ҚОЛӨНЕРДІҢ ҚЫР-СЫРЫН ЖЕТІК МЕҢГЕРГЕН
Қазақ халқы қолөнердің қыр-сырына ежелден қанық болып, бойына сіңірген. Киіз үйдің бір өзін-ақ көркіне көз тартатын жауһар дерсің. Ондағы белдік, кереге таңғыш, басқұр, бәрі-бәрі өз алдына бір шежіре.
Киіз үйлерді Наурыз мерекесінде ғана көретін қазіргі күні жастардың көбі қолөнердің осы бір түрін біле бермейді. Осы орайда, назардан тыс қалып жатқан құндылықтарды қайта оралту мақсатында Арал ауданы, Шөмішкөл ауылының тұрғыны Гүлнар Әнәпияева жан-жақты ізденіп, жұмыс жасап келеді. Білім саласында 40 жылға тарта ұстаз болып қызмет жасаған Гүлнар Жүсіпқызы зейнет демалысына шыққан соң анасы мен әжесінен үйренген алаша тоқу өнеріне шындап кірісті.
– Мен осы өнерге ден қойғанда, ауылдағы үлкен апалар қатты қуанды. Өздерінің бар білгендерін айтып, өрмек ағаштарын беріп, қолдау танытты. Жас қыз-келіншектер де қызығушылық танытып, жіп иіріп, жүн түтіп, бояу жұмыстарында қол көмектерін көрсетті, – деген Гүлнар апа ауылдастарының да еңбегін де ерекше атап өтті.
Шебердің айтуынша, алаша тоқудың шым теру, ара теру, қорасан теру, теріс бұтақ сынды бірнеше түрлері бар екен. Асқан ыждағаттылықты талап ететін тоқу өнерінде қарапайым кереге таңғышты тоқу үшін кем дегенде 2- 3 күн уақыт жұмсаса, басқұрды тоқуға 1-1,5 ай кететін көрінеді.
Гүлнар Жүсіпқызы алаша тоқу ісіне кіріскен шақтан бастап, шеберлігін одан әрі шындап келеді. Ол облыс, аудан көлемінде өткен шеберлік сабақтарына қатысып, өз өнерімен танылып жүр. Аз уақыттың ішінде көптің ықыласына бөленген шебер өз жетістіктерін қуана әңгімеледі.
– Бүгінгі таңда облыс бойынша тоқыма өнерімен айналысатын екі-ақ адам бар. Оның бірі – Қармақшы ауданында тұрса, екіншісі – мен. Өткен жылы ЭКСПО көрмесі аясында өткен «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты фестивальге бұйымдарымды апардым. Түрлі өрнектермен тоқылған алашаларым келушілердің ерекше назарын аудартты. Тіпті, Шымкент, Ақтөбе, Алматы облысынан келген қонақтар мұражайларға қоюға арнайы тапсырыс берді. Жан-жақтан келген қолөнер шеберлерінің басын құраған бұл фестиваль менің біліктілігімді арттыруыма септігін тигізді. Онан соң, Алматы қаласында өткен «Шебер–2017» көрмесіне қатысып, қауымдастық төрайымы Айжан Бекқұлованың ықыласына бөлендім.
Жақында ғана «Қауышу» күніне орай, Қызылорда қаласында «Қобыз үні» деген атпен көрмеге қатысып, жүлделі ІІ орынды еншіледім. Ал «26 наурыз – Арал теңізі күніне» байланысты ұйымдастырылған көрмеде арнайы Алғыс хат иелендім,– деп, Гүлнар апа жетістіктерімен бөлісті.
Қазіргі күні алаша тоқудан басқа, киізден түрлі кәдесый дайындап жүрген тоқымашының өнеріне қызығушылық танытатындар көбейген. Әсіресе, ауылдағы жас келіншектер мен оқушы қыздар шеберлік сабағын алып жүр. Алдағы уақытта шеберхана ашуды ойға алған ісмер апа шикізат көзі мол болғанымен, қаржы жағы қолбайлау болып отырғандығын айтты.
Біздің өңірдегі мал терісінен алынған жүн өнімдері қатты болып келеді. Осынысымен де ол бұйым жасауға икемді. Ал, жүннен жасалған бұйымдар ыстық, суық өткізбейтін қасиетімен ерекшеленсе, денсаулық үшін де пайдасы көп. Гүлнар Жүсіпқызы алдағы уақытта да қолөнердің қыр-сырын жетік меңгеріп, жетістіктерін еселеп, бұйымдарын молайтуды мақсат етіп отыр.
Н.БАҚЫРАДИН