында молда алдын көріп, мұсылманша хат таниды, сонан соң Перовскіде орысша мектепте оқиды.
Ол 1889 жылы Ташкент мұғалімдер семинариясын бітірген. Кітаптарда жазылған құжаттарда Сералының Санкт-Петербургте академик Бортольдпен қатар оқығаны, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін 1891 жылы бітіргені айтылады. Өзінің еңбек жолын Самарқанд әскери губернаторы жанында тілмаштықтан бастаған ол алғашқы кезде аудармашылық, адвокаттық қызметтерді атқарады. Осынау сан-салалы мемлекеттік қызметтерімен қатар ол жастайынан өнерге де құмар болған.
С.Лапин Орта Азиядағы, әсіресе Самарқанд қаласындағы архитектуралық, тарихи ескерткіштердің салыну тарихымен, ондағы жазулардың аудармасымен (парсы, араб тілдерінде жазылған) айналысады.
1895 жылы Сералы Мұңайтпасұлының екі кітабы «Самарқан қаласының тарихи ескерткішіндегі жазулардың аудармасы», «Орыс-өзбек қалта сөздігі» Самарқандта жарық көреді. Кезінде бұл екі еңбекті Ресей шығыстанушыларды жоғары бағалаған. Сералы Лапиннің бұл еңбектері туралы «Туркестанские ведомости» газетінің 1895 жылғы №76, осы газеттің 1986 жылғы №13 сандарында жан-жақты пікірлер жарияланған.
С.Лапин кітаптардың жазылуына тоқтала келіп: «Бұл жазулардың дені бүгінде оқылуға қиынға түсетін көне емлелер мен араб тілінде жазылған, оны өз бетімше тәржімалаған кезде мен мүмкіндігінше тұпнұсқадан ауытқымауға тырыстым. Тек орыс тілінде логикалық және стилистикалық қисынсыздықтарға ұрындырған жағдайларда ғана еркін кетіп отырдым» деп түсінік берген. Ал қалта сөздігінде Түркістан өлкесіндегі отырықшы түземдіктермен күн¬делікті тұрмыстық әңгімеге арналған 4000 сөз және өзбек тілінің қысқаша грамматикасы қамтылыпты.
Орыстың ірі ғалымдары мойындаған Сералы Лапин көрнекті шығыс-танушылар, академик Бортольд Вяткин, Веселовскийлермен қатар болғанын аңғару қиын емес. Онымен замандас, қызметтес болған ғалымдардың жазбаларынан Сералының бір¬неше тілді меңгергенін (парсы, араб, өзбек, орыс) көреміз.
Сонымен қатар, С.Лапин 1900 жылы «Орыс-түзем» (қазақ) сөздігін шығарған. Бортольд өзінің шығармаларында С.Лапин еңбектеріне үнемі сілтеме жасап отырған. Ол 1900-1904 жылдары «Туркестанские ведомости», «Оренбургский листок» газеттеріне қазақ, өзбек, қырғыз атауларын дұрыс қолданудың қажеттігін дәлелдейтін мақала жазған.
Бұл мақалалармен қатар «Справочная книжка Самаркандской области» атты кітапқа С.Лапиннің біраз еңбектері енген. Оның еңбектері, ізденістері жайлы А.Кононев «Библиографический словарь отечественной тюркологии» атты еңбегінде атап жазады. Ал Е.Федеровтың «Очерки и национально-освободительное движение в Средней Азии» атты кітапта (Ташкент, 1925 жыл) шығыстанушы жерлесіміз туралы сөз қозғалады.
Сералы Мұңайтпасұлы «Қазақ», «Айқап» басылымдарында жер, дін туралы мақалалар жазып, заң жобасын жасауға да қатысады. Бұл заңда «Әуелі қазақтарда мал және егін шаруашылығына қолайлы жерге орналастырып барып, артық қалатын жер болса, переселендерді орналастыру керек», - деп жазған «Айқап» журналындағы мақалада С.Лапин Б.Қаратаев, Е.Оразовпен бірге.
Мұстафа Шоқай «Түркістанның қилы тағдыры» кітабында С.Лапиннің ірі сауда істеріне араласып, төңкеріс алдында Ақмешітте «халық өкілдері кеңесі» ұйымын құрып, басқарғанын көріпті.
1917 жылғы көкек айында Ташкентте Түркістан өлкелік жұмысшы-солдат депутатарының құрылтайына қатысқан С.Лапин және ол басқарған «Ғұлама қоғамы» Ресей федерациясынан автономия беруді талап етеді.
Мұстафа Шоқай өзінің «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты еңбегінде: Сералы Лапинмен өзімнің жеке қарым-қатысыма келгенде, ол кісі мені туған інісіндей жақсы көретін еді деуіме болады. Тек саяси мәселеде бір-бірімізге жолай алмадық» деп жазыпты.
Әрине, әр адамның саяси мәселелерге әртүрлі көзқараста болатыны белгілі. Сондықтан да екі ірі қайраткердің сол кезеңдегі елді басқару ісінде екі түрлі керегар пікірде болуы заңдылық тәрізді.
1913 жылы Түркістан өлкесіндегі мұсылмандардан жиналған қаржыға Петербургте, Ақмешітте мешіт және сауда дүкендерін салдырады. 1900-1904 жылдары Түркістан өлкесінде қазақ балалары үшін өз қаржысына мектеп ашып, өзі ұстаздық етіпті.
Жалпы алғанда, Лапиндердің кейінгі ұрпақтары жалғастығын Еуропа, Таяу Шығыс, Қазақстан, Орта Азия елдерінен іздеуге болады. Осы тұста, олардың өмірдеректеріне қысқаша тоқталып өтсек.
Күләндам Мұңайтпасқызы Лапина-Қожанова (1905-1989 жж.) Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарайтын 6-шы ауылда туған. Күләндам білімді болған. Қазақтың ардақты ардагер азаматы Сұлтанбек Қожановпен тұрмыс құрған. К.Қожанова тағдырдың салған тауқыметін ұзақ көрді. Ол 11 қараша 1989 жылғы жоғары орындарға ашық хат жазып, өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартуды сұрапты. Күландам Ташкентте тұрғанда 1921 жылы ашылған «Колизей» театрында өткізіп тұрған «Шығыс кештеріне» қатысып, өнер көрсеткен.
Халық жауының әйелі ретінде АЛЖИР-де 8 жыл түрменің азапты күндерін басынан өткізіп келіп, 1989 жылы қайтыс болған.
Ләтипа Мұңайтпасқызы Қожықова. Л.Қожықованың өнердегі жолы республика театрымен тығыз байланыста болды. Ол сахна жасаулаушы және ұлттық киім кешек үлгілерін жасап тігуші ретінде өзі іргесін қаласқан М.Әуезов театрында 1925 жылдан бастап үзбей 11 жыл жұмыс істеген.
Осы мәртебесімен 1936-1958 жылдары 22 жыл бойы опера және балет театрында еңбек етіпті.
Сол кезде қойылған спектакльдердегі сахнаны безендірген қазақы дүние жиһаз бен әртістер киген ұлттық костюмдердің таңдаулылары Ләтипаның қолынан шыққан.
1936 жылғы әйгілі онкүндікте қазақ сахна шеберлері мәскеулік талғампаз көрермендерге көрінді. Осы онкүндікте Қыз Жібектің бейнесін сомдаған Күләштің ұлттық салт-дәстүрге сай киінуіне ісмер Ләтипа Мұңайтпасқызы атсалысты.
Майталман халық шеберіне мемлекеттік тапсырыстар да беріліп тұрған. Оның қолымен соғыс жылдары АҚШ президенті Ф.Рузвельтке сый ретінде арнап тігілген ұлттық киімдер, киіз үй жасаулары бүгінде АҚШ-та, Рузвельт музейінде сақтаулы тұр.
Ләтипа Қожықованың қолданбалы өнерді дамытудағы өзіндік қолтанбасы КСРО көлемінде мойындалған. Ол 1957 жылы Суретшілер Одағының мүшелігіне қабылданады. Оның қолынан шыққан өнер туындылары, тоқыған жиһаздық заттары мен тіккен ұлттық киімдері қазақтың ежелден келе жатқан қолөнері дәстүрлерінің үздік нұсқаларын мол шығармашылықпен пайдалануымен ерекшеленеді.
Жұмыстарының бірқатары Алматыдағы өнер және Орталық мұражай қорларында сақтаулы.
Сералықызы Рабиға 1897 жылы туған. Смольныйдағы бекзада қыздар институтында оқыған. 1913 жылы белгілі қоғам қайраткері Санжар Аспандияровпен тұрмыс құрады. Ол өзін Рабия деп атағанды ұнатыпты.
Рабиға да зобалаң жылдары АЛЖИР лагерінде 8 жыл түрмеде отырады.Кейін Ташкентте қызы Әлияның қолында қайтыс болған.
Рахилия Сералықызы Лапина Смольныйда оқығаннан кейін Ташкентте оқуын жалғастырады. Шамамен, 1899-1900 жылдары дүниеге келген болуы керек. Москвада КСРО мен Қазақстан Республикасының рәміздерін тігумен айналысқан.
Мірәлішер Сералыұлы Лапин. Г.Дулатованың жазуынша, 1894-1895 жылдары туған. Ағылшын мектебінде оқып, кейін Францияда білім алған, әйелі француз қызы – Тереза. Алматыда қайтыс болған.
Жағыпар Мұңайтпасыұлы Лапин 1899-1927 жылдары өмір сүрген. Кеңтүп болыстығында туып, осында қайтыс болған. Сералының тәрбиесі мен қамқорлығын көріп өскен. Серке Қожамқұловтың естелігінде: «Жағыпар Лапинмен Қызылордаға келген соң таныстым, оқыған зиялылар арасында араласып жүретін. Мен көргенде «Ақмоншақ» деген арғымаққа мініп жүретін.
1923 жылы Қызылордада алғашқы қазақ драма театры ашылғанда бізге үлкен көмек көрсеткен кісі еді» – дейді.
Жағыпар шығыс аудармасымен де айналысқан көрінеді. Міржақып Дулатовқа «Алакөз» атты құлынды сыйға тартады. 1926 жылы Жағыпар қатты науқастанып, С.Қожановтың көмегімен Ленинградта, Ташкентте емделеді. 1927 жылы ауруы асқынып, қайтыс болады.
Қызылордада өз бабаларының зиратына жерленген. 1932 жылы ашаршылықта қабірі ашылып, алтын тісі жоғалыпты. Қызы Әлиманың естелігінде шешесі Қадиша «Әкең өліп жатса да, тірілерді өлімнен құтқарады» дегенді айтады екен.
Әбдірахман Мұңайтпасұлы 1901-1963 жылдары өмір сүрген. Ауыл мектебінде дәріс алып, кейіннен Ташкентте оқыған. 1921 жылы Орта Азияның бір топ жастарымен Алманияға оқуға жіберілген. 1924 жылы оқуын бітіріп Москваға оралады. Москвада, Нижный Новгород, Орел, Лейпцигте өткен жәрмеңкелерге қатысқан.
Лапин баласы Мұңайтпасқа Қоғалыкөл ауылының оңтүстік-шығыс жағында шамамен 6-7 шақырым жерде құлпытас, яғни белгі қойылған. Мұны 1966 жылы келіні Хадиша түрменің азапты күдерінен құтылғаннан кейін арнайы әкеліп қойдырған.
Құлпытастың жоғары жағы төте жазумен, төменгі тұсы кириллицамен жазылған. Онда: «Руы Қалқамен Сумұрын. Мұңайтпас Лапы баласы. Қасында інісі Сейітқан да бар және балалары Әлиакбар, Жағыпар бар. Әйелі де осы жайда. 1966 жыл. Балаларынан және келіні Хадишадан ескерткіш» - делінген.
Міне, бір әулеттің тарихы осылай өрілген. Біздіңше, Лапиндер әулетін, олардың қазақ халқының дамуына, оның ішінде халық өнерінің өркендеуіне қосқан үлестерін жұртшылық білуі тиіс.
Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылынан шыққан осындай тарихи тұлғалар тамырлас елдерде жүріп, қазақ халқын танытты, елі үшін тер төкті.
Бұл лапиндер әулетінің сан салада жүріп жасаған жұмыстарының бір парасы ғана. Оны жан-жақты зерттей түскенде әлі талай тың деректер табылатыны сөзсіз.
Үлпат ҚОЖАНАЗАРОВА,
Ердос БЕРКІНБАЕВ,
Сырдария ауданы